Елімізде тасқын судың салдарынан болған апатты жағдайдан көптеген құрылыс нысаны мен жергілікті жердегі тұрғын үйлер тұруға жарамсыз болып қалды.
Жалаулыда жуырда қоныстой
1,512
оқылды

Десе де, қазірдің өзінде сол тасқын судан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмысы ұйымдастырылып, жаңа үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сондай ауылдың бірі – Павлодар облысындағы Жалаулы ауылы. Ресми мәлімет бойынша, ауылдағы 14 үйді су басқан еді.

Жергілікті тұрғындар мұндай тасқынның келуі бұрын 1985 жылы болғанын айтады. Сол себепті ойпаңдағы үй сүріліп, жаңасы ауылдың ортасынан салынады. Аталған өңірге барып, мән-жайды толық біліп қайтқан депутат Асылбек Туғанбай Жалаулыда жуырда қоныстой болатынын қуана айтты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, Павлодар облысы басшылығының жедел әрі дұрыс ұйымдастыра білгенінің арқасында қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға барлық көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылында болдық. Жақын күндері үйі су астында қалған тұрғындар қоныстойын тойламақ. Ауылда жаңадан демеушілер есебінен 5 үй салынып жатыр. Жалпы, Павлодар облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жәрдемдесу жалғасуда. Қазіргі кезде қарғын судан жапа шегіп, өтінім білдіргендердің өтініші толық қанағаттандырылған. 100-ден астам отбасына 100 млн-ға таяу өтемақы төленді. Баспанасы жарамсыз деп танылған 7 отбасын тұрғын үймен қамту жұмыстары қолға алынды», – дейді «AMANAT» фракциясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты А.Туғанбай.

Сонымен қатар елді мекенге барып, тұрғындармен кездескен билік өкілдерінің сөзінше, қазір ауылда жағдай тұрақталып, суға кеткен үйлерді жаңадан салып жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін тұрғындарға жедел көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су тасқыны кезінде Жалаулы ауылында 14 үй зардап шеккен. Сараптама қорытындысы бойынша, 9 отбасына ақшалай өтемақы берілді. Облыс әкімі Асаин Байханов апатты және қалпына келтіруге жатпайтын 5 жаңа үйдің құрылысын бастау туралы шешім қабылдады. Мұнда екі үйдің қаңқасы салынғанын көреміз, қалған үшеуі салынып жатыр. Тұрғын үйлер сапалы материалдардан салынып, барлық қажетті игілікпен толық қамтамасыз етілген», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова.

Су тасқыны кезінде үйі қатты зардап шеккен жергілікті тұрғын Светлана Муллина жаңа тұрғын үй салуға қатысты ойын айтты. Алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан көпбалалы ана барлық қазақстандыққа үлкен көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Бір жағынан қуанып әрі толқып тұрмын. Біз қазір үнемі құрылыс болып жатқан жерге барамыз, жұмысшылармен сөйлесеміз. Жаңа тұрғын үй біздің көз алдымызда салынып жатыр. Осы іске жауапты мамандар еденді құйып, қабырғаларды сылап, қазандық жабдықтарын және басқа да маңызды нәрселерді орнатып, үйді дайын күйде беруге уәде етті», – деді Светлана Муллина.