Батыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқынының екпіні қатты болды. Ресейден келген су бірнеше ауылдағы үй мен қала маңындағы саяжайды басты.
Саяжайдағы халық үйсіз қалмайды
644
оқылды

Облыстық маңызы бар бірнеше жолды су шайып кетті. Бүгінгі күнге бірнеше бағыт бойынша қатынас әлі қосылған жоқ. Билік өкілдері қатынассыз қалған елді мекендерге қажетті азық-түлікті тікұшақпен тасымалдап отыр. Дегенмен осы бір қиын күндерде жылт еткен жақсы жаңалық бар. Үйлері суға кеткен саяжайдағы ағайынға үй берілетін болды. Мұны естігін халық қуанып жатыр.  

Иә, саяжайдағы үйі суға кеткен аға­йынға Үкімет үй береді. Егер саяжай оның жалғыз тұрғылықты жері болса, онда ол отбасыға басқа жерден үй алып беру немесе салып беру мәселесі қарас­тырылады. Егер ол отбасының қалада немесе басқа жерлерде үйі болса оған үй берілмейді. Белгілі нәрсе біреу. Үйдің көлемі 80 кв метр болады, әрі құны 22 млн теңгеден аспайтын үй қарас­тырылады. 

– Үйлері суға кеткен халыққа үй алып береміз. Немесе салып беру жа­ғын қарастырып жатырмыз. Тек жалғыз ескеретін жайт бар. Біз суға кететін жерден енді үй салмаймыз. Бұл – әсіре­се саяжайларға қатысты. Саяжай­да үйлері суға кеткен халыққа үй бе­ріледі. Бірақ саяжайдан бермейміз. Себебі саяжай жылда суға кетеді. Ха­лық­ты қа­уіп­сіз жерге көшіреміз. Осылайша, сая­жай бау-бақша егетін маусымдық орынға айналады. Сая­жайдың негізгі міндеті сол ғой. Біз осы­ны қайтармыз, – де­ді облыс әкі­мінің орынбасары Ті­леп­берген Каюпов. 

Үйлері суға кеткен ағайынға үй бе­рерде Әділет департаментінің базалары арқылы тексеріледі. Суға кеткен адам­дар үй алу үшін оның атында ешқандай үй болмауы керек. Яғни, саяжайдағы баспанасы жалғыз бас паналайтын орны болып отырған ағайынға ғана үй беріледі. Ауылда немесе қалада үйі бар жандарға бұл мүмкіндік қарастырыл­маған. 

«Бұл – Үкіметтің халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мем­лекеттік бағдарламасы емес. Бұл төтен­ше жағдайдың салдарын жою үшін жа­салып жатқан дүние. Сон­дықтан түсіністікпен қараңыздар», – деді ай­мақ басшысының орынбасары өз сө­зінде. 

Су тасқынынан зардап шеккендер тағы бір жағдайды түсінуі керек: Мем­лекеттен берілетін үйдің көлемі бәріне бірдей болады. 

Мысалы, «менің саяжайдағы үйім 150-170 кв метр еді, маған сондай үй ке­рек», – деген талап ескерілмейді. Ха­лық­тың бәріне, ауылдағы үйлері суға кет­кен­дерге де, саяжайдағы ағайынға да 80 кв метр үй салынады. 

Бір қуантарлығы үйлердің құрлы­сымен жергілкті мердігер компаниялар айналысатын болыпты. 

Қазір басты мәселе Қаратөбе ауда­нының Қоржын ауылына қатысты болып отыр. Себебі су тасқынының бірінші кезеңінде қарғын су осы ауыл­ды түгел шайып кеткен болатын. Бір ауыл түгел су астында қалды. Жолдары жабылды. Халық аудан орталығына эва­куцияланды. Ендігі мәселе осы ауыл тұрғындарына арнап жаңадан ауыл тұрғызуға келіп тіреліп тұр. Атқа­ру­шы билік басында Қоржын ауылын су жетпейтін биік нүктеге көшіреміз деген ұсыныс айт­қан. Бірақ жергілікті халық келіс­пепті. 

– Қаратөбе ауданы, Қоржын ауы­лының халқы басқа жерге көшуге ке­ліс­кен жоқ. Халық «Өмір бойына тұр­ған жеріміз, ата-бабамыздың қорымы да осында, біз туған жерді тастап ешқайда көшпейміз» деген талабын айтты. Біз елдің талабына құрметпен қараймыз. Сондықтан да Қоржын аулы сол орынға тұрғызылады. Тек енді ауыл­ды қоршай­тын бөгеттердің құры­лысын қатар жүргізетін боламыз. Ауыл жылда суға кетпес үшін аулды бөгетпен қоршай­мыз, – деп түсіндірді бұл ше­шімді аймақ басшысының орынбасары        Т.Каюпов. 

Үйлері суға кеткен халыққа салы­натын үйлердің құрылысын 1 тамызға дейін аяқтайтынын айтты атқарушы билік өкілдері. 

Тағы бір ескеретін жайт су тасқы­нынан зардап шеккен халыққа арнап салынатын үйлерге бюджеттің ақшасы шығындалмайды. «Бұл жұмыстар ірі кәсіпкерлер мен қорлардың демеуші­лігмен салынады», – деді БҚО әкімінің орынбасары. 

Әзірге белгілісі  «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шек­кендерге 114 үй салатындығы.  Жақында ғана «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірдің Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы мемо­рандумға қол қойды. Аталған келісімге сәйкес бой көтеретін үйлер қордың қаржы ресурстары есе­бінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде салы­нады. 114 тұрғын үйдің 49-ы Жымпиты ауылында, 25 үй Бұлдыртыда, 38 үй Өлеңті ауылында, бір үй Жетікөлде салынса, тағы бір баспана Жаңақоныс ауылында бой көтереді. Са­­лы­на­тын үйлер объективті тексеру қорытындысы бойынша жөн­деуге келмейді және қалпына келтіруге жарамсыз деп та­ныл­ған басапана­лардың орнына бе­ріледі. Ол үшін Батыс Қазақстан облы­сының әкімдігі су басу қаупі жоқ ай­мақ­тарда жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін анықтап, бөлді. Сондай-ақ әкімдік қажетті инженерлік инфра­құрылымды жүргізуді қамта­масыз етпек. Құрылыс жұмыстарының бары­сын, үйлердің сапасын бақылау мен қадағалауды облыс әкімдігі мен қоғам белсенділері бірлесіп жүзеге асы­ратын болады. 

Жанат ҚАЙРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы