Олжас Бектенов назар аударған маңызды мәселе – салынып жатқан құрылыстың сапасы.
Үкімет заңсыз құрылыс салатындар үшін жауапкершілікті қатаңдатпақ
1,719
оқылды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу және жылжымайтын мүлікке сұранысты ынталандыру үшін жалға берілетін тұрғын үй тетігін іске асыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына еліміз бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету міндетін қойды.

Президент алға қойған міндеттерді орындау аясында биылғы 1 наурыздан бастап Отбасы банкі «Отау» бағдарламасын іске қосты. Шарттарға сәйкес, қазақстандықтар Астана мен Алматы қалалары үшін 30 млн, басқа өңірлер үшін 18 млн жылдық 9%-бен және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 7%-бен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады.

18 сәуірдегі жағдай бойынша банк бағдарламаға қатысуға 18 729 өтінім қабылдады. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тежеу үшін құрылыс салушыларды Баспана Маркет платформасында орналастыру кепіл құны келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатын болады.

Жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу жылжымайтын мүлікке сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Өнеркәсіп және сауда министрліктеріне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бір ай мерзімде жылжымайтын мүлік және құрылыс материалдары нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Олжас Бектенов назар аударған маңызды мәселе – салынып жатқан құрылыстың сапасы. Жалға берілген тұрғын үйге қоныстанғаннан кейін кездесетін мәселелерді құрылыс салушылар шешуі керек.

«Тағы бір маңызды мәселе – құрылыстың сапасы мен оның заңнамаға сәйкес болуы. Құрылыс компаниялары өздеріне алған міндеттемені толық орындауға және құрылыстың сапасын қамтамасыз етуге міндетті. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды тез арада жойып отыруы керек. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға ықпал ету шараларын қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлесін. Оларды Құрылыс кодексінің жобасына енгізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.