Сәуірдің басында Жамбыл облысының Меркі ауданында «AMANAT» партиясы «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен алғашқы «Агросауат» оқу-әдістемелік орталығын ашты.
Эльдар Жұмағазиев, «AMANAT» партиясының хатшысы: «Агросауат» мемлекеттік бағдарламаға айналуға тиіс»
7,114
оқылды

Жаңа орталықта еліміздің кез келген тұрғыны ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша теориялық білім алып, практикалық дағдыларды үйренеді. Жоба жұмысы мен келешегі туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевпен сұхбаттасып, көкейдегі бірқатар сауалға жауап алдық.

− Эльдар Тынышбайұлы, сұхбаты­мыз­ды ел­дегі төтенше жағдайдан бастағым ке­ліп отыр. Су тасқынының басты себептері не­де? Пре­мьер-Министрдің кандида­тура­сын ұсын­ған пар­тия ретінде Үкіметтің жұ­мы­сын қалай баға­лайсыздар? 

− Қазіргі Премьердің келгеніне көп бол­ған жоқ. Осы салаға жауап беретін Пре­мьер­дің бірінші орынбасары Роман Ск­лярға көп­­теген сын айтылуда. Оның объек­тивті, су­­бъек­тивті себептері бар деп ой­лаймын, Р.Склярдың жұмыс ауқымын қа­райтын бол­сақ, өте ауқымды. Әрине, жаңа­дан құрылған Су министрлігі бөген­дер салып, су тасқынан қор­ғауға міндетті. Де­генмен қазіргі жағдай жер­­гілікті ат­қару­шы органдардың құзіре­тін­дегі мәсе­ле, солардың жауапкершілігі. Өзім де Үкі­­­­меттің жиналысына қатысқанымда өңір әкімдерінің су тасқынына дайындық ту­­ра­лы есебін тыңдадым. «Бәрі тап-тұй­нақ­тай, жеке бақылауымызда» деген есеп­тер ай­­тылған еді. 

Ал қазір негізінен ауыл-аудандардың су астында қалғанын байқап отырмыз. Екін­­ші жа­ғынан, ауыл әкімдерінде су тас­қы­нынан қорғанатын жүйелі жоспар бол­ған жоқ, оған бюджет те жоқ. Тіпті, қайық пен етік те бол­маған. Сондықтан ауыл әкі­­­міне өз ауылын қор­ғау үшін бюд­жет пен құ­зірет беру керек. Бұл тек су тас­­­­­қынына ға­на емес, көптеген мә­­селеге қа­тысты. Ауы­лының мәселесін әкім­дердің өзі­нен артық ешкім білмейді. Аста­надан бір­еу келіп, бүкіл мәселесін шешіп береді деп қол қусырып отырмауы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су басқан бірнеше ай­мақ­ты аралады. Тұрғындармен кездесті. Тө­тенше жағ­дайға байланысты шұғыл кеңестер өткі­зіп, ел халқына үндеу жа­са­ды. Президент мұн­дай ахуал ұзақ жылдан бе­­рі болмағанын, бұл көлемі жағынан соң­ғы 80-жылдағы ең ірі табиғи апат еке­нін айтты. Расында да, бірнеше өңірді қамтитындай алапат су тасқыны болғаны есте жоқ. Содан да болар, бұрынғы қалып­тас­қан ирригация, тасқыннан қорғану жүйесін жоғалтып алған секілдіміз. Су­дың тілін білетін, қашан, қайдан және қан­дай көлемде келетінін болжайтын ма­ман­дар да азайып кетті. Көптеген қалаларда су­дың келіп-кететін орындарына жаңа үй­лер са­лып тастағаны айтылуда. Өзім өскен Аты­рау облысында Жайықтың қызыл суы­нан қор­ғанатын үйінділер болатын, оның бәрін те­гістеп тастады. Жалпы, су тас­қынынан қор­ғануға байланысты тү­бе­гейлі бетбұрыс ке­рек деп есептеймін. 

Соңғы деректер бойынша, су тасқыны бас­­талғалы бері 5 800-ден астам үйді, 18 мың­нан астам саяжайды, 1 мың аула мен 91 ғи­ма­ратты су басты, ел бойынша 119 мың­нан ас­там адам эвакуацияланды. Оның 44 мыңы – бала. Дегенмен 31 112 адам өз үйлеріне қайтып оралды. Әлі 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункт­терін паналап отыр.

Су тасқынының зардаба аз болмай тұр. Бұ­ра­наның жан бағып отырған малы мен кө­ліктері суға ағып кетті. Оның біразы кре­дитке алынған дүние еді. Үкімет зар­дап шеккендерге келтірілген барлық залал өте­летінін, материалдық шығынды мем­ле­кет жабатынын мәлімдеді. Бұл – дұрыс ше­шім. Қалай болғанда да, су тасқыны – жеке адам­ның емес, жергілікті атқарушы ор­ганның жұ­мысының нәтижесі. Халық бұдан зардап шекпеуі керек. «AMANAT» партиясы да өз жауап­кершілігін түсінеді, көп­теген ауыл-аудан әкімдері мен депу­тат­тар – біздің партия мүшелері. Сондық­тан партия жұмысында су тасқыны мәсе­ле­сіне көп көңіл бөлу керек, депутаттар өзек­ті мәселелерді көтеруі керек. Бұл жер­де әкімдерді сөгіп-қаралауды емес, ке­рі­сінше бас қосып, кемшіліктерді мойын­дап, соны түзету жолын іздеуді ұсы­­­­намыз. 

–  Негізгі сұрағымызға оралсақ, партия бас­­­­тамасымен Қазақстандағы алғашқы «Аг­ро­сауат» оқу-әдістемелік орталығы ашы­лып отыр. Мұны «Қарызсыз қоғам» жо­ба­сы­ның жал­ғасы деуге бола ма?

– Иә, «AMANAT» партиясының тө­ра­ғасы Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жо­басының екінші кезеңін бастау туралы тап­сырма берді. Өздеріңіз білесіздер, елі­мізде қа­­­рызын 90 күннен артық төлей ал­май жүр­гендер саны 2 миллионға жа­қын­дады. Бұл Қа­­­зақстан халқының 10 пайы­зын, эко­но­микалық белсенді аза­мат­тардың 20 пайызын құрайды. Үлкен мә­селе! Себебі 2 млн адам банк­ке қарыз, кар­тасына түскен ақшаны банк алып қой­ғандықтан жалақысын қолма-қол беруді сұрайды. Оған жұмыс берушілер басын ауыртқысы келмейді. Осылайша, несие құр­сауындағы адамдар өз мәселесімен бет­пе-бет қал­ды. 

Біз «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы бі­рін­­ші кезекте халықтың қаржылық сауа­тын ашатын оқу курстарын өткіздік, де­ген­мен бұл олар­дың қарызынан құтылуға нақ­ты көмегін бер­мей отыр. Сондықтан екін­ші кезеңде пи­лот ретінде Меркі ауда­нын­да «Агросауат» орта­лығын ашып, нақ­ты дағдыларды үйрету ар­қылы қарыз­дан құтылуға көмектесетін мүм­кіндіктер ұсынбақпыз. Себебі адамның та­бысын кө­бейту оның білім деңгейіне тіке­лей бай­ланысты. 

Сонымен бірге партия жанынан бар­лық же­ке қосалқы шаруашылықтарды бі­ріктіретін Тұтынушы кооперативі құ­рылады. Тұтынушы кооперативінде құл­пы­най, таңқурай, қант қы­зылшасы, жем-шөп, сүт өнімдері, мал ша­руа­­­шылығы, құс шаруашылығы секілді әр ба­ғытқа жеке-жеке ауыл шаруашылығы коопе­ративтері құ­рылады. Осылайша, Тұтыну коопе­­ра­ти­ві тыңдаушыларға сабақ өткізеді, керек-жа­рағын береді, қадағалайды және өн­дір­ген тауарын сатуға да көмектесетін бо­ла­ды. Ең бастысы, өтімділігі жоғары өнімдер мен бағыттарды таңдадық. Себебі сат­қан­да сұраныс болу керек. 

– Меркі ауданы қандай артықшылығы­мен ірік­теліп алынды? Одан басқа қандай өңір­лер қаралған еді?

– Мұндай орталық ашу идеясы қайдан кел­­­генін түсіндірейін. Біздің сарапшылар ел­­дегі әрбір ауылдық округке скрининг жүр­гі­зіп, экономикалық перспективасына тал­дау жа­сап шықты. Скринингтің мақ­са­ты – тауар­лық массаны көбейту еді. Біз қа­зір әрбір ауыл­да жеке қосалқы шаруа­шы­лықтардың қан­ша тауарлық масса жа­сағанын, неше тон­на өнім жина­ла­ты­нын көріп отырмыз. Бұл өнім­дерді кө­бей­ту­дің келешегі бар ма, тауар сақ­тайтын орын бар ма, оны сатып алатын на­рық бар ма – скринингтің көрсеткені осы.

Осылайша, Меркі ауданында 9 бағытта тауар өндіріп, адамдардың табысын кө­бей­ту мүмкіндігі барын анықтадық. Қазір сол 9 бағыт бойынша орталықта оқыту бас­талып кетті. Бір отбасының мысалында көр­сетсек, олар­дың 1,5 млн теңге қарызы бар және 10 со­тық жері бос жатыр. Соған көп сұранысқа ие құлпынай өсіру жол­дары үйретіліп жатыр. Бұл бизнесті бастап ке­туге бар жағдай жа­са­ла­ды. Дәрістен кейін, құлпынай сортының кө­шеттері 4 мың дана, пленка, тамшылап суару жүйе­сі, гербицид, пестицид секілді 2 млн тең­ге­ге жуық құралдар тауарлық несие ре­тін­де беріледі. Оған қоса, агроном маман­дар ақыл-кеңесін береді. Ауданның табиғатын ес­керсек, бір жылда 5-6 рет өнім жинауға бо­лады. Бір маусымда 3-4 тоннаға жуық өнім өседі. Осылайша, табыстың жартысы қа­рыз­ды өтеуге жіберілсе, 25 пайызы – құ­рал-сай­мандар ақысын өтеуге жұм­са­ла­ды, ал қалған 25 пайызы өзіне қалады. Бұл жердегі басты прин­цип – балық емес, қармақ беру! Қарызды жай ғана кешіре салу ұзаққа апармайды. Ха­лық нақты кә­сіп­ті үйрену арқылы тұрақты түрде табыс та­ба алуы шарт. 

– Бұған дейін сіз жұмыс істеген «Ата­ме­кен» па­латасында «Бастау бизнес» жо­ба­сы болды, кейінірек «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы іске қосылды. «Агросауат­тың» алдыңғы жобалардан нақты айыр­ма­шылығы неде? 

– Иә, кезінде «Бастау» бағдарламасын да өзі­міз бастама етіп ұсынған едік. Онда кә­сіп­керліктің негізі үйретілетін, банктегі тиімді не­сиені алу жолдары оқытылып, биз­нес-жос­пар жасалатын. Мысалы, тұр­ғындардың бірі шаш­тараз ашқысы келсе, ай­налада қанша ха­лық тұрады, нешеуі ер, нешеуі әйел, қандай бағыттағы шаштараз ашу жолы қаралатын. Дүкен ашу керек бол­са, ауылда тұрақты табыс ала­тын бюд­жет­тік қызметкерлер мен зей­нет­керлер са­нын есептеу сияқты үлкен көмек бері­­ле­тін. «Бастауды» оқып шықпайынша, не­­сие беріл­мейтін. 

Ал қазір «Ауыл аманатына» байланыс­ты халықты оқыту жүйесі жоқ. Бұл үлкен кем­шілік деп есептеймін және соған бай­ла­нысты оқу орталықтарын ашып жа­тыр­мыз. Онда кәсіпкерліктің негізі емес, құл­­­­­пынай өсірудің технологиялық жүйесі, қант қызылшасын өсі­ру, мал бордақылау се­кілді керекті дағ­ды­лар үйретіледі. Негіз­гі айырмашылығы – осын­да. «Бастау» бағ­дарламасында мұндай дағ­дылар үй­ре­тілген жоқ, оның кемшілігі сол деп ой­лай­мын. Қазір сол кемшіліктің орнын тол­ты­рып отырмыз. 

­Ең басты нәрсе – «Ауыл аманаты» мен «Қа­рызсыз қоғам» жобасының келесі ке­зеңі болуы, бір-бірін байланыстыруы. Осы жүйені құрып алсақ, кепілі бар адам­дар­ға да, қара тізімдегі адамдарға да кө­мек­теседі. Сондықтан екі жобаны бі­рік­тіреді дегенім сол, бара-бара «Ауыл ама­на­ты» жобасының ережелеріне тиіс­ті өз­ге­рістер жасап, 90 күннен астам қа­ры­зы бар адамдарды да қаржыландыруға бай­­ла­нысты үлкен бағдарлама қалыптасады деп ойлаймыз. 

– Неліктен ауыл шаруашылығы сала­сы­на басымдық беріп отырсыздар? 

– Оны жоғарыда айтқан скрининг көр­се­тіп отыр. Қазір «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы бойынша халықтың 80 пайызға жуы­­ғы жеңіл­детілген несиені мал алуға жұм­саған. Осыған бай­ланысты Ауыл шар­уа­­шылығы министр­лігі­мен бекітілген жаңа ережеде 50 пайызға дейін­гі шектеу бар. Мемлекеттік орган не­сие­нің жар­ты­сын өсімдік бағытына бағыт­та­ғысы келіп отыр. Бірақ халықтың басым бө­лігінің оған байланысты тиісті дағдысы қа­­­лып­тас­паған. Міне, сол үшінде оқу орта­лық­­тарын ашу маңызды. 

Тұрғындардың мал шаруашылығын ата-бабадан қалған дәстүрлі кәсіп ретінде таң­дайтыны анық. Бірақ оның шығыны мен та­бысын есептеп жатқан адам аз. С­е­бе­бі тех­нологиялық карта бойынша, мал­дың салмағы күніне 800 грамм–1,5 келіге дейін өсіп отыруы керек. Сонда ғана мал бағу та­бысты болады. Көзімізбен көрдік, кей­бір ауыл­дарда малды қамыстың ұнта­ғымен асы­рап отыр. Бұл жүйе ауыл ада­мы­ның табысын көтеруге мүмкіндік бер­­­­­мейді. Сондықтан халықты оқытып, дұрыс бағыттауымыз керек.

Қазір ауыл адамдары өз өнімін өздері са­тып жүр – жол бойында тұрады, базарға ба­рады. Енді дүкен сөрелеріне жете алмай отыр, ол үшін сертификаттау керек. Тауар өн­діруді кө­бейткен соң, болашақта кезде­се­тін ең бас­ты проблема – сертификаттау мә­селесі бол­мақ. Соған байланысты ауыл өнім­деріне жеңіл­детілген сертификаттау жүйе­сін жасау­ды ұсындық. «Ауылда жа­сал­ған» деген бренд жасасақ, қалалықтар қуана-қуана сатып алады деп ойлаймын. Себебі ол тауарлар қазір де таныс арқылы өз араларында сатылып жүр. 

Сертификаттау орталықтары ауыл­дар­ға өздері барып, жағдайды көруі керек. Же­ке қо­салқы шаруашылықтар өзінің ау­­­­­ласында өнім өндіреді. Бір тауарды он шақ­ты жеке шаруашылық жасауы мүмкін. Осы­ның бәрін бір қоймаға біріктіріп, дү­кен сөрелеріне жет­кізіп отырсақ, адам­дар­дың нақты табысы кө­бейеді. Әрине, не­гізгі іргетасы – агросауат. 

– Орталықтың жұмыс істеу механизмі ту­ралы айтып беріңізші. Мұнда кез келген адам қатыса алады, тіпті құлпынай еккісі кел­ген­дерге тегін көшетіне дейін беріледі екен. Бұл Пре­зидент жақында ғана сынға алған «ма­сылдыққа» ұласып кетпей ме? 

− Масылдыққа өзіміз де қарсымыз, оны­мен алысқа бармаймыз. Барлық құ­рал-жаб­дықтар мен көшеттер тегін бе­ріл­мейді. Кейін түс­кен табысының 25 пайы­зы­мен өтеп оты­ра­ды. Сондықтан адам­дар­ға дұрыс дағды бер­сек, техникалық кар­таларды сақтауды үй­рет­сек, әрі қарай өз­дері-ақ жалғастырып әкетеді. Қазірден бас­тап осы бағдарламаға қатысқысы ке­ле­тін адам саны көп. Әсіресе, көпшілігінің мой­нында несие бар. Әзірге Меркі ауда­ны­на көршілес ауыл-аймақтан хабарла­сып көруге болады. 

Негізгі оқыту 5-7 күн аралығында өте­ді, сол жердегі мамандар, кәсіпкерлер дә­ріс оқи­ды. Бұл жұмысқа кәсіпкерлер де мүдделі, се­бебі оларда сату ісі жолға қойылған, ал ши­кізат жетіспейді. Кейін тұ­тынушы коопе­ра­тивпен келісімшарт жа­салып, керекті құ­рал­дарын алады. Осы тұ­тынушы коопера­ти­вінің мамандары бар­лық процесті қадағалап отырады, аг­рономдар тауарлық несие алған адамдарға күн­делікті барып, кеңесін береді. Жо­ба­ның техникалық картасында үш күн сайын суару, тыңайтқыш себу секілді нақ­ты әре­кет тіркеліп отыруы керек. 

– Оқырман арасында орталықты қар­жы­ландыру жөнінде сұрақтар туындауы мүмкін. Жоба қанша уақытқа жоспарланған жә­не «Халық» қоры толық демеушілік көр­сете ме?

– Бұл жоба бойынша үш банкпен – «Ха­лық банк», «Хоум банк» және «Банк центр кре­дитпен» келісім бар. Мәселен, «Ха­лық бан­кі» тұрғындарды қайтарымды грант­тар­мен көмектеседі. Ал «Халық» қо­ры оқу ор­та­лығын салуға көмектесті. 

Сонымен бірге бұл банктермен бірігіп, «Қам­­қоршы Аманат» қорын құрудамыз. Бұл қорға банктер қаражат бөледі және бұл қай­тарымды қаражат болмақ. Бұл жер­де банктер де өз жауапкершілігін тү­сініп, барынша кө­мек көрсетуде. Өйткені еш әрекетсіз жүре бер­сек, қарызы 90 күн­нен асқан адамдар саны 3 миллионға же­­­­теді. Оған жеткізбеу үшін осын­дай ше­­­­шімді ұсынып отырмыз. Қазір «Аг­­ро­сауат» орталығы өз тиімділігін көрсетсе, мем­лекеттік бағдарламаға айналады. Мем­лекеттік бағдарлама болса, ауыл, ау­дан әкім­дері жауапты болады және тұты­ну­шы коопе­ративтерін әрбір ауданда ашу­ды ұсынып отырмыз. 

– Сұхбат соңында мерзімдерге тоқтал­сақ, жыл соңына дейін қандай жұмыс ат­қа­рылуы керек? Келесі жылға жоспар қан­дай? 

– Биыл 3,5 мың әйелді несие құр­сауы­нан шы­ғару, экономикалық белсенді ха­лық қа­та­рына қосу міндеттемесін алдық. Со­ның 300-і Жамбыл облысында тұрады. Осы­ны жақсы жүзеге асырсақ, менің ойым­­ша, келесі жылы мемлекеттік бағ­дар­лама қабылданып, қарызы 90 күннен ас­қан барлық 2 млн адамға байланысты тиіс­ті шаралар қабылданады. Біздің қа­зіргі мақсатымыз – Үкіметке осы жүйенің тиім­ді екенін көрсету және үлкен бағ­дар­ла­маға жол ашу. Әрине, бұл 2 млн адам­ның ара­сында да жұмыс істегісі келмейтін, дайын нәрсеге үйренгендер де болады. Бұл – адамның өз таңдауы. Ең бастысы, біз қа­рыз­дан құтыламын деп ниет біл­дір­ген әр­бір адам­ға қолдау көрсетуге дайын­быз. 

«Агросауатқа» кез келген ниет біл­діру­ші, кооперативке қосыламын деген тұр­ғын­дар қа­тыса алады. Әсіресе, «Ауыл ама­­наты» мен «Қа­рызсыз қоғам» бағ­дар­ла­масының қаты­су­шылары көбірек ке­ле­тін шығар. Несиеге батқандарды реа­би­ли­тациялау бағдарламасы келесі жылы қа­былданатын болса, тек қана несие тө­лемі 90 күннен асып кеткен адамдарға ар­­­налады. Оларға да «Агросауат» орта­лы­ғын­да білім алуға мүмкіндік беру керек, се­бебі оқу­сыз, білімсіз табысты көбейту мүм­кін емес. 

– Сұхбатыңыз үшін көп рақмет!  Сәт­­тілік тілейміз!

Дайындаған 

Асыл ТҰМАР