Қария 1943 жылы соғысқа аттанған.
"Жігіттермен тең жүрдік": Астанада қарттар үйінде тұратын ардагер әжей соғыс жылдарын еске алды (видео)
Видеодан кадр: 24KZ
2,080
оқылды

Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ғасыр жасаған ардагер тұрады. Ресей тумасы Раиса Сафоничева жеңісті Будапештте қарсы алған. Одан кейінгі тағдыры Қазақстанмен байланысты болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ-ке сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, қария 1943 жылы соғысқа аттанған. Оған дейін де тыным көрмеген. Әскери зауытта еңбек етіп, ауыр техникаларды күтіп-баптауға ат салысты. Госпитальдарға түскен жаралы сарбаздардың өміріне араша болу үшін донор да болған. Биыл шілдеде 99 жасқа толатын қария екі жылда 8 л 150 грамм қан тапсырғанын есіне алды.

"Мен оқып жүргенде алғаш рет қан тапсырдым. Кейін Отанымды қорғауға бел будым. Санитар болсам да, көмегім тисін дедім. Бірақ жігіттермен тең жүріп, талай жұмысты атқардық. Бәрі мені құрметтейтін. Жеңіске жеткенімізді радиодан естіп білдім. Таңғы сағат 4-те хабарлады. Бөлмеде жалғыз болғам. Бір кезде солдаттар жүгіріп келіп, қуаныштарымен бөлісті. Бұл сәт мәңгі есімнен кетпейді", - деді ардагер Раиса Сафоничева.

Раиса Егоровна майдан шебінде байланысшы болған. Жігерлі жан Украина, Бессарабия, Венгрия, Румынияны жүріп өтті. Жеңіс күнін Будапештте қарсы алған. Кеңес әскері қатарынан 1946 жылы ғана босапты. Одан тұрмысқа шығып, тың игеру үшін күйеуімен Ақмола даласына келген. Әр салада еңбек еткен ол, жолдасы қайтыс болған соң, өз еркімен қарттар үйіне орналасқан.

 "Ол кісі осы "Шарапат" ӘҚКО 2018 жылдан бері тұрып жатыр. Оны  ол кісінің тұңғыш қызы Маргарита алып келген болатын. Бұл әжеміз өзі келген болатын. Қызы қайтыс болды. Қызының қазасы бұл кісіге қатты тиді. Содан кейін бұл кісі төсек тартып жатып, кейіннен коляскаға отыра бастады. Бірақ бұл кісі өмірге сүйіспеншілікпен қарайтын адамдардың бірі. Ешнәрсеге қарамастан, қайратының арқасында өмір сүріп келеді. Қатты дерті жанына батқан күннің өзінде басқалардың ауырмауын, ары қарай алға жылжуды сұрап отырады", - деді "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ардақ Сейітова.

Қарияның іздеушілері бар. Шөбересі келіп тұрады. Одан бөлек, депутаттар, ардагерлер ұйымдары, волонтерлер  де қазыналы қарттың көңілін табуға тырысады. Батасын алады.

Раиса Сафоничева екінші дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Украинаны, Будапештті азат еткені еленді, бейбіт заманда "Ерен еңбегі үшін" бағаланды. Биыл мереке қарсаңында Раиса Сафоничеваға үшінші дәрежелі "Айбын" ордені табысталды.

Телеарна ақпаратынша, қазір "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Раиса Сафоничевадан бөлек 14 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Барлығы мемлекет қамқорлығында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.