Дәулет Кәрібектің айтуынша, Президент Қазақстандағы түрлі ұлт пен ұлыстарды ұйыстырып отырған Ассамблеяның қоғамдық рөлін арттыру маңыздылығын атап өтіп, оны одан ары дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Дәулет Кәрібек: Әрдайым бабалар аманатына адал боламыз
1,311
оқылды

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді.

Дәулет Кәрібектің айтуынша,  Президент Қазақстандағы түрлі ұлт пен ұлыстарды ұйыстырып отырған Ассамблеяның қоғамдық рөлін арттыру маңыздылығын атап өтіп, оны одан ары дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

«Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі су тасқыны бірлік пен ынтымақтың мызғымас күші екенін дәлелдей түсті. Осы тұрғыдан қарасақ, бұл сессияның маңызы зор, міндеті айқын.

Жиын барысында алапат тасқын салдарын жою жұмыстары мен барлық салада түбегейлі өзгеріс жасау шаралары пысықталды.

Сонымен қатар  Президент қоғамдық органның бүгінге дейін атқарған жүйелі жұмысын атап өтіп, одан ары дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Бұл ретте:

Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру;

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халқымызды ортақ мақсат пен бір ниетке ұйыстырудағы Ассамблеяның рөлін арттыру;

Ассамблеяның институционалдық әлеуетін арттыру, оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын нығайту секілді тақырыптар талқыланды.

«Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» – деп атап өтті ел Президенті.

Шын мәнінде, елімізде атқарылып жатқан жүйелі реформалар мен ауқымды шаралар өзара сабақтасып, бірін-бірі жетілдіріп отырады. Демек, біздің мақсатымыз –  бір, құндылығымыз – ортақ. «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» секілді үш ұғым жалпыұлттық бағдарымызға айналса, еліміздің кедергісіз өркендейтіні анық.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», –  деп жазды ол әлеуметтік желіде.