Жаңаөзенде болған тойлардың бірінде жас жұбайлар жар-жардың орнына Бақара сүресінің 2-аятын қосып шыққан.
Жақсы дүние емес: Дінтанушы тойда оқылған Құранға қатысты пікір білдірді
Коллаж: Әбілқасым Есентаев
4,896
оқылды

Тойдан үзінді TikTok әлеуметтік желісінде жарияланды. Бұл мәселеге қатысты Azattyq Ruhy дінтанушы Мұхитдин Паттеевтың пікірін сұрап білді, – деп жазады Aikyn.kz.

Оның айтуынша, «тойда мұндайды жасауға бола ма, жоқ па?» деп ешкім сұрап жатқан жоқ.

«Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқ». Әйтпесе, қай ата-бабамыз келін түскен кезде «жар-жардың» орнына Құран сүрелерін тыңдайтын еді? Тіпті, Құран оқылды деген күннің өзінде жұмақ аяттары туралы айтылған. Мысалы, Түркияда ислами тойларда бір-екі жұма аяттарын оқиды. Мына жерде кәдімгі той ғой. Төрге шығып отыратын тойдың стилі, әу бастан бұл біздің стиль емес. Тойға Құранды қосып қою дегеніміз жақсы дүние емес. Бұл жерде «келеді әне екі жас, топты жарып жар-жар» деп бабалардан қалған жолдар айтылуы керек еді, – дейді ол.

Дінтанушы атағандай, шариғат бойынша да Пайғамбар (с.ғ.с.) кезінде Құран оқып, мұндай қарсы алу болмаған.

"Мына жерде оқылған аяттар өте ауыр. Миғраждан алып келген аяттар. Сондықтан ол да мүлдем сәйкес келмейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінде үйленіп жатқанда Құран оқылғаны болған. Алайда  той барысында Құран оқылды деген жоқ. Пайғамбардың (с.ғ.с.)  өзі той болғанда «сіз бізге, бізден сізге келді» деп дауылпаз тартып, көтеріңкі көңіл күй болуы керек деп айтылғанын “Отбасы” кітабында жазған болатынмын. Демек, Пайғамбар (с.ғ.с.)  да Құран оқу деген талап қоймаған, ән, жыр айту керек делінген. Сондықтан бүгінгі тойларда да ән-жыр айтылуы керек", – дейді Паттеев.

Дінтанушының айтуынша, қазір қоғамда Ясин сүресін скрипкамен, оркестрмен орындап, «Тәубе» терапиясы деп әйелдерге сабақ өткізіп жүргендер бар. 

«Мұның барлығы «Әй» дейтін әженің жоқтығы. Құранды қойып вальс билемекші ме? Ол жерде үлкен кісілер де отыр. Өздері қазіргі заманғы, еуропаның стилі. Христиандардың стиліне  Құранды қойып былай жасау жастардың бетімен кеткенін көрсетеді. Бұл жастардың басым көпшілігі ислам дінін атасынан, әжесінен үйренбеді. Олар ата-әжесінің дінін қабылдамайды. Олар өз ұғымындағы қазіргі заманғы, бір жағы арабша, парсыша түсініктегі діни ұстанымды ұстанады. «Жүре берсең,көре бересің» деп бекер айтпаған. Ертең Құранды қойып вальс билесе де таңғалмаймыз», – дейді дінтанушы.