Әнші асылтұқымды айғырын кезінде саудалап жібермегеніне өкініш білдірді.
«Көз жылқыны қазанға, адамды қабірге салады»: әнші Бағлан Әбдірайымов тіл-көз туралы ойын айтты
Фото: instagram.com/baglan_abdraimov_official
8,858
оқылды

«Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желідегі парақшасында тіл-көз, сауда жайлы ойын, басынан өткен оқиғасын баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өнер иесі асылтұқымды айғырын кезінде саудалап жібермегеніне өкініш білдірді. 

«Атам марқұмның ақбоз айғыры болған. Ол кезде баламын. Облыс әкімшілігінің қызметкерлері қымбат дүние мен қосымша ақша ұсынып, ақбоз атқа сауда берді. Атам келіспей, атты бермейді. Үш күн өтпей ақырға түсіп өліп қалды. Бұл оқиғадан сабақ алғанмын. Қатты назар ауғанда саудасы келеді, беру керек. Сол секілді, біздің де жануарға елдер баға берді. Тікелей кездесіп, сөйлеспеген соң сататын ниет білдірмедім. «Zero QARYZ» киносына қаражаттан қиналған сәтте әлгі адамдар ұсынған баға еске түсе беретін. Бірақ бұлай боларын кім ойлаған… Атамның басынан өткен оқиғаны қалайша естен шығарып алдым?» – дейді әнші. 

Ол айғыры жардан құлап, мертіккенде дер кезінде бауыздап үлгергенін айтады. 

«Үйірге жіберіп, биеге асылып, мінез шығарып жүргеніне балаша қуандық. Үйір қайыратын айғырдың әдеті емес пе? Айдаладағы айғырдан үйірді қызғанып, жарды көрмей құлап кеткен. Жұлыны сол жерде кеткен. Намысты жануар қанша тұруға талпынса да, артқы аяқтары қозғалмай жатты. Тек алдыңғы аяғымен жер тарпып, пырылдап, ызамен жатты. Қандай жануар болса да бір қазан ет болды. Саудасы бітті. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Бәлкім бұл әңгіме сіздерге қызық емес шығар. Маған естелік болып осында қалғаны дұрыс. Уақыт өткенде сағынышпен еске алармын немесе күлермін. Айтпағым, «Көз жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген, тіл-көзден аман болайық!» – деп жазды өнер иесі.