Қайырымдылық және гуманитарлық көмектерді жинау, эвакуациялауды ұйымдастыру және азаматтарды хабардар етумен айналысатын 43 мың қазақстандық еріктінің 12 мыңы – этномәдени бірлестіктердің мүшелері.
Аида Балаева: Бірліктің арқасында Әділ Қазақстанды құра аламыз
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
1,189
оқылды

Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған жиынның маңызы туралы айтты.

Министр бірқатар өңірлердегі су тасқынына байланысты Президент Ассамблеяның кезекті отырысын онлайн форматта өткізуге шешім қабылдағанын жеткізді. Сессияда Мемлекет басшысы ҚХА-ның маңыздылығы мен рөлін, әсіресе, сындарлы кезеңдегі Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігін тағы да атап өтті.

«Расында да, тасқын басталған алғашқы күннен-ақ Ассамблея стихиялық құбылыстармен күрестің басы-қасында белсенді қызмет атқарып жатыр. Қайырымдылық және гуманитарлық көмектерді жинау, эвакуациялауды ұйымдастыру және азаматтарды хабардар етумен айналысатын 43 мың қазақстандық еріктінің 12 мыңы – этномәдени бірлестіктердің мүшелері. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында өңірлерге 1500 тоннадан астам азық-түлік пен ең қажетті тауарлар жөнелтілді.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган», – деді Президент. Сондай-ақ, баршамыздың күш-жігерімізді біріктіруге тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті.

Президент балаларды іргелі құндылықтар негізінде тәрбиелеуге баса назар аудару қажет екенін тілге тиек етті. «Жастарымыз әрдайым алға ұмтылуы қажет. Олардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың өзгелердің теріс ықпалына түспей, өз идеологиямызға сүйенуі керектігіне назар аударды. Идеологияның негізі – ел тәуелсіздігі.

Бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты және ұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторы болып қала береді. Ал Отанның ортақ екенін сезіну – жалпы азаматтық сананың негізі. Басым бағыттардың қатарында қоғамда этникалық ерекшелік негізінде оқшауланудың кез келген түріне, арандатуларға және азаматтарды мәдени, тілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша кемсіту әрекеттеріне төзбеу атмосферасын қалыптастыру мәселелері бар.

Тіл мәселесі өзекті болып қала береді. «Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет» деген Мемлекет басшысының пікірімен келісеміз.

Президенттің алдымызға қойып отырған міндеттерін отандастырымыз орындай алады деп сенемін. Бірліктің арқасында біз Әділ Қазақстанды – мүмкіндіктері тең қуатты мемлекетті құра аламыз», - деді министр.