Еліміз бойынша «AMANAT» партиясының өкілдері Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан барша ардагерді өз қамқорлығына алады. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында партия мүшелері батырларымызды іздеп барып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Батырлар – партия қамқорлығында
1,322
оқылды

Құттықтап барғандардың қатарында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова да бар. Ол ҰОС ардагері Раиса Сафоничеваны арнайы іздеп барып 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.

Раиса Сафоничева 1943 жылы өз еркімен майданға аттанған. Бір жарым айдың ішінде ол байланыс курсын оқып шығып, содан кейін майдан даласына барды. Украина, Молдова, Румыния және Венгрия үшін шайқастарға қатысты. Ал Жеңіс күнін Будапештте қарсы алған.

«Хабарламаларды, бұйрықтарды, фронт­тағы жағдайды жылдам әрі дер кезінде жет­кізуде байланысшы ерекше жауапты болды. Сондықтан соғыстағы байланыс­шының жұ­мысы құрметті және жауапты саналды, шай­қастағы жеңістер де соған байланысты болды. Жалпы, соғыстың кесірінен әрбір екін­ші қазақстандық үйіне оралған жоқ. Батыр­­лар­­дың есімдері біздің жадымызда мәңгі қалады, ардагерлер әрқашан партия­мыздың назарында болады», – деді Шолпан Каринова.

Раиса Сафоничеваның II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінен бөлек, кеудесі ерлігі үшін берілген медальдарға толып тұр. Айта ке­тейік, келесі жылы ардагер 100 жасқа толады.

Ал «AMANAT» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов Ең­бек ардагері Назипа Әбжалелқызын Жеңіс күнімен құттықтап қайтты. 

Назипа Әбжалелқызы Қарағанды об­лысы Ұлытау ауданы Красная Коммуна ауылында дүниеге келген. Небәрі 8 жасында колхоздағы егістіктерде бидай жинауға атсалысып, астықты элеваторға сұрыптап жіберу жұмыстарына көмектесті. Кейін ол математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, өмірін білімге арнады. 

«Соғыс басталған жылдары біз бала болдық. Еңбекке бала шақтан араластық. Мектепті аяқтағаннан кейін мен бүкіл өмірім­ді білімге арнадым, математикадан са­бақ бердім. Әртүрлі аймақта жұмыс істедім. Ұрпақтың ардагерлерді ұмытпай, оларға көңіл бөліп, күнделікті өмірде әрдайым қол ұшын созуға дайын тұратыны мені қуанта­ды», – деді ардагер.

Назипа Әбжалелқызы «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» атағы, ал 1979 жы­лы Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан көп жылдық үлесі үшін «Еңбек арда­гері» атағы берілген. 

Астанада Жеңіс Күні қарсаңында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жыл­қыбаев ардагер Рзағұл Байкешевты іздеп барып, айтулы мерекемен құттықтады.

«Соғыс батырларының ерліктері ұрпақ­тар жадында мәңгі қалады. Бүгінгі бейбіт өмір үшін біз ардагерлерге өмір бойы қарыздармыз. Егде жастағы адамдарға қам­қорлық жасау – біздің басым міндеттеріміздің бірі. «AMANAT» партиясы әрқашан аға буынға құрметпен қарайды. Сіздерге ден­саулық, елімізге амандық тілеймін», – деді Ержан Жылқыбаев.

Ақтөбе облысының тумасы Рзағұл Бай­кешев 1941 жылдың қазан айында 17 жасқа толған шағында Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Ол Калинин облысы, Ржев және Великий Луг қалаларында шайқасты. Сондай-ақ ардагер Польша, Румыния және Венгрияны азат етуге қатысты. Отанына ефрейтор шенімен оралды. Ардагер I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Маршал Г.Жуков» және өзге де мерейтойлық медальдармен марапатталған.

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев соғыс ардагері Владимир Дровосековты Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Соғыс басталғанда ардагер әс­кери зауытта токарь болып жұмыс істеді. 1944 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақы­рылып, Беларусь, Польша және Германия қалаларын фашистерден азат етуге қатысады. Оның ерлігі назардан тыс қалған жоқ. Ол «II дәрежелі Отан соғысы» ордені­мен, «Ерлігі үшін» медалімен және көптеген мерейтойлық медальмен марапатталған.

 Бердібек ҚАБАЙ