Қарағанды облысында спортқа деген қызығушылық күн­нен-күнге артуда. Соның бір айғағы, спортшылар әр деңгейдегі жарыстарда жоғары дәрежеге жетуде.
«Сарыарқа» – құрмет төрінде
859
оқылды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан чемпионатының қола жүл­дегері «Сарыарқа» командасын қабылдап, мұз айдынын­да тамаша өнер көрсетуімен құттықтады.

Биыл қарағандылық «Сары­арқа» хоккей командасы Қазақ­стан чемпионатының қола жүл­дегері атанды.

– Еңбектеріңіз үшін, осы ме­реке үшін, бізге берген жарқын ойындарыңыз үшін рақмет! Сіз­дер біздің еліміздегі ең жақсы коман­далардың бірі екендеріңізді тағы да дәлелдедіңіздер. Сіз­дердің жеңістеріңіздің арқасында хоккейді Қарағанды ғана емес, аудандардағы ұлдар да ойнайды. Бұл – біздің жігіттер үшін ла­йық­ты үлгі. Сондай-ақ жаттық­тырушылар штабының жұмы­сын, осындай тату, ұйымшыл және жауынгерлік қабілетті команда үшін басшылықты атап өт­кім келеді. Жаңа жеңістер ті­лей­мін, – деді облыс әкімі Ерма­ғанбет Бөлекпаев.

Былтыр команданың бас бап­кері болып Қарағанды облы­сы Абай қаласының тумасы Вла­димир Князев тағайындалды. Танымал қорғаушы, жергілікті хоккей мектебінің тәрбиелену­шісі, ол «Қазақмыс», «Барыс», «Ер­тіс», «Сарыарқа», «Арыстан» және «Астана» сапында өнер көрсеткен. Жаттықтырушы ре­тінде «Алматы» және «Құлагер» жаттықтырушылар штабтарында жұмыс істеген.

– Команда басынан бастап жиналды. Қиын болды, бірақ жақсы ұжым жинай алдық. Айта кету керек, команда құрылған кезде оған қалыптасу үшін үш жыл беріледі. Осы маусымда Қазақ­стан чемпионатына 11 ко­манда қатысты. Біздің міндетіміз плей-оффқа кіру және бірінші раундтан өту болды. Сәтін салып қола алдық. Үшінші орын үшін «Ақтөбе» командасымен ойна­дық. 5-2 есебімен жеңдік. Айт­пақшы, былтыр да «Сарыарқа» командасы ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанды. Әзірге кі­діріп, содан кейін жаңа мау­сымға дайындық басталады,  – дейді Владимир Князев. 

Қазір «Сарыарқа» ойыншы­ларының орташа жасы – 25-26 жас. Осы маусымда команда құ­рамына Қарағанды хоккей мек­тебінің 13 тәрбиеленушісі кірді. 

Бұл хоккей командасының жар­тысына жуығы. Соңғы 5 жыл­­да мұндай болған емес. Ви­та­­лий Божко мен Тимофей Си­монов ұлттық құрамаға кіреді. Шабуылшы Никита Баженов «Сарыарқа» командасының құ­рамында бірінші маусым өнер көрсетті. Ол – Новокузнецктің ту­масы. Ақтөбемен соңғы ойын­да 28 жастағы хоккейші дубль жа­сады.

– Жақсы маусым болды деп ойлаймын. «Ақтөбе» коман­да­сы­мен жақсы жекпе-жек сериясы қалыптасты, онда біз қола медаль жеңіп алдық. Мен ойында гол со­ғып үлгеруім тек се­ріктес­тер­дің арқасында. Бар­лық жігіт жақсы. Менің ойымша, біздің ара­мызда ерекше бай­ланыс пай­да болды, сондықтан жақсы ой­на­дық. «Сарыарқада» қалу тура­лы ұсыныс келіп түсті, мен шарт­тарды қарастырамын, – деп бө­лісті Никита Баженов.

Облыс әкімі спорттық ин­фра­­құрылымды жақсарту үшін не істеп жатқанын да айтты. Биыл «Қарағанды-Арена» мұз са­­райының ғимараты мен жаб­дық­тарын жөндеуге қосым­ша қаражат бөлінеді. Темір­таудағы мұз сарайын жөндеуге және қа­жетті жабдықтарды са­тып алуға да қаражат бөлу жос­парлануда.

 «Сарыарқа» хоккей клубы­ның тарихы 2006 жылдың 25 шілдесінде басталды. Бүгінде бұл еліміз бен ТМД-ның табысты және титулды клубтарының бірі. 

Қазақстан мен Ресей ЖХЛ рекордсмені, «Братина» және Петров кубоктарының иегері. Хоккейшілердің қоржынында көптеген жетістік пен рекорд бар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы