­Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде талай қаракөздеріміз аза­матынан айырылса, бүлдіршіндеріміз жетімдіктің қамытын киді. Оқ пен оттың ортасында көптеген тағдыр талқандалып, бір отбасы­ның арқа сүйер азаматтары елге жарымжан күйде оралды.
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс
1,405
оқылды

Сол бір сұрапыл жылдары ер-аза­мат­тар­мен қатар майдан дала­сы­на аттанып, ерліктің озық үлгісін көр­сеткен нәзік жандыларымыз да аз бол­мап­ты. Оның ішінде қару асынып, жау әс­ке­ріне қарсы тұрған қыздардан бөлек, оқ пен оттың арасында жаралы жауын­гер­лерге дәрігерлік көмек көрсеткен қар­лы­ғаштарымыз қаншама.

Бүгінде олар жайында жазыла да, ай­тыла да бермейді. Дейтұрғанмен жаралы жауын­герлерге жарық сыйлаған мұндай нә­зік жандыларымыздың еңбегі ерен. Со­ның бірі – Сыр өңірінің қызы, со­ғыс және еңбек ардагері Рәзия Ысқа­қова. 

Рәзия Шәкенқызы Қызылорда об­лысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауы­лында дүниеге келіпті. 1936 жылы жеті жыл­дық мектепті тәмәмдап, Шымкент қа­ласындағы Медициналық училищеде фе­льдшер мамандығын алады. Алайда  соғыс өрті тұтанып, бейбіт өмір­де маман­дығы бойынша еңбек етуге мүм­кіндік қал­майды. 

Таңдаған мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі болар, ол небәрі 19 жа­сын­да майданға өзі сұраныпты. Осылайша, 1941 жылдың қазан айында соғысқа әс­кери фельдшер болып аттанады. 

Қайсар қыз Украина майданында көз­сіз ерліктің үлгісін көрсетті. Алғашқы күн­нен ге­нерал-полковник П.Рыбалко қол­бас­шылық еткен даңқты танк армиясының 55-бригада құрамында фельдшер болып, талайды ажалдан арашалағаны айтылады. Көзкөргендердің айтуынша, батыр қыз қарша бораған қорғасын оқтың арасынан та­лай жаралыны емдеп, екінші өмір сый­лаған. Бұл жайында сол кездегі дәрігерлік қыз­мет бригадасының бастығы, майор Ба­нусловскийдің жазбаларынан да ке­зіктіруге болады. Онда фельдшер қыздың жа­нып жатқан танктен батальон коман­ди­рі Федоров пен оның экипажын құт­қар­ғаны айтылады. Оның ішінде 4 экипаж мүшесі мен жаралы 15 адамы бар делінген. Бұл Сан­домир шайқасында болса керек.  

Ержүрек дәрігер қыз Сталинград, Курск шайқасына, Харьков, Киев және Варшаваны азат етуге де атсалысқан. Ақырғы айқас – Берлинді алу операция­сы­ның да куәгері болыпты. Соңғы шай­қас­тың өзінде қарша бораған оқтың ор­та­сында жүріп, 44 жаралы жауынгерге ме­дициналық көмек көрсетіпті. Осылай­ша, соғыс жылдарында бас-аяғы 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқарып, ерлігі ел есінде қалды. Тіпті, қажет кезінде жа­ра­лы адамға өз қанын да құйған сәттері бол­ғаны айтылып жүр.

Рәзия Ысқақованың соғыс кезінде көр­сеткен ерен еңбегі елеусіз қалмады. Кеу­десіне «Қызыл жұлдыз» және «Жауын­гер­лік ерлігі үшін» секілді көптеген м­е­даль тағылды. Бертін келе 1975 жылы Ха­лықаралық Қызыл Крест комитетінің «Флоренц Найтингейл» медалі табыс­та­лып­ты. Бұл Сырдың қайсар қызының  ер­лігіне берілген ең жоғары марапат са­на­лады. Олай дейтініміз, мұндай марапат Кеңес Одағы бойынша 26 медбике, Қа­зақ­станнан 5 фельдшерге ғана берілген. Со­лардың қатарында Сыр қарлығашының та­былғаны көпшіліктің көңіліне мақ­т­а­ныш сезімін ұялатады. 

Қазір Рәзия Ысқақованың есімі Сыр елін­де ұлықталып, ерен еңбегі туған ауы­лы Жаңақорған халқының жүрегінде мәң­гіге сақтаулы. Жаңақорған аудандық та­рихи-өлкетану музейінде қаһарманның май­дан даласында өткізген сын сәттерінен мағ­лұмат беретін тың деректер де аз емес. 

«Рәзия Ысқақованың ерен еңбегін кеңінен дәріптеу назардан тыс емес. Ба­тыр апамыз ауданға қарасты Красный Звез­да совхозының Жайылма учаскесінде 1922 жылы дүниеге келген. Соғысқа әс­кери фельдшер болып аттанған жер­ле­сі­міз­дің әрбір соқпақты жолдары оңай бол­­мады. Мұны сол кезден жеткен көне құжаттардан аңғаруға болады. Қандай қиын­дықты да қайсарлығымен жеңе біл­ген медицина қызметі лейтенантының ерен еңбегі дер кезінде еленді деп айтуға бо­лады. Ең бастысы, оған Халықаралық Қы­зыл Крест комитетінің «Флоренц Най­тингейл» медалі табысталды. Ержүрек дә­рі­гер апамыз 2010 жылы дүниеген өтті. Де­се де, оның ұлт болашағы үшін жасаған ерліктері өскелең ұрпақтың жадында мәң­гіге сақталары сөзсіз», – дейді бізге Жаңа­қорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Ажар Жанаева. 

Жалпы, сұрапыл соғыс кезінде Жаңа­қорған ауданынан майдан да­ласына 4 949 жауынгер аттаныпты. Оның 2 660-ы елге аман-есен оралса, 2 289 боздақ майданда ерлікпен қа­за тапқан. Соның ішінде соғыс және ең­бек ардагері, КСРО денсаулық сақтау ісі­нің үздігі, Қызылорда облысының Құр­метті азаматы Рәзия Шәкенқызының есі­мі төрткіл әлемге мәлім десек артық айт­қандық болмас.

Қазір Сыр топырағынан шыққан дәрі­гердің өмір жолы мен ер­лік­терінен сыр шер­тетін құнды құжаттар Лон­дон мен Мәс­кеудегі музейге қойыл­ған. Сондай-ақ елі­міздегі Көкшетау мен Шым­кент қаласындағы мұражайларда да көп­теген мәлімет бар. Бұдан өзге, сол кез­дегі танк бригадасының командирі, ге­нерал-пол­ковник, екі мәрте Кеңес Ода­ғының Ба­тыры Давид Абрамович Дра­гунс­кийдің Сыр­дың батыр қызы жайында жаз­ған «Роза – дочь казаха» деген пове­сі­нен де тың мәліметтер  табуға болады.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы