Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
Еліміздің мектептерінде соңғы қоңыраудың орнына бірыңғай сынып сағаты өтеді
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы
14,401
оқылды

Барлық қазақстандық мектептерде оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы — мектеп түлектері. 

Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
«Су тасқынынан болған жағдайға және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды», деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.

11 (12)-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді.

Айта кетейік, 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынады.