Карантиндік өсімдіктер ел қамбасын толтыруға едәуір тұсау болып отыр­ғаны жасырын емес. Қазір еліміздің егіс алқаптарының біршама бөлігін кезінде бақылаудың жоқтығынан аса қауіпті арамшөп түрлері басып қалған.
Алқаптағы арамшөп келтірмесін залал көп
705
оқылды

Ауыл шаруашылығы минис­трлігіне қарасты Респуб­лика­лық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдісте­мелік орталығы мамандарының айтуынша, ел аумағында әлгі карантиндік арамшөптердің бес түрі таралған: жусан жапырақты ойраншөп, көпжылдық ойран­шөп, тікенекті алқа, арам сояулар және ең кесірі мол арамшөп­тің түрі – жатаған у кекіре. 

Жалпы, карантиндік өсім­діктер дегеніміз – біздің елдің егіс алқаптарында көнеден бері болмаған, тіпті пайда бола қал­ған жағдайда елге елеулі эко­номикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін түрлі ауруды қоздырушы бөтен текті зиянкес арамшөптер. 

Тіпті, елімізде осыған сәйкес өсімдіктер карантині туралы арнайы заң да қабылданған. Заңда көрсетілгендей, егер кімде-кім карантиндік деп таныл­ған дақылды сырттан кіргізсе не шығарса, сол тұлға арнайы жауапкершілік арқалайтыны нақты көрсетілген. Сондықтан бұл іске бейжай қарамау керегі нақтыланған. 

Зерттеулер нәтижесі мен ка­рантиндік арамшөптерді анық­тау мониторингтік қорытын­дысы бойынша, былтыр еліміз­дің 3 млн 218 мың 422 гектар алаңында карантиндік арам­шөп­тер бар екені белгілі болған. Бұл кесірлі арамшөптермен күресуге кей жағдайда аса мән берілмей қалатыны үлкен шы­ғын әкеледі. Алқаптардан карантиндік өсімдіктер анықтал­ған жағдайда дереу тиісті орын­дарға хабарланып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет. Сондықтан егін не мал шаруашылығымен айналысатын кез келген шаруашылықтың арнайы мамандары аса сақ болғаны абзал. 

Республикалық фитосани­тариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орта­лығының Гербология бөлімінің басшысы Дулат Смағұловтың айтуынша, олар былтыр 49 мың 185 гектар алқаптағы карантиндік шөптерді анықтаған. Бұл жер телімдеріне бірнеше жыл бойына дәнді дақыл сеппей, арнайы залалсыздандырылу қажет. Сонымен бірге жатаған у кекіре – 47 мың 736,72 гектар, көп жыл­дық ойраншөп – 64,1 гектар, жусан жапырақты ойраншөп – 86,35 гектар, арам сояу – 1291,83 гектар, тікенекті алқа – 6,447 гектар жерге жайылған.

«Карантиндік өсімдіктер та­биғатта дәстүрлі түрде өсетін дақылдарды ығыстырып, өнер­кәсіптік алқаптарды мекендейді, дәнді және көкөніс дақылда­рының өнімділігін төмендетеді, вирустар мен бактериялардың таралуына қолайлы жағдай жасайды. Механикаландырылған егін жинау кезінде техниканы істен шығарады. Бұл дертті жұқ­тырған алқаптардан жиналған астықтың сапасы нашар болады. Ал арамшөптердің карантиндік түрлері кездесетін жайылымдар мал жаюға жарамсыз. Өсімдік­тердің осы тобының жекелеген түрлері адамдарда ауыр аллер­гиялық реакция тудырады, сүт­қоректілер үшін улы болып табылады», – дейді ол. 

Тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықтарда бізде өсім­діктер, азық-түлік және шикізат ресурстарының қауіпсіздігін сақтау мәселесіне жіті назар аударылмай қалғаны жасырын емес. Осы тұста елге өзге елдерден түрлі зиянкес пен карантиндік арамшөп еніп кетті дейді мамандар. Тіпті, өсімдіктер мен жануарларға тән инфекциялық аурулардың қоздырғыштары, кенелер, жұмырқұрттар мен бұрын-соңды болмаған арам­шөптер де алқаптарда қаптай бастаған. Осылайша, карантиндік өсімдіктер де аумақтарда таралып кетті. 

Карантиндік нысандар вагон, ұшақ, кеме арқылы, тіпті көлікпен келетін жүктермен жіберілген заттар арқылы таралады. Қазір елімізге 100-ден астам мемлекеттен әртүрлі карантиндік дүниелер келгені анықталған. Салдарынан Қа­зақстан аумағында 17 карантиндік нысан түрі тіркелген. Салыс­тыратын болсақ, ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 20-30 шамасында, Қытайда 100-ден астам, ал дүниежүзі бойынша 400-ден астам түрге бөлінеді. Ауыл ша­р­уа­­шылығында карантиндік нысандар азықтық өнімді 40-100 пайызға дейін жарамсыз етеді екен. Мысалы, АҚШ-та копр қоңызына қарсы күрес шараларын жасау үшін жыл сайын 1 млн доллар қаржы бөлінеді. Финляндияда жылыжайда кали­­форниялық трипті жою үшін 1,6 млн фин маркасы жұм­салады екен. Бізге зиянкестердің ену қаупі оңтүстік және оң­түстік-шығыс Азиядан және Еуропадан болып тұр. Қазақстан аумағын зиянды нысандардың енуінен және таралуынан қорғау мақсатында нақты әсер ететін карантиндік бақылауды ұйым­дастыру керек және уақытында карантиндік шаралар қолдану қажет. Карантиндік нысандар­дың әсерінен ауыл шаруашы­лығы өсімдіктері өнімінің тө­мендеуі 100%-ға дейін жетуі мүмкін, ал олармен күресу мақ­сатында жыл сайын қазынада жүздеген миллион теңге жұмсау қажет. Айталық, тек бір ғана у кекіре арамшөбінің таралуынан түсім жыл сайын 3 млрд теңгеге кемиді екен. 

«Карантиндік арамшөп – жатаған у кекіремен күресу кешенді түрде жүргізілуі керек. Ол кәдімгі арамшөптер тәрізді бір рет тамырын кесіп тастау ар­қылы жойылмайды. Оның та­мырының тереңдігі он метрден асып кететіндіктен, кесіп таста­ған күннің өзінде қайта көктеп сала береді. Сондықтан жатаған у кекірені тек кешенді түрде химиялық жолмен жою қажет. Дер кезінде шара қолданып, уламасақ, бұл өте тез таралып, алқаптарды алып кетеді. Егер шаруалар жатаған у кекірені байқап жатса ол аумақты дереу қоршап, ол жерге техника кіргізбеулері керек. Техника кіріп, жерді өңдеп кеткен жағдайда жатаған у кекіре барлық алқапқа таралады. Содан кейін онымен күресу өте қиын. Сәйкесінше бұл жерден жиналған астық түкке жарамай қалады», – дейді агроном Октябрь Құрметбек. 

Тамыры 15 метрге жететін бұл арамшөп тіршілік ету үшін орта талғамайды. Оны түбегейлі жою үшін кем дегенде 5 жыл уақыт қажет. Сәйкесінше 5 жыл бойы арамшөп басқан алқап егін жинауға жарамсыз болып тұра бермек. Октябрь Құрмет­бектің айтуынша, тамыры соқа не өзге де техниканың тісі ар­қылы кесіліп не сүйретіліп, басқа алқапқа түссе, әлгі кесінді сол бойда көктеп, тамыры тереңдеп кете береді. Осылайша, маңайындағы дақылға қажетті минералды түгелімен өзіне сорып, айналасына түк шығармай қояды. 

Тағы бір қызығы, дәл осы арамшөп қоректік заттарды өзге өсімдіктерге қарағанда 2-8 есе артық пайдаланады Ал жатаған у кекіремен қоректенген малдың сүті ащы болып кетеді. Аталмыш өсімдік жануарлар үшін улы. Соның ішінде түйе және жылқы үшін аса зиян. Бір ғажабы, у кекірені қой мен ешкі жақсы жейді екен. Бұл зиянды шөп Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Аустралия, Ресейдің біршама аумағына жайылған. 

«Республикалық фитосани­тариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталы­ғы» РММ мамандарының айтуынша, карантиндік объекті­лердің елде 29 түрін, оның ішінде 5 түрін анықтау бойынша жалпы ауданы 3 400,0 мың гектар іс-шаралар өткізілген екен. Жою мен анықтау шараларын үздіксіз өткізудің нәтижесінде соңғы жылдары алқаптар едәуір тазарғанға ұқсайды. 

Карантиндік арамшөп­тердің барлық түрінің ішінде былтырмен салыстырғанда жатаған у кекіре, жусан жа­пырақты ой­ран­шөп және арам сояу арам­шөптері ошақтары азая бастады, – дейді Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мамандары. 

Елдің егіс алқаптарының сапасын астық пен дақылдың құнын түсіріп орасан зиян шектіріп отырған арамшөппен күрес бір күн де тоқтамауы керек. Зиянкеспен күресуді бір минис­трлік емес, барша шаруа мен ғалым бірлесе жүргізгені маңызды.

Бердібек ҚАБАЙ