Болжам бойынша, ауада аммиак, пропан, метан, көмірсутекті мұнай газының артық мөлшері бар.
Шымкентте белгісіз заттан 22 адам уланып қалды
Фото: видеодан кадр/Хабар24
628
оқылды

Шымкентте белгісіз сұйықтықтың исінен 22 адам уланып қалды. Оқыс жағдай Еңбекші ауданындағы тұрғын үй секторы аумағында тіркелді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігіне тиелген 800 литрлік темір бөшкеден сұйықтық төгіліп, газ бен бу ауаға тараған. Осының кесірінен тұрғындардың жүрегі айнып, өздерін жайсыз сезінген, деп мәлімдеді Хабар 24 арнасы.

Зардап шеккендер алғашқы медициналық көмек алып, токсикология орталығына жеткізілді. Дәрігерлерлік тексерістен кейін бәрі үйлеріне жіберілген. Экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сұйықтық төгілген аумақтан сынама алып, зертханалық талдаулар жүргізді. 

Болжам бойынша, ауада аммиак, пропан, метан, көмірсутекті мұнай газының артық мөлшері бар. Зерттеу қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. 

«Жалпы 13 науқас жедел жәрдеммен, қалған науқастар өз бетінше бізге келіп көмекке жүгінді. Соның ішінде біз 9 науқасқа стационарлық ем көрсеттік. Олардың бәрі үйлеріне амбулаторлық учаскелік дәрігерлердің бақылауына қайтарылды. Қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ», - дейді қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермағанбетова.