БҚО-да су тасқынынан келген зардапты жою жұмыстары басталып кетті. Бүгінде аудандарда су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз болып қалған үйлер бұзылып жатыр.
Тасқыннан кейінгі тіршілік
704
оқылды

Жалпы, аймақ бойынша 420 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Бірақ бұл сан әлі өзгереді. Себебі комиссия әлі үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Соның ішінде су кетпей, комиссия өте алмай жатқан жерлер де бар.  

Биылғы тасқын оңай болған жоқ. Облыс бойынша 1 321 үйге су кірген. Оның ішінде 420 үй жарамсыз болып отыр. 

– Бүгінде  Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Атап айт­қанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анық­талып, ескі орындары бұзылып, жер жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов. 

Осы жұмыстарды көзбен көру мақсатында Теректі ауданы Подстепное ауылына бардық. Біз бас сұққан көшеде бірнеше үйді бұзу жұмыстары жүріп жатыр екен. 

Бұл – Нұрсұлтан Болат есімді азаматтың үйі. Нұрсұлтан ауылға су келіп қалды дегенде жігіттермен бірдей бөгет тұрғызу жұмыс­тарына көмектескенін айтады. Алайда екі кештің ортасында өз үйі суға кетіп қалыпты. «Үйдегі үлкендер мен бала-шағамды шы­ғарып үлгер­дім», – деп еске алады Нұрсұлтан. 

– Жігіттермен далада жұмыста жүргем. «Үйің суға кетіп жатыр» дегенді естіп, жүгіріп келдім. Келіп балаларды, ата-анамды шы­ғарып алдым. Олар қазір ағайын­дарымыздың үйінде тұрып жатыр. Үйге кірген су бес күн тұрды. Мен кіріп, қарап шықтым. Су беліме дейін келді. Кейін үйдің іргесі сө­гіліп, құлады. Бүгін енді құрылыс компаниясынан келіп үйді бұзып, орнын тазалап жатыр. Осы жерге 80 шаршы метрлік, үш бөлмелі үй салып береміз деді, – дейді құры­лыс басында жүрген ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Болат. 

Подстепное ауылы бойынша 56 үй салынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бізге Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Амандықов айтып берді.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, жалпы Теректі ауданы бойынша 80-нен астам үй тұруға жарамсыз деп танылған. Соның ішінде 56 үй осы Подстепное ауылында салынады. 

– Қазір  Аңқаты ауылында 24 үйдің құрылысы басталды, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Ерлан Амандықов. 

Қазір өңірде тұрғын үйлерді салатын мердігер компаниялар анықталып, олар өз жұмысын бас­тады. Атқарушы билік халыққа қажетті үйді қазан айының ортасына дейін бітіріп береміз деп уәде беріп отыр. 

Биыл облысты су тасқынынан қорғап қалу мақсатында 150 ша­қырым бөгет тұрғызылған. 

– Уақытылы қабылданған ша­ра­лардың арқасында Орал қаласы, Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық және Теректі аудандарындағы Жайық өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді су баспады, – деді Тілепберген Каюпов.

Десе де, қазір облыс аумағында ашылған 12 эвакопунктте 2 358 адам орналастырылған. Оның 1 344 үлкендер болса, 1014-і – бала. Зардап шеккендерге жалпы 346 млн теңгеге 598 тонна азық-түлік, 252 тонна қажетті тауар және 4 тонна дәрі-дәрмек беріліп, гума­нитарлық көмек көрсетілді.

Су тасқыны салдарынан 2 342 бас мал шығынға ұшыраған. Оның 341-і ірі қара, 63-і жылқы, 1 741-і жан­дық болса, 116-сы шошқа және 81-і үй құсы. Оның орнын толтыру жұмысы да жүріп жатыр. 

– Қазір шығындарды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мал шығынын өтеуге облыстық бюджет резервінен 187,5 млн теңге бөлінді. Күні бүгін 141 өтініш біл­дірушіге 126,9 млн теңге көлемінде қаражат беріліп, 1 000 бас мал шығыны өтелді, – деді Тілепберген Ерсайұлы.

Брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары материалдық мүлікті өтеудің жоғарғы шекті құны 150 АЕК болып белгіленгенін де атап өтті. Ол – 553,8 мың тең­ге. Материалдық мүлікті өтеу тиісті бағалау жұмыстары өткізіл­геннен кейін жүргізіледі.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы