Сотталушылар өздерін ақтауды сұрады.
Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты
585
оқылды

Павлодар облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы психотроптық заттарды, сол тектестерді ірі және аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша 9 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс қаралды (ҚК 262-б. 2-б., 297-б. 4-б.).

Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушыларының біріне қатысты өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарын жеке пайдалануы үшін заңсыз сақтау фактісі бойынша іс қарастырылды. (ҚК 296-б. 2-б.)

Іс материалдарына сәйкес 2021 жыл бойы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Астана қаласының және Павлодар облысының аумағында ірі және аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды және сол тектестерді заңсыз дайындауға, иемденуге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге, өзінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін М., Ә., Н., А., К.Е., Т., Г., К.Д., Р.-ді орындаушылар ретінде тартқан.

Ұйымдасқан топ мүшелері 2022 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Павлодар облысының аумағында қылмыстық әрекеттер жасаған. Жалпы салмағы бес килограмнан асатын, ірі және аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар, "эфедрон" және "мефедрон" бар көптеген пакет пен бума табылып, тәркіленді.

Сотталушылар мен олардың адвокаттары ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Олардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденеді.

"Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды – жасын, соттылығының жоқтығын ескере отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерінің ұялы телефондарын тәркілеп, 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген үкімде.

Г. ҚК-тің 262-бабының 2-бөлігі бойынша оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталды, жоғарыдағы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылуы нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу және ақтау құқығын мойындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.