Су тасқынынан енді ес жиып жа­тыр­мыз десек те, су тапшылығы проб­­лемасы өзекті күйінде екенін ұмыт­пағанымыз жөн болар. Statista.com сайтының мәліметі бойынша 2040 жылы 40 ел судан тарығады екен. Олардың қатарында біз де бармыз.
Үнемнің кілті – мәдениетте
686
оқылды

Әзірге Қазақстан су қоры бойынша 107,5 текше шақырым сумен әлемде 66-орында тұр. Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда су қоры жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін азаюы мүмкін. Оған себеп: судың 44%-ы көрші мемлекеттерден келетіні. Сондықтан бүгінгідей ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Елімізде су үнемдеу техноло­гияларын қолданысқа енгізуді міндеттеу керек. Ондай құрал-жабдықтар мен қон­дырғылардың түрі шаруашылықта да, тұр­мыста да жетерлік. Солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Үнемнің бір жолы – агрогель

Су тұтыну негізінен 3 бағытта жүзеге асады десек, олар – ауыл шаруашылығы, өндіріс және тұрмыстық қажеттіліктер. Соның ең көбі агросекторда, яки 63%-ы ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Сол сияқты ең көп рәсуа болатыны да осы сала. Өйткені инфрақұрылымдар ескі болғандықтан, шамамен тең жартысы тасымалдау кезінде жолда жоғалады. Одан қалды, бізде құйып суару жүйесі қалып­тасқандықтан, өсімдіктің тамырына ғана емес, ашық топыраққа да түскен су босқа жерге сіңіп немесе ауаға ұшып кетеді. Сол себепті егін шаруашылығына арналған үнемдеу технологияларын қолданған жөн. Оның тамшылатып суару, шөптен жабын жасау, агрогель, жаңбыр суын жинау, қар суын тоқтату, жылыжай, гидропоника, аквапоника, аэропоника сияқты түрі көп.

«Біз шығаратын агрогель – ғылыми жетістіктеріміздің жемісі. Бұл өнім полиа­криль қышқылы мен калий гидрототығы­ның молекулаларын біріктіру жолымен жасалған. Су сіңіргіштігі өте жоғары. То­пырақ жағдайына қарай 200-400 мил­лилитр­ден 1 литрге дейін суды бойында ұстап тұруға мүмкіндігі бар. Әрі ол судың 95%-ға дейінгі көлемін тікелей өсімдік тамырына береді. Біріншіден, су топыраққа сіңіп кетпейді, екіншіден жер қыртысына теріс әсер етпейді, үшіншіден өсімдікке оңтайлы ылғал-ауа режимін сақтайды. Одан бөлек, су мен тыңайтқыш шығынын азайтады, тасымалдау, отырғызу кезінде өскіндердің тамырын қорғайды, жерсі­нуіне көмектеседі, өсімдіктердің құрғақ­шы­лыққа төзімділігін арттырады, топы­рақ­ты қопсытып тұрады. Ал 3-5 жылдық жарамдылық мерзімі біткеннен кейін биологиялық жолмен  топыраққа араласып кетеді. Ең бастысы, адамға да, қоршаған ортаға да қауіпсіз», – дейді BETA SORB ЖШС директоры Әлібек Нұркенев.

Агрогельді егін шаруашылығында пай­даланудың 5 түрлі жолы бар. Ол егістікке де, бау-бақшаға да, ағаш-көшет отыр­ғызуға да жарайды. Ең басты мақ­сат – үнем болса, оның пайдаланғаннан кейінгі суғару су көлемі 50-75%-ға дейін азайғаны дәлел­денген. Ал бәрінен бұрын ол өзімізде шығады.

«Ақылды» сантехника ысыраптан сақтайды

Мамандар тұрмыста жалпы су көле­мі­нің тек 4%-ы ғана тұтынылатынын айтады. Әйтсе де, оның өзі де көп. Өйткені әрбір адамға ішуге, тамақ дайындауға және жеке гигиена үшін күніне 20-50 литр жетеді екен. Ал біз болсақ, 100 литрге дейін пай­да­­­ла­намыз. Яки, ысыраптың көкесі үйі­мізде. Сондықтан да күнделікті тұрмыста су үнемдеу маңызды болып тұр. Мұндайда ең бірінші кезекте электронды сантех­никалар еске түседі. Мысалы, «ақылды» шүмектер, себезгілер, дәрет шайғыштар (писуар) мен унитаздар біртіндеп өмір салтымызға еніп келеді.  

«Қолыңды жақындатсаң су ағатын шүмектерді бәріміз түрлі қоғамдық жерде көріп жүрміз. Олар толқын таратқыш және қабылдағыш жүйе арқылы жұмыс істейді. Сонысымен су үнемдеуге көп көмектеседі. Мәселен, қарапайым шүмектермен шайы­нып, тіс жуған адам бір ретте 5 литр су шы­ғындаса, «ақылды» түрімен оған 2 литр су жұмсайды. Мұндай заманауи сантехни­ка­ның түрлері қазір көбейіп келе жатыр. Қарапайым түрінен бастап күрделілері де бар. Жапон елінде «менің унитазым ин­тернетке шыға алады» деген әзіл бар екен. Дамығаны сондай, олардың суды жылы­татын, дезинфекция жасайтын, ершікті жы­лытып қоятын унитаздары интернетке қо­сыл­ған», – дейді сантехника сататын дү­­кен­дер желісінің өкілі Дмитрий Донской.

Әрине, үнемді сантехниканың баға­лары арзан тұрмайды. Десек те, суға кеткен шығынды үнемдеу арқылы оны өтеп алуға болады. Бір жағы ол жайлылыққа да сеп. Мәселен, smart бұйымдармен алдын ала уақытын, температурасын, тағы да басқа параметрлерін енгізіп қойып, сіз үйге келе жатқанда ваннаны суға толтырып қоюға болады. Одан да өзге тиімділіктері же­терлік. Ең бастысы, бейсауат ағып жатқан су жоқ.

Ең бастысы – мәдениет қалыптастыру

Су үнемдеу технологияларын қол­дануды міндеттеу керек екені дұрыс. Тіпті, тарифті де аспандатып, Еуропа елдерін­дегідей үнемге мәжбүрлегеннің де терістігі жоқ.  Бірақ тек заңды қатайтумен бұл мәселені шеше саламыз деп ойлау қате. Сондықтан да ең бірінші кезекте адамдар­дың бойында үнем мәдениетін, қоршаған ортаға деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру керек.

«Біздің халық «жеріміз бай, суымыз көп» деген қате көзқараспен өмір сүріп жатыр. Сондықтан да болар, ысырапшыл. Көз алдында сарылдап ағып жатқан суды тоқтатуды ойланбайды. Егер көпшілік жерде суды ағызып қойып, «әлеуметтік эксперимент» жүргізер болсақ, бұған көз жеткізуге болар еді. Сондықтан да ең бірін­ші кезекте адамдардың жауапкершілік мәдениетін, жанашырлық сезімін тәр­биелеу керек. Үнем әдебін кеңінен наси­хаттап, оны мектеп қабырғасынан прак­тикалық сабақ етіп оқыту қажет. Бәлкім, сонда бір нәтижеге қол жеткізіп қалуымыз мүмкін», – дейді Астана қаласының тұрғыны Раушан Үсенқызы.

Елордалық жерлесіміздің сөзінің жаны бар. Үнемнің басы – мәдениетте. Егер табиғи ресурстарды тұтыну емес, игілікке жарату кілтін таба алсақ, келер ұрпаққа қалар несібе де мол болмақ.

Нұрлан ҚОСАЙ