Комиссия отырысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шаһин Мұстафаев ортақ әліпби мәселесі түркі халықтары ынтымақтастығының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Ортақ әліпби жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті
Фото: Түркі академиясы
1,928
оқылды

Әзербайжан астанасы Бакуде Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссиясының екінші отырысы өтті. 

Аталған жиынды Түркі Академиясы Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесі жанындағы Түрік тілі қоғамымен бірлесіп және Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Насими атындағы Тіл білімі институтының қолдауымен ұйымдастырды.

Басқосуға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түрік тілі қоғамының президенті Осман Мерт, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, Ататүрік орталығының төрағасы Низами Джафаров және ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден және бақылаушы мемлекеттерден келген Комиссия мүшелері мен тіл білімі саласындағы ғылыми-зерттеу институттардың ғалымдары қатысты.

Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның екінші отырысында бауырлас мемлекеттердің өкілдері ортақ әліпби идеясын ілгерілету және осы бағыттағы жаңа қадамдарды талқылады.

Комиссия отырысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шаһин Мұстафаев ортақ әліпби мәселесі түркі халықтары ынтымақтастығының маңызды бағыты екенін атап өтті.

“Түркі әлемінің бірлігін нығайту үшін әліпби бірлігіне де мән берілуі тиіс. Соңғы жылдары түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық институционалды сипатқа ие болған сайын, ортақ әліпби мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріле бастады”, - деді Мұстафаев.

Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымымен келісе отырып, Түркі Академиясының базасында жұмыс істейтін комиссия әр тараптан лингвистикалық салаға жауапты екі мүшенің қатысуымен құрылған болытын. Комиссияның алғашқы отырысы 2023 жылдың 29 мамырында Астана қаласында өтіп, бірқатар маңызды шешімдер қабылданған болатын.