Жазушы қаламынан туған шығармалары әрдайым оқырмандарды ойландырып, шабыттандырып, әдебиеттің шексіз әлемінде жаңа биіктерге бастайды.
Ұлы көштің дарабозы
2,694
оқылды

Қабдеш Жұмаділовтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылған. Қабырғалы қаламгердің қаламынан туған әрбір сөзі – қазақ халқы мен әдебиетінің арасындағы алтын көпір. Сол көпірдің үстінен өткенде, біз өзіміздің кешегіміз бен болашағымызды танып, ұлттық мұраларымыздың қадірін түсінеміз. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің арқасында әдебиетіміздің шыңына шықтық. Ол – қазақ әдебиетінің майталман шебері, сөз өнерінің шынайы қолөнершісі. 

Білікті жазушының шығармашылығындағы тың ойлар мен сүзіп алар еңбектері жетерлік. Атап айтар болсақ, оның шығармаларында қазақ халқының тарихи тағдыры, көшпенділердің өмірі, ұлттық батырлық эпостары мен аңыздары жиі кездеседі. Сондай-ақ ол өзінің шығармаларында адам болмысының мәні, өмір мен өлім, махаббат пен достық сияқты мәңгілік тақырыптарды тереңдете зерттеді. Қаламгер өзінің жазбасында әлеуметтік әділетсіздікке, заманауи қоғамның кемшіліктеріне және адамгершілік құндылықтардың жоғалмауына көңіл бөлді. Тіл байлығына да аса мән берді. Жазушының тілі – күрделі метафоралар, бай образдар және терең мағыналы символдардың қазынасы. Сонымен қатар оның әдеби техникасында жаңашылдық бар, ол әдебиеттегі дәстүрлі формаларды бұзып, жаңа шығармашылық әдістерді қолдана білді.

Қабырғалы қаламгер тіл мен діл һәм ұлт мәселесін терең қаузап, олардың оң шешілуіне мұрындық болды. «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» демекші өзінің елі үшін бұл тақырыпта аянып қалған жоқ. Сонымен бірге ұлтымыздың тарихын көп оқып, білгендігі – елге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Қазақ елінің тарихы жайлы алып-қашпа әңгімелер де жетерлік.

Биік мінбелерден: «Бізде хандық болған жоқ, мемлекет болған жоқ, шекара да болған жоқ» деген адам сенгісіз жайттар да болған. Басқа елдің идеологтары іліп әкетіп, ашық табалаған кездер болды. Қабдеш Жұмаділов сұхбат барысында осы тақырыпқа өзінің пікірін айтқан болатын. «Қазақта ел болмаған, жұрт болмаған, хандық болмаған деген сөз – біздің бүткіл тарихымызды жоққа шығару ғой. Егер дәл биыл қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпесек, ол біздің елдігімізге, тәуелсіздігімізге сын болар еді. Бұл әлгі қазақта ел болмаған, мемлекет болмаған деген жалалы сөздерге дер кезінде қайтарған жауап болды» деп өз ойын сұхбат барысында сенімділікпен нық айтты.

Жоғарыда айтқанымыздай, тарихты тереңдете, тамырына үңіле қарайтын шебер жазушы болды. Шыңғысхан жайлы өз ой-пікірлерінде түрік екендігін айтып отыратын. Шыңғысхан төре деген рудан шықса, Моңғолияда оның ұрпақтары жоқ, себебі төре руы қазақтарда, оны төбесіне тұтатын халық –  біздің қазақтар ғана. Төрені төрге отырғызып, билік беретін біздің халық. Небір дүлдүл билер, одан қалса, атынан ат үркетін батырлар билікке ұмтылмаған. Себебі әбден халқымыздың қанына сіңіп қалған заң. Қазақты билейтін төрелер деп өзінің көреген ойларымен бөлісті.«Шыңғысхан секілді бабамыздан безбеуіміз керек қой. Ондай ұлы баба әркімнің маңдайына біте бермес» деген болатын. Шынында, данышпан қолбасыдан, Шыңғысхандай ұлыдан біз, яғни қазақтар ғана қашыппыз. Тарихта өзі сөйлеп тұратын айғақтар көп қой. Ішкі таласты айтатын болсақ, кейбіреулер оны «Қият» деп, енді біреулері «Жалайыр» деп жүр. Қият та – түрік, Жалайыр да – түрік, бәрі – қазақтың рулары. 4 томнан тұратын Мұхтар Мағауиннің Шыңғысхан жайлы кітабы бар. Сол кітапта қолбасшының түменбасылары, нояндары, мыңбасылары түгел түрік болған. Шыңғысханның түрік екендігін мойындамау, түріктерді біріктірмеу мақсатындағы алдын ала жоспарланған саясат болды. Ал қазір жаңа деректер ашылып жатыр. Моңғолия құпия шежіресін әрі Рашидиннің  тарихи еңбектерін орысшаға аударғанда теріс-қағыс аудара салған ғой. Жазушының өзі де «Шыңғысханның түрік екенін айтатын жерді әдейі қалдырып, сызып тастап отырған» деп өз зерттеулерін әңгіме барысында қозғаған болатын. 

Қытайдан Қазақстанға алғаш боп өткен ұлы көштің дарабозы – Қабдеш Жұмаділов. Шығармашылық мұрасы – әдебиетіміздің алтын қоры. Ол өзінің шығармалары арқылы қазақ халқының бай тарихын, мәдениетін және ұлттың мүддесін терең зерттеді. Оның әрбір сөзі, әрбір жолы қазақ халқының рухын, дәстүрін және тарихын айқындай түседі. Қаламгердің шығармашылығындағы философиялық ойлар, әр кейіпкерлер мен шынайы эмоциялар барша оқырманның жүрегіне жететіні хақ. Автордың алтын әріппен өрнектеп жазған жазбалары мәрмар тасқа қашалған мәңгілік өшпес із сияқты. Өз туындыларын шедеврге теңеген майталман жазушы. «Шығармаларымның бір сөзін өзгертпеймін. Құдай қалай сыбырласа, сол күйінде қалады» деп өз еңбегіне еш өкінішсіз сенімді түрде айта алатын тұлға. Қызығы, жазушыны Құдай қарасқан адам дер едім. Өз әулетінде ұзақ жасағандар жоқ еді. Әкесі Жұмаділ қырық жеті жасында, атасы Күдері би қырық бес жасында қайтқан болатын. 

Қорыта айтсам, Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, оның шығармашылық қуаты мен таланты ұрпақтар бойы жалғасын тауып, бүгінгі және болашақ оқырмандардың рухани әлеміне нұр берері мәлім. Оның өлеңдері мен әңгімелері, романдары мен мақалалары қазақ әдебиетінің кеңістігінде өзіндік орын алып, әдеби көкжиегін кеңейтті. Талантты жазушының шығармашылығы – бұл ұлттық сананың қайнар көзі, оның әрбір сөзінен қазақ халқының тарихы мен тағдырының куәсі бола аламыз.

Жазушы қаламынан туған шығармалары әрдайым оқырмандарды ойландырып, шабыттандырып, әдебиеттің шексіз әлемінде жаңа биіктерге бастайды. Сөз шеберінің мұрасы – қазақ әдебиетінің мәңгілік құндылығы. Оның жазбалары ұрпақтан ұрпаққа жетіп, әрдайым жаңа оқырмандарды таңғалдыра бермек. Өлеңдері мен прозасы қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты және оның шығармашылығы қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін шабыт көзі болып қала береді.

Сөз соңын «Қарымды қаламгер еліміздің рухани саласын дамытуға мол еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділовтың есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» деп еске алған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен аяқтағанды құп көріп отырмын.

 

Әли Қасымбаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 

                                                                  2-курс студенті

                                                               Жетекшісі: Ермахан Шайхыұлы