«AMANAT» партиясының орталық апаратында Партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысының кезекті жиыны өтті.
Музыка индустриясының мәселесі көп
1,440
оқылды

Басқосуда еліміздегі креативті индустрия оның ішінде музыка индустриясының проблемалық мәселелерін айқындау мен шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Бүгінгі таңда елімізде музыкалық индустрияның дамуы мен оның кейбір келеңсіздіктері туралы ел арасында біраз пікір туындап жүргені шындық. Оның ішінде сахна мәдениете мен өнерді бағалау, өзгенің туындысын меншіктеп кету сынды теріс пиғылдар байқалып жатады. Қатарында шет елдік авторлардың шығармаларын біздің елге алып келіп, өзінің туындысы ретінде таратып жүрген өнерпаздар көптің сынына қалуда. Бұған қатысты арнайы заң қабылдау керек деген пікірлер де жоқ емес. 

Дегенмен мәселеге байланысты отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы біршама сын айта келе, бір топ депутаттардың араласуымен отандық өнерпаздардың сахнаға шығып алып фонограммамен елді алдауларына қатаң тыйым салынатынын жеткізді. Дәл осы мәселеге байланысты Парламентте арнайы заң жобасын қарап жатқан көрінеді. «Бүгінгі таңда креативті индустрия саласы бойынша мамандар елімізде негізгі деген 43 бағытты айқындады. Әр саланың өзіндік маңызы ерекше. Мұның ішінде ұлттық құндылықтарға да баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай біздің осы креативті индустрия саласындағы талантты жастарды таныту мен әлемдік деңгейге көтеру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Нәтижелері де жаман емес. Дегенмен де әлі де болса нақтылап, жөнге келтіретін тұстар жеткілікті. Түрлі ұсыныстар да келіп жатыр, оның бәрімен танысып талқылаудамыз», – деді Нартай Аралбайұлы.

Талқыланып жатқан заң жобасындағы нормалар бойынша ендігі жерде орындаушылардың барлығына арнайы орталықтан тиісті лицензия берілмек. Егер орындаушы заңды бұзған жағдайда айып арқалап, қажет болса әлгі лицензиясынан айыру жазасы енгізілмек.

Отырыста белгілі болған тағы бір дүние алдағы уақытта отандық креативті индустрия саласына 4,5 млрд теңге көлемінде қаражат та қарастырылып отырған көрінеді. Қаражаттың 15% республикалық бюжеттен алынса, қалғаны «Сәтті жұлдыз» лотереяларынан тартылмақ. 

Еліміздегі барлық облыс орталықтарында арнайы орталықтар ашылып, ол жерде креативті индустрияны қолдау жұмыстары жүргізілмек.

«Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес елімізде индустрия саласы бойынша Тіркелген субъектілер саны небары 470-тен аспаған. Оның 200-ден астамы Алматы қаласында тіркелсе қалғандары Астана, Шымкент қалаларында. Саланы заңды түрде табыс көзі етіп отырғандардың мұншалықты аз болуы ойлантатын дүние екені рас. Осыған қарамастан құзырлы орган ретінде біз түрлі байқаулар мен өнер сайыстарын өткізіп келеміз. Оның ішінте елге белгілі телевизиялық бағдарламалар да бар. Ал біздің зерттеуіміз бойынша бүгінгі таңда елімізде сала бойынша авторлық құқық мәселесі ең өткір болып тұр. Мұны реттейтін уақыт жетті», – дейді  ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Отырыста түрлі ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып кеңестің хаттамасына түсірілді. Бұл жерде отандық музыканың дамуы мен жастарды қолдаудың мемлекеттік тың басымдықтары да қарастырылып жатқаны қуантты. Дегенмен айтылған мәселелер елдегі музыка саласының өкілдерін қорқыту емес керісінше ашық әрі айқын болуға шақырмақ. Қозғалган дүниелермен бірге оларды қолдау жағы да ақсап қалмайтыны баса айтылды.

 

Бердібек ҚАБАЙ