Ұлы анасына сол күйі ашылып ешнәрсе айтпаған.
«Баламды соттай ма деп қорқамын»: 28 жылдан соң ұлымен қауышқан ана оқиға туралы айтты
Фото: atpress.kz
1,720
оқылды

Атырау облысы Жасқайрат ауылының тумасы Бейбіт Қозыбаев 28 жылдан соң анасымен жүздесті. Әскерге кетіп, ұшты-күйлі жоғалған баласымен қауышқан ана Маржан Қозыбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның мән-жайын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бейбіт Қозыбаев 1996 жылы әскер қатарына кеткен. 1997 жылы Ақтаудағы әскери бөлімде борышын өтеген, отбасына хат жазып тұрған.

Қыркүйек айында баламнан хат үзілді, бірнеше рет артынан хат жазып, тіпті «шешең өліп қалды» деп жеделхат жібердім. Бірақ жауап жоқ. Соның арасында аға-жеңгем қайтыс болып, баламды іздей алмадым. Сол жылы желтоқсанда, яғни үш айдан соң баламды әскери бөлімге іздеп барсам: «Балаң қашып кетті» дейді. «Қашып кетсе, неге айтпадыңдар» деп жыладым. Әскери полицияға барып, өзім іс қозғатқыздым. Балам қыркүйекте қашып кеткен, ал әскери бөлімдегілер желтоқсанға дейін үнсіз отырған, - дейді әскерде жоғалған сарбаздың анасы Маржан Қозыбаева.

«Түсімде жоғалған бөрік табылды» 

«Сол жылдан бері ананың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. «Телебағдарламаларға бардым, тіпті Ресейдің «Жди меня» бағдарламасына да хат жаздым. Құқық қорғаушылар менен келіп түсініктеме алып жаздыра берді. Мен баламды іздеумен болдым. Аяғым жетпеген жерге хат жаза бердім. Әскерге аман жіберген баламның не өзі, не денесі жоқ. 28 жыл бойы жинаған арызым, газет бетіне шыққан барлық мәліметтерді әлі күнге жинап отырмын», - деп етегі жасқа толған ана көрген қиындықтарын жіпке тізіп берді.

Ол бір күні Ақтауға тойға барады. Сол жерде күйеуі, яғни Бейбіттің әкесі пойызда басындағы бөркін жоғалтып алады.

«Түсімде бір бала бөрікті тауып әкеліп беріпті. Бірақ бөрік киіліп ескіріп кеткен екен. «Ее, балам аман-есен ұзақ жылдан соң оралады екен ғой» деп жорыдым. Арада 15 жыл өткен соң баламды өлді деп жорыдым. Көрген түсім бекер болған екен-ау деп ойладым. Кейде түсіме балам қарным ашты деп кіретін еді. Жақында ұлым табылмас бұрын тағы түс көрдім. Бейбітім есіктен кіріп келіп тұр, баламмен бірге бүкіл халық келіпті. Халыққа мұң-зарымды айтып, түсімде жылап отырыппын», - дейді 28 жылдан кейін ұлымен қауышқан ана.

«Бейбітті таптық» 

Етегі жасқа толған ана тәуіпке де, балгер, құмалақшыларға да барған. Көпшілігі «балаң өліп қалды» деген.

«Сүйегі қайда қурап қалды» деп зар еңіреген ананың денсаулығы сыр берген.

«Екінші балам жүгіріп келіп: «Бейбітті таптық» дегенде сенбей қойдым. Қайдағыны айтпа, қайдағы Бейбіт деп есім шықты. Телефонмен сөйлестіріп еді, дауысын танымадым. Ұлымды көргеннен бері көзімнен жас тоқтамайды. Ол әскери бөлімде қысым көрдім дейді, - деді Бейбіттің анасы.

«Баламды соттай ма деп қорқамын» 

Ұлы анасына сол күйі ашылып ешнәрсе айтпаған.

«Бейбіттің 4 баласы бар екен, қазір өз қолыма алдым. Жағдайы онша емес, тіпті ешқандай құжаттары да жоқ. Балам басқа жолмен кеткен жоқ, әскердегі қысымға шыдамады. Өмірінің 30 жылы бас сауғалаумен өтті. Ендігі өтінішім, құжаттарын дұрыстап берсе екен», - дейді Маржан апа.

Бейбіті табылса да, айдың-күннің аманында ұлынан қол үзіп қалған ананың үрейі сейілер емес.

"Әскери бөлімдерден қайта-қайта телефон соғып жатыр. Шынымды айтсам, телефонын көтермей отырмын. Қорқамын. Елдің айтуынша, баламды соттайды. 30 жыл дегенде әрең жеткен баламнан тағы айырылып қалсам, не боламын", - дейді Маржан Қозыбаева.

28 жылдан кейін табылған сарбаз

Естеріңізге сала кетсек, жақында 1996 жылы күзде әскерге кетіп, содан оралмаған сарбаздың табылғаны туралы хабарланды. Атырау облысының 47 жастағы тумасы Бейбіт Қозыбаевтың анасымен қайта қауышқан видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Ол жоғалғанда халықаралық іздеу жарияланған. Ақтау гарнизонының әскери прокуроры Ерлан Құтқожаның айтуынша, 28 жыл бұрын із-түзсіз кеткен сарбаздың қазіргі мәселесі заң шеңберінде шешіледі.

"Осы қылмыстық іс шеңберінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексі талаптарына сәйкес, процестік шешім қабылданады. Нәтижесі кейінірек хабарланады. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді", - деді Ерлан Құтқожа.