Тамара Дүйсенова зардап шеккен мектеп жасындағы балаларға ерекше қамқорлық көрсетіліп жатқанын айтты.
Тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі түлектерге қосымша білім гранттары бөлінуі мүмкін
1,653
оқылды

Су тасқынынан зардап шеккен 6 аймақтың түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді бөлек кестемен тапсырады. Егер төмен балл алса қаңтар-наурыз айларындағы нәтижелерін есептеуге болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Одан бөлек, қазір қосымша нысаналы гранттар бөлу жағы қарастырылып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тасқын болған аймақтарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек жайлы айтты.

Үйін су шайғандар үшін жаңа үй салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алу мүмкіндігі беріледі. 11 000 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем алды. Бүлінген үй заттарын қалпына келтіру үшін тағы 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы қарастырылған. Өтелмеген несиесі барлардың төлем мерзімі 1 сәуірден 30 маусымға дейін шегеру қарастырылып жатыр. Мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мерзімі 1 шілдеге дейін автоматты түрде ұзартылды.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова зардап шеккен мектеп жасындағы балаларға ерекше қамқорлық көрсетіліп жатқанын айтты.

– Оқушылардың оқу маусымын аяқтауына жағдай жасау үшін эвакуациялық орталықтарда болған 4 000-нан аса бала сауықтыру лагерьлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды. Олар мұнда үйлері қалпына келтіріліп, мектептерінде оқу процесі қайта жалғасқанға дейін болады, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.