Бұдан былай жүргізушілер Kaztoll.kz сайты арқылы нақты уақыт режимінде жолдардың жағдайын бақылай алады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Бүгінде 17 ақылы жолда 74 бейнекамера орнатылып, олар көлік қозғалысының трафигі, ауа райы және жолдың жалпы жағдайы туралы ақпарат беріп отырады. Бұл жүргізушілер үшін алдын ала сапарды жоспарлауға, оңтайлы бағыттарды анықтауға және жолдағы қолайсыздықтарды алдын алуға мүмкіндік жасайды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жаңа сервис сапар кезінде уақытты үнемдеуге және қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін таптырмас құрал болмақ.
"Ақылы жолдардың онлайн көрсетілімінің арқасында жүргізушілер кептелістерді алдын ала көріп, уақыттарын үнемдеп, сапарларын ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп жоспарлай алады. Жолдардағы онлайн көрсетілім тек көлік жүргізушілерге қолайлы жағдайды жасап қана қоймай, сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталмақ. Жолдардың жағдайы туралы ақпарат жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін сапарларын қауіпсіз әрі болжамды етуге көмектеседі", - делінген хабарламада.
Осылайша, "ҚазАвтоЖол" ұсынған ақылы жолдардағы онлайн көрсетілім көлік жүргізушілері үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып, жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға септігін тигізеді.