Жамбыл облысы Жасөркен ауылындағы аулаларды күні кеше су басуы бұл бағыттағы жұмыстардың әлі кенжелеп тұрғанын аңғартты.
Қарғын су қателікті кешірмейді
783
оқылды

Ал шенділер өзге өңірлерде болып жатқан жағдайдан сабақ шығармапты. Тіпті, елді мекеннің картасын төрт сағат бойы таба алмай, соңы Жамбыл ауданының әкімінен бастап жауаптылардың барлығы жазаға тартылды. Бірақ  басшыларға берілген сөгіс ағын судың алдын ала  ма?

Ең әуелі Жасөркен ауылындағы жағдайға келсек, бір түнде аулаларды су басып кетті. Ал әлеуметтік желілерде желдей ескен бейнежазбалар үрейді үдетіп, тұрғындар үйлерінен үдере қашты. Алайда жергілікті билік өкілдері оқиға орнына дер кезінде жетіп, жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. 

 

«Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында қатты жауын-шашынның салдарынан Жасөркен көшесіндегі 7 ауланы  және М. Әуезов орта мектебінің аумағын су басты. Қазіргі уақытта оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар, ТЖД-нен 51 адам, 4 бірлік техника (2 тиегіш, 2 экскаватор), 10 бірлік техника және 6 мотопомпа жұмыс істеуде. Сондай-ақ Жамбыл облысының барлық суқоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, толып кету қаупі жоқ екенін хабарлаймыз. Интернет желісінде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Жағдай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жеке бақылауында», – деген хабарлама тарағаннан кейін жұрт басылғандай болды. 

Ертесіне Ербол Шырақпайұлы бастаған атқамінерлер судан тазартылған көшелер мен аулаларды аралап көріп, жағдай тұрақталғанын баяндады. Сондай-ақ ауызсудың сынамасы алынғанын, жарық пен газ тұрақты беріліп тұрғанын жеткізді. 

 

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға зардап шеккен аулалардың бәріне қысқа мерзімде тиісті көмектерді көрсетуді тапсырып,  ауыл ішіндегі арықтарды тез арада тазалауды міндеттеді.

Ал төрт сағат бойы елді мекен картасын таба алмаған Жамбыл ауданының әкіміне қатаң сөгіс, оның салаға жауап беретін орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту және  ауыл әкіміне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара тағайындады.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін  тау бөктерінен Беларық каналына дейін 2,5 шақырымдық дренаж қазылды. Осылайша, жергілікті билік апаттың бетін бір қайтарды. Алайда апта басында «Қазгидромет» РМК филиалының  ағымдағы жылдың 23 мен 26 сәуір аралығында өңірде қатты жауын-шашын күтіліп тұрғандығы туралы хабарламасы шенділердің қайта мазасын қашырды. Ол бекер де емес екен. Себебі, 23 сәуір күні Жуалы ауданындағы Күйік асуында бұршақ аралас жауын жауып, жолды су шайып кетті. Ашыбұлақ су қоймасына қарай аққан суды жауапты мамандар бақылауға алып, абырой болғанда елді мекен мен инфрақұрылым нысындарына су жеткен жоқ. Десе де бұл сала мамандарын сауысқандай сақ болуға шақырған дабыл болды. Олай дейтініміз Жуалы ауданында жауын-шашын жиі жауатыны белгілі. Оған қоса бұл аймақта қыс аяғы ұзаққа созылады. Сондықтан ертең қар еріп, су деңгейі қайта көтерілуі бек мүмкін. Оған қоса аталған елді мекенге Ашыбұлақ су қоймасы жақын орналасқандықтан қауіп те сейілмейтіні анық. Бұны жергілікті билік өкілдері де сезіп отырғандай. Сондықтан кеше Жамбыл облысы бойынша ауқымды оқу-жаттығу жиыны өтті. 

 

Оқу-жаттығу жұмысына 618 адам мен 192 техника қатыстырылып, анықталған кемшіліктерді жою, жұмысты күшейту бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді. Бұдан бөлек  облыс әкімі жауаптыларға су басу қаупі жоғары аймақтарды жіті зерделеп, шұғыл әрекет ету жасағының дайындығын пысықтауды тапсырды. 

Жалпы, Жамбыл облысында 141 гидротехникалық құрылыс нысаны бар болса, оның 18-і республикалық меншікте. Ал 115-і коммуналдық меншікке қарайды. 8-і жеке меншікте. Ал аталған су айдындары қазір қанша пайызға толып отыр? Олардан келер қауіп бар ма? 

– Облыстағы ең үлкен су қоймалары – Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ және Талас өзенінің негізгі су көзі – Киров су қоймасы саналады. Тасөткел су қоймасы бүгінгі таңға 94 пайызға толып тұр. Техникалық жағдайына байланысты рұқсат етілген көлеміне дейін әлі 30 млн текше мерт су қабылдай алады. Су өткізу қабілеті секундына 360 текше метр. 

Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы рұқсат етілген көлемінен 97 пайызға толды. Келіп жатқан су көлемі секундына 15,9 текше мерт болса, осындай көлемде су тасталуда. Су қойманың барлық өткізу қабілеті секундына 622 текше метр, ал түсіп жатқан су көлемі секундына 15,9 текше метр екенін ескерсек, бүгінгі таңда қауіп жоқ деуге толық негіз бар. Су қоймалар мамандар тарапынан күнделікті бақылауда, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков. 

 

Сондай-ақ Руслан Нұрланұлының айтуынша, Қарақоңыз, Қақпатас су қоймалары 99 пайыз, Ынталы – 97, Киров – 81 пайызға толған екен. Дегенмен түсіп жатқан су көлемінің мөлшеріне қарай мамандар қауіптің жоқ екенін айтады.

Ал Бүркітті, Жартас сынды су қоймаларындағы және кіші өзен-көлдердегі су көлемі 50 пайыздан да төмен болғандықтан, керісінше онда су жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек  елді мекендерді су басуды алдын алу мақсатында 3500 тонна қар шығарылып, 1790 шақырым канал, 1833 шақырым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі және 946 су өткізу арнасы тазартылған. Сондай-ақ су тасқынының алдын алу мен жою мақсатында 1927 адам, 437 техника, 19 жүзу құралы, 132 мотопомпа, халықты эвакуациялауға арналған 48 жолаушы көлігі, 6900 тонна инертті материал, 16140 тонна жанар-жағармай, 31200 дана қап, 396 адамға арналған қабылдау пункті жасақталып, тұрғындарды тамақтандыруға 58 келісім жасалып отыр.  

Әрине, «Сақтықта қорлық жоқ». Сала мамандары айтқандай бәрі бақылауда болса құба-құп. Әйтеуір сандар «сұлу» статистика болып қалмаса болғаны. Себебі қарғын су қателікті кешірмейтінін анық көрсетті. Осыны жауаптылар естен шығармағаны абзал. 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы