СҚО-да су тасқынының басынан бері 3 419 үйді су басты.
Солтүстік Қазақстанда су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі
948
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында СҚО ТЖД Ақпараттық-талдау тобының бас маманы Жазира Қожахметова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

СҚО-дағы Сергеев су қоймасы 164 % толып, су бөгет шыңынан 3 метр 37 см-ге жеткен. Тәулік ішінде 19 см төмендеген.

– Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Антирекорд 2024 жылы – 4 метр 25 см, 2017 жылы – 3 метр 38 см болған еді. Есіл өзенінде Қызылжар ауданының Новоникольское селосындағы гидробекетте су деңгейі 6 см көтерілді. Алайда жаңа да үйлерді су басу деректері тіркелген жоқ. Петропавл қаласында тәулік ішінде су деңгейі 11 см көтерілді. Долматово селосында (РФ шекарасында) бұл көрсеткіш 2 см көтерілді, – деді Жазира Қожахметова.

Казгидромет мамандарының болжамына сәйкес, екінші толқын  бірінші толқындай көп су әкелмейді және де үйлерді су баспайды.

– СҚО-да су тасқынының басынан бері 3 419 үй су басты, оның 196 үйі  суға кетті. Қазіргі уақытта 3 223 үй және 1 116 үй маңындағы аула суда тұр. Жалпы облыс бойынша 14 388 адам эвакуацияланды, олардың 3 596 бала. Бүгінде 764 адам үйлеріне қайтты, олардың ішінде 200 бала бар. Эвакопункттерде 906 адам, оның 159 бала орналасты. Ал 12 718 адам (3 237 бала) туысқандарына қайтып барды. Сондай-ақ 5 323 бас мал қауіпсіз жерге көшірілсе, 447 иелеріне қайтарылды, – деді спикер.