Садақ атудан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Дәстүрлі садақ ату бойынша республика құрамасының мүшесі, Қарағанды қа­ла­сын­дағы «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің жаттықтырушысы Кая Мазнева – садақшы қыздарымыздың көшін бастаушылардың бірі.
Қазақтың садақшы қызы – Кая
7,063
оқылды

Астанада 2024 жылы дүбірлі сайыс – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте­тіні спортшыларды ғана емес, бұқара ха­лықты да қуантып, құлшындырып отыр. Енді ше? Ұлттық спорт – тари­хы­мыз­ды танып, салт-дәстүрімізді білуге, ұл-қыздарымыздың бойына қайсарлық пен табандылық қасиеттерін сіңіріп, жауын­герлік рухымызды сақтауға жете­лей­тін бастаулардың бірі. Спорттың ұлт­тық бағыттарын дамыту қолға алынғалы бе­рі кеңестік кезеңде бәсеңсіп қалған рух­тың жанданып, өрши түскені де түрлі ауди­торияларда айтылып жүр. Сондықтан жылқы тұяғының дүбірі, көкпаршылардың қиқуы естілсе, делебесі қозатын қазақ ба­­­ласының бұл жаңалыққа қуануы, ұлт­тық спортқа қызығушылық танытуы, осы тақырыпқа зейін қоюы да заңды. 

Мені Кая Мазневамен таныс­тыр­ған да осы қызығушылық. Оның ел ішінде де, басқа мемлекеттерде де садақ атудың классикалық түрлерінен емес, қа­заққа тән түрлері – дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан жеңімпаз атанып жүруі назарымды аударды. Сүйсінтті.

Ежелгі замандарда ел іргесінің бе­кем­дігі үшін аттан түспеген қазақтың қо­лын­да­ғы бес қарудың бірі – садақ. Қандай жорықта, шайқаста, кейіннен аң аулау мен саятшылықта сайыпқыран садақ­шы­ның бәсі биік болған. Дәуір ауысып, мер­гендікті танытатын атыс қарулары да ө­з­гер­генде, қазақ үшін баға жетпес құн­ды­лық саналған садақ ату өнерінің де бағзы танымалдығы азая түскен. Міне, енді Кая сияқты чемпиондардың өнегесімен, ғасырлар қойнауында қалып кетті-ау деп жүрген садақ атуға ұл-қыздарымыз бет бұ­рып жатыр. Солардың біреуі менің чем­пион садақшымен танысуыма себепші болды. Оның аты-жөні – Жақсылық Аяулым, қарағандылық нәп-нәзік жасөс­пі­рім. Ниетің жақсы болса, ойың оңға ба­сады деген осы шығар, бір іс-шарада кез­дейсоқ көрдім. Садақ атып үйреніп жүр екен. Және кімнен дейсіз ғой – тап мен сырттай сүйсініп жүрген Кая Маз­нева­дан! Осылай жолға шықтым.

ЕЖЕЛГІ ӨНЕРІМІЗДІҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Университетте ежелгі әдебиеттен дә­ріс оқыған ұстазымыз әңгімені әріден бас­­­­тайтын. Оқу бағдарламасындағы Ор­хон-Енисей жазбаларының сыртында жар­тастарға түскен суреттерге кеңінен тоқ­тала келіп, бізге «Құпияларыңды еш­кім білмеуі үшін күнделіктеріңді сол жазу­мен жазыңдар» деп әзілдеген. Содан кейін іші­мізде ол жазуды игеріп, өзара хат жа­зы­сып жүргендер де болған. 

Көне жазуға ойын сияқты қараған біз­ге ұстазымыз тастағы жазулар сол дәуір­дің тыныс-тіршілігінен хабар бере­ті­ні, тіпті қазіргі заман адамына жолданған бел­гілі бір ақпарат деп қарау керектігін де ес­керткен. Ол көрсеткен суреттерінен Же­тісу өңіріндегі «Тамғалы тас», Түркі­стан облысындағы қола дәуірінен бері сақ­талып келіп жатқан таңбалы тастар, Бет­пақдаладағы, Маңғыстау ойпаты мен Үс­тірттегі, Баянжүрек, Келіншектау, тағы бас­қа өңірлердегі петроглифтердегі зоо­морф­тық бейнелердің ішінен біздің ха­лыққа тән нәрселерді табуға болатынына таңғалдық. 

Солардың бірі – садақ кезенген адам бейнесі. Осыдан 3-4 жыл бұ­рын Бетпақдаланы шарлап қайтқан сая­хатшылар Мойынты маңында кез­де­се­тін петроглифтерде киіктерге садақ ке­зеген адам бейнеленгенін айтып келді. Яғ­ни, бұл қаруды ата-бабаларымыз ерте кез­де аң аулауда, кейінірек соғыс ісінде қару ретінде қолданған. Батырлар жыр­ла­рында тұлпар мінген жаужүрек батыр­лар­дың, сұлу қыздардың қорамсаққа қол са­лып, жебе кезеген суреттері салынған. Бұ­лар ең көне жауынгерлік қарудың бір түрі саналатын садақтың пайда болып, қол­даныла бастауына қазақтың да қатысы бар екендігіне дәлел болса керек. 

Тағы бір мысал ретінде оқытушымыз тас­тарға қашалып түскен ру таңбалары сол ата балаларына сипаттама береді дей ке­ліп, адай руының таңбасын көрсеткен. Он­да ат үстінде садақ ұстап отырған адам бейнеленген екен. Адайларды өр, намыс­шыл, батыл, жаужүрек етіп көрсететін әде­би туындылар да жеткілікті. Міне, со­нау студент кезде естіген ақпарат осы ма­қаланы жазу кезінде еске түсті. Шын­ды­ғында, ол рудың таңбасында садақтың бей­неленуі де бұл қарудың ежелден қазақ­қа серік болғанын білдіреді емес пе?

Сондықтан садақ ату өнерінің ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде дамуы – ежел­гі тарихымыздың бейбіт күндегі жаң­ғыруы, бұл – бір. 

Екіншіден, садақ ату – қазақ халқы­ның ұл мен қызға бірдей қараған салтын көр­сететін өнер. Жаугершілік заманда әр қа­зақтың аты белдеуде, бес қаруы кере­ге­нің басына ілулі болған. Осы бес қарудың бірі – садақты ерлер ғана емес, әйелдер де тарта білген. Бұған да мысалдарды та­ри­­хи жазбалардан, батырлар жырла­ры­нан көптеп келтіруге болады.

Үшіншіден, уақыт өте мергендер қаруы заман талабына сай жетілдірілген кез­де де қыздар оны ерлермен қатарласа қол­данған. Ежелде дұшпаннан қорғану мен аң аулаудың басты құралы садақ бол­са, Екінші дүниежүзілік соғыста мерген қыз­дар қолға винтовка алып, талай жауды жайратты. Тіпті, Мәскеу түбіндегі По­до­льск қаласындағы Орталық мерген қыз­дар мектебінен шыққан атқыштар қа­­­та­рында Кеңес Одағының Батыры Ә.Мол-дағұлова мен көпшілікке аттары Әлиядай та­­нымал болмаса да, Мәлика Тоқ­та­мы­шева, Әлима Ғабдушева және Мүслима Қо­жахметова есімді апаларымыз асқан ер­лікпен күрескен. 

Соғыстан кейін өткен түрлі деңгейдегі спорт­тық сайыстарда мергендік өнер пнев­матикалық қарумен және садақ ату­мен сынала бастады. Бірақ ол кезде Қа­зақ­стан тәуелсіз мемлекет болмаған­дық­тан, қазақ спортшыларының жеңіс тұғы­ры­на шығуы түрлі кедергілерге тап бол­ғаны туралы естеліктер баршылық. Со­лар­дың біреуі туралы қазақ тіліндегі тұң­ғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы былай деп жазыпты: «Гүлшат Майлыбаеваның аты 60-шы жылдардың ба­сында шыққан еді. Ол өз кезінде вин­товкадан ату бойынша 600 мүмкіндіктен 600 ұпай жинаған. Алайда КСРО кезінде бұл спортшыны талай рет аяғынан шалған еді. Сөз жоқ, Гүлшат КСРО-дағы 50 мил­лион мұсылман халқының ішінде ең ал­ғаш­қы мерген қыз болған-ды». 

Бүгінде тәуелсіз Қазақстан атынан сайыс­қа түсіп, көк туымызды желбіретіп жүр­ген Кая Мазнева – Гүлшат Майлы­баеваның лайықты ізбасары. Және оның жетістіктерін садақ атудың ұлттық спорт­тың бір түріне айналуына қосылған лайық­ты үлес деп бағалауға болады. Осы­лайша, қару ретіндегі қызметін тарих қой­науында қалдырған садақтың екінші ты­нысы ашылып, ұлттық спорттың мер­ген­дікті сынайтын түрі болып жаңғырды.

САДАҚШЫ ҚЫЗҒА ТАҒЗЫМ

Осыдан біраз жыл бұрын геогра­фия­лық-археологиялық тақырыпқа арналған жиында ілеспе аударма жасап отырып, қы­зық ақпарат естідім. Баяндамашы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы тау шатқалын «Жәнделі қыз сайы» деп атады және оның тарихта болған батыр, садақшы қыз екен­дігі туралы ақпарат бере кетті. Қызығып, із­дес­тіргеніммен, көп ақпарат таба алма­дым. 

Тек Qazaqstan tarihy порталында Жән­делінің 1867 жылдары елге баса-көктеп кі­ріп, осы сай арқылы Зайсан көліне өт­пек­ші болған манчжурларға қарсы күресте қаза тапқаны туралы мәлімет бар екен. Ақпаратқа қоса берілген суретте садағын ке­ре тартып тұрған әдемі қыз бейнеленген. Кейіннен сайға баратын жолда да садағын қолға ұстаған қызға шағын ескерткіш қойылыпты. Тарихқа тағзым сияқты...

Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық спорт клубының садақшылар секция­сын­да­ғы талдырмаш қыздарға қарап отырып, олардың садақты бейбіт мақсатта пайда­ла­натыны қандай жақсы деген ой келген. 

ЖАЛЫҚПАҒАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БОЛАДЫ...

Біз онда барғанда Кая Георгиевна Мазнева тәрбиеленушілердің де­несін қыздыруға арналған түрлі жат­тығу­лар жасатып жатыр екен. Сырттай қара­ған, бұл спорттан бейхабар адамға кейбір жат­тығу соншалықты маңызды емес бо­лып көрінуі мүмкін. Мысалы, садақшылар со­зылуы қиын резеңкелерді құлаштарын ке­ре тартуы керек екен. Қызық үшін біз де талпынып көрдік. Жасөспірімдер сер­піл­те тартып жатқан резеңкеге күшіміз жет­педі. 

«Ал енді мынаны тартып көріңізші», – деді Кая садағын ұсынып. Садақтың иіл­ген екі ұшына бекітілген адырнаны кере тарту анау-мынау адамның қолынан келе бермейтініне де көзіміз жетті. Ал жаңағы ре­зеңкені созып жатқан балалардың тарт­қан жебелері зу-зу етіп, анадайдағы ны­са­наға қадалып жатты. 

Оқушы балалар жаттығу садақтарымен дайындалатын көрінеді. Олардың тартылу күші 15-20 келі, ал ересектерге арналған са­дақтардікі 25-28 келі, болатынын да осы жерде білдік. Үлкен жарыстар алдында әр қа­тысушының садағы арнайы тексеруден өт­кізіліп, тиісті белгі жапсырылады екен. Кая Мазневаның садағындағы дөңгелек мөр сияқты таңбалардың сыры енді түсі­нік­ті болды. 

Балалардың бұл спортқа деген ынта­сын арттыру мақсатында клуб басшылары мен жаттықтырушылар жас мергендерді түр­лі іс-шараларға қатыстырып, көтер­ме­леп отырады. Жаңадан келген баланың ме­­­селі қайтып қалмауы үшін әуелі 10 метрден атқызады. Әрі қарай нысана мен са­дақ атушының ара қашықтығы 15, 20, 30 метр болып ұзара береді. 

Клубқа келіп, садақ атуды үйрене­мін деген балалардың жасына, са­нына шек қойылмайды, ең бастысы ын­тасы болуы керек. Сондай-ақ еш­қай­сы­сын ерекшелеп, «қолайлы» жағдай жа­­­­салмайды: қораны тазалау да, жүйрі­гі­нің жем-суын беру де ат иесінің мойнында. Жә­не балалардың өздері де бұл жұмыстан қашпай, ықыласпен атқаратынын айтты біз­ге. «Бала мейірімді болып өссін десең, оны күшік пен мысыққа, басқа да жан-жа­нуарға үйір етіп өсір» дегенді оқығаным ес­ке түсті. 

«Садақ ату жебенің ұшуын дәл есеп­теуді, көздеу әдістерін меңгеруді, ой және де­не дайындығын талап етеді, – деді Кая біз­бен әңгімесінде. – Яғни, мерген болу үшін математикадан жүйрік, қолың қару­лы, денсаулығың, соның ішінде көру қа­бі­летің жақсы, өзіңді игеруің мықты болуы керек». 

«Жалпы, садақ атудың бұғанасы беки бас­таған балалардың денсаулығына пай­дасы өте зор. Жауырынын, иығын, арқа­сын тік ұстау керектігі баланың мүсіні әде­мі болуына тікелей әсер етеді. Садақты кө­теріп, нысананы көздегенде қолың, кө­зіңмен қоса, ағзадағы барлық бұлшық ет­тер жиырылып, жұмылып, жұмыс іс­теуге кіріседі, – деп жалғастырды ол. – Сон­дай-ақ нысана көздеу интуициялық дең­гейде баланы, жастарды көздеген мақ­сатына жетуге талпындырып, бойында та­бандылық, жігерлілік қасиеттерін қа­лып­тастырады деп ойлаймын». 

Каяның сөздерін бұл саланы бес саусақтай білетін маман, садақ пен жебе жайында, құралайды көзге атқан садақшы мер­гендер туралы Түркі елінің садақшы, эт­ног­рафы Ирфан Гүрдәл былай дамы­тып­ты: «Балуан, алып күштің иесі болу аса қиын емес, оны жаттыққан, ден­сау­лы­ғы мықты кез келген адам меңгере ала­ды. Бірақ сол балуан, сол батыр эмо­циясын ұстай алмайтын ашушаң адам бо­лып шығуы мүмкін. Тек мерген ғана са­бырсыз, төзімсіз болмайды. Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені аттың үстінде шауып келе жатып, жауға жайдың оғын дөп тигізу миының бүкіл бөлігі жұмыс іс­­­тейтін, эмоциясын уысында ұстай ала­тын мыңнан бір кісінің, рухы мықты са­дақшы мергендердің ғана қолынан ке­леді». 

«ТАРТПАЙ ҚОЙМАС НЕГІЗГЕ...»

Садақ ату, жамбы ату жарыстары ту­ра­лы әңгімелегенде Каяның көзі жайнап, жүзі алаулап, ерекше күйге енеді екен. Қа­­зақтың ежелгі өнерін де, жаттық­тыру­шылық қызметін де жақсы көретіні бірден байқалады. Үстінен ұлттық киімді таста­май­тыны, ауызекі әңгімеде «біздің қазақ­тар», «қазақ командасы» деп сөйлейтіні де ұнағанын жасырмаймын. 

Былай қарағанда көзі көк, түрі бөлек Кая­ның қазақтың ұлттық спортына – қыз қууға, садақ атуға, жамбы атуға неге құмар бо­л­ғанын білгіміз келгені рас. Сөйтсек, се­­­бептің түптамыры үлкен әжесінде жа­тыр екен. Ол – саяси қуғын-сүргіннің көп құрбанының бірі, нәубет жылдары Еділ бойынан ауып кеп, қазақ жерінен пана тауыпты. Ал оның қызы, қазір Каяның қо­­­лында тұратын әжесі, жасы 80-нен ас­қан Любовь Анатольевна Қарағанды тү­біндегі қазақ ауылында дүниеге келген. «Өзі­міз де қазақ болып кеткенбіз. Мені тіп­ті әке-шешем қазақтың салтымен әже­ме берген. Ата-анамның тұңғышымын ғой, – дейді күліп. – Ауылда өскен соң мал­ға үйірсек болдық, ал жылқы деген ға­жап жануар ғой. Кейде мен оларды адам­нан да ақылды ма деп қалам». 

Жасы онға толған кезде әке-шешесі Кая­ны қыдыртып, қала сыртындағы ескі әуежай алаңына алып барады. Онда әл­дебір жарыс па, жаттығулар ма өтіп жатыр екен. Ойнақшыған аттарға көзі түскен қыз қатты қызығып, мінгісі келеді. Бірақ құлап қалады деп қорыққан әке-шешесі рұқсат етпейді. Келесі күні Кая әжесі Лю­баны көндіріп, алаңға қайта барады. «Тағ­дыр деген сол шығар, сөйтсем, онда ұлт­тық ат спорты мектебінің шәкірттері жат­тығады екен, – деп еске алды Кая. – Сол жерде алғашқы жаттықтырушым Тө­леген Әбдікәрімұлымен таныстым».

Бұл мектепке келетіндер ат спортымен шұғылдану түгі жылт-жылт еткен атқа мініп, алаңға шығу емес, ол атты күту, үстін тазалау, жем-суын уа­қы­­тылы беру сияқты жұмыстардан баста­латынын жақсы біледі. Текті жануар өзіне кім­нің қалай қарайтынын сезетінін, жақ­тырмаған адамына жүген, ер-тоқым сал­дырмайтынын да алғаш Төлеген ағайынан естіген. Қазір өз тәрбиелену­ші­леріне де соны айтады. Негізінен, бұл жануармен түсініскендерге ерекше сезім атты тіз­гін­деп, ерге қонған адамның өзі де биіктей түсетінін сезіну бақыты бұйырған. 

Өсе келе, жаттықтырушы Саят Әбдіға­ли­дің тобына алынды. Каяның нағыз спорт­шылық өмірі, міне, осы кезден бас­талды деуге болады. Жаттықтырушы ал­дымен өзі қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы айтып, шәкірттеріне әрі қарай зерделеу туралы тапсырма берді. Кая кітап ақ­тарып, үлкен кісілерге сұрақ қоюға барып, ыстық бауырсақ жеп жүрген сол күн­дерді қуана әрі сағына еске алады. Нә­тижесінде, Наурыз мерекесіне арнал­ған ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыс­та «Қыз қууға» қатысты. Міне, содан кейін оның қазақ ұлттық спортындағы сара жолы басталды.

«НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕУ КЕРЕК!»

Қазір Кая Мазнева – аты қазақстан­дық­тарға ғана емес, сырт елдердегі жан­күйер­лерге де танымал садақшы. Оның же­тіс­тіктері туралы отандық және шетел­дік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатады. Мысалы, былтыр «Садақ ату­дан ашық республикалық турнирде Кая Мазнева садақ атуда үздік атанып, I орын­ға ие болды», – деп жазды. 

«Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына ар­налған садақ атудан Халықаралық тур­нир­де жебесі желмен жарысқан қара­ған­дылық Кая Мазнева үздік атанды», – деп сүйіншіледі тағы да. 

«Жамбы атуда Мая Казнева алдына жан салмады», – деді спорт комментаторы. Басқа елден келген садақшылар дәстүрлі аралас атыс, компаунд атыс, классикалық атыс түрлерінен жеңіске жетіп жатса, бізді Кая Мазневаның нағыз қазақша түрі – жамбы атудан бас жүлдені қанжығалағаны сүйсінтті.

Ол еңбек жолын да өзі үшін үлкен құн­­­дылықтардың түйіскен жерінен таң­дап­ты. Өмірінде мұғалім болған әжесі сияқ­ты балалармен жұмыс істеуге және өзін сол халықтың бөлшегі санайтын қа­зақ­тың ұлттық спортын дамытуға арнай­мын деп шешті. Қазір ол – беделі биік тур­нирлерде Қазақстан туын көтеріп жүр­ген спортшы ғана емес, осы спорт бо­ла­шағын ойлап, Қарағандыдағы «Қай­рат» ұлттық спорт мектебінде «Жамбы ату», «Дәстүрлі садақ атудан» шәкірттер дайындап жүрген тәлімгер. 

Кая – шәкірттерін өз өнегесімен тәр­биелейтін жаттықтырушы. Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды, құрама ко­ман­даға алынды. Жыл басында Малай­зия­да өткен іріктеу жарыстарына қатысып қайт­ты, онда да жеңістің ең биік тұғырына кө­терілді. Ендігі мақсаты тіпті биік – Көш­пенділер ойынында жеңіске жету. 

Тәлімгерінің осындай өнегесімен өсіп ке­ле жатқан шәкірттері де осал емес. Елі­міз­де жыл сайын ересектер, жастар, жа­с­өс­пірімдер арасында садақ атудан, жам­бы атудан өткізілетін облыстық, рес­пуб­ликалық біріншіліктерде бақ сынап, көңіл тоғайтатын нәтижелер көрсетуде. Кая, әсі­ресе спорт шеберлігіне кандидаттың нор­масын орындаған үш шәкіртін мақтан етіп, болашағына үміт артады. 

Черников Никита республикалық сайыстарда «Жамбы ату» және «Са­дақ атудан» бірнеше дүркін жүлдегер бол­ды, Монғолияда өткен әлем кубогінің қо­ла жүлдегері. Ни Юлия – «Садақ ату­дан» Қазақстан чемпионы, «Жамбы ату­дан» бірнеше дүркін жүлдегер. Асланова Әмина – республикалық жарыстарда «Садақ атудан» үш рет жүлдегер атанды.

Шәкірттерін биік тұғырдан көргенде ерек­ше толқиды, еңбегінің зая кетпегенін се­зініп, арқалана түседі. «Осындайда ұс­таз­­дарымды есіме алып, мені «ащы терім­ді» алып жаттықтырғаны, жеңістерге жі­гер­лендіргені үшін іштей мың алғыс ай­та­мын, – дейді Кая. – Олардың еңбегін осын­дай шәкірттер тәрбиелеу арқылы өтей­тін сияқтымын». 

Қоштасарда Көшпенділер ойынына дайындығы туралы сұрадым.

Кая бұл сұраққа іштей дайын сияқты, жауа­бы нық шықты: «Іріктеу ойындарын­да­ғы көрсеткішім өте жақсы. Енді алды­мыз­да бір-ақ жол – намысты қолдан бер­меу керек!»

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Астана–Қарағанды