Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалым, профессор Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты кітаптары көпшілікке таныстырылды.
Жаңа тарихи кітаптар таныстырылды
1,264
оқылды

Іс-шараға ғалымдар, қалам­герлер, зиялы қауым өкілдері және Парламент депутаттары қатысты.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан жарық көрген еңбектер ұлттық бірегейлікті сақтау жолында тарихи маңыз­ға ие екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған кі­таптар туған халқының кемел ке­ле­шегі үшін қызмет еткен көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасын дәріптеуге зор үлес қоса­тынына назар аударды. Нақты тарихи де­ректер мен архив материалдары қамтылған туындылар оқырман қауымға ұлт үшін ба­­сын бәйгеге тіккен саяси қай­раткерлердің өміріне қатысты тың мәліметтер ұсы­нады.

Сонымен қатар Палата Спикері елдің өткені, бүгіні және болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сон­дықтан ұлт шежіресін жүйелі зерттеп, зерделеудің маңызы зор. Мемлекет басшысының тарихи сананы жаңғырту және тарихты дәріптеу бағы­тындағы тапсырмасына сәйкес Сенат бұл салаға баса мән беріп келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің ака­демиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соған сәйкес, отандық ғалымдар мен тарихшылар ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық ау­қымды еңбек әзірлеп жатыр. Көптом­дық­тың басты мақсаты – Тәуелсіздік ше­жіре­сін терең түсініп, тарихымызды объективті түрде қабыл­дауды қалыптастыру. Мұның бәрі бүгін жарық көріп отырған «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте фило­софиясы» және «Ташқа жазыл­ған тарых» кітаптарының негізгі идеясымен үндес еке­нін атап өткен жөн. Ұлт тарихы мен ұлы тұлға­ларымыздың өмірі терең зер­де­ленген бұл ең­бектер алдағы уақытта мем­ле­кетті­лі­гімізді ны­ғайтуға және ұлттық коды­мызды сақтауға қызмет етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар және журналистер сөз сөйлеп, жаңа еңбектер­дің мәні мен маңызы ту­ралы ой өрбітті.