Олар – бір отбасының балалары.
Павлодар облысында ешқандай құжаты жоқ 6 бала анықталды
790
оқылды

Барлығы анасымен бірге облыстық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр, -  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Балалардың ең үлкені 2016 жылы, ең кішкенесі былтыр ғана дүниеге келген. Ал ата-анасы шетелдік азаматтар екені белгілі болды.

«Павлодар қаласында полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және білім беру бөлімдерінің мамандары бірлескен рейд жүргізу барысында кәмелет жасына жетпеген 6 баланы асырап отырған шетелдік отбасыны анықтады. Балалардың туған жылдары 2016-2023 жылдар аралығын қамтиды. Олар ешбір АХАТ органдарында заңды түрде тіркелмеген, яғни туу туралы куәлігі және ЖСН-дері жоқ. Денсаулық сақтау және білім беру нысандарында бекітілмеген. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып табылады», - деп мәлімдеді Kazinform департаментке сілтеп.

Қазір балалар анасымен бірге облыстық балалар аруханасына жатқызылып, дәрігерлік бақылауға алынды. Аурухана директорының орынбасары Ирина Орсагоштың айтуынша, отбасы мүшелерінің барлығын дәрігерлер тексеріп шыққан. Денсаулық жағдайлары тұрақты, бірақ дәрігерлік бақылау мен күтімді қажет етеді.

Жергілікті мемлекеттік органдар бүлдіршіндерге туу туралы куәлік пен ЖСН, сондай-ақ отбасыға ҚР аумағында уақытша тұруға рұқсат беретін құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесіп жатыр.