Атыраудағы ерекше жағ­дай көпті жылатты. 20 күн, 20 ай емес, бақандай 28 жыл бойы ба­ласын іздеген ана ұлымен кез­десті. Бір ғажабы, қарт ана арада қанша жыл уақыт өт­се де ұлының аман-есен ора­латынынан үміт үзбеген.
28 жылдан кейінгі кездесу
8,361
оқылды

Араға сонша жыл салып ана­сы­мен қауышқан Бейбіт Қо­зы­баев – Атырау облысына қа­рас­ты Қы­зылқоға ауданының тұр­ғ­ыны. Ол 1996 жылы күзде әс­­­керге кетіп, қайта оралмаған. Қы­зылқоға ау­да­нына қарасты Жас­қайрат ауы­лы­ның 1977 жы­лы туған тұрғы­ны­нан 28 жыл бойы ешқандай хат-хабар бол­ма­ған. 

Қызылқоға ауданының жергі­лікті тұрғыны, қорғаныс сала­сы­ның ардагері Есенбай Нұровтың айтуынша, Бейбіт Қозыбаевтың табылуына кәдімгі Тік-Ток желісі себепкер болған. Бейбіттен үмітін үзген сыныптастары оның суретін желіге жүктеген. Өзінің жас кү­нін­­дегі суретін көрген Бейбіт осы­­лайша сыныптастарына бай­ла­нысқа шыққан. Қуанышты жаңа­лықты естіген бойда сағы­ныш­тан шерменде болған Мар­жан ана Алматы облысына жол тар­тып кетті. Өкінішке қарай, Бей­біт Қозыбаев осынша уақыт бойы туған анасынан жырақта жүруіне қандай жағдайлар себеп болғанын ашып айта алмайтынын айтты.

Анасымен амандықта қауыш­қан ерекше тағдыр иесі Бейбіт Қо­зыбаев қырғыз қызымен шаңы­­рақ көтерген. Төрт баланың әкесі. Тағдырдың сынағына тап бол­ған Бейбіттің бір әкеден тара­ған бауырлары да бар. 28 жыл бойына бір-бірінен жырақта жүр­ген ана мен бала, бауырлары қазір жамыраса көрісіп, мәре-сәре күй кешіп жатыр. 

Өкінішке қарай, жыл сайын елі­мізде 500-ге дейін адам хабар-ошарсыз кетеді. Әлемде жыл сайын дерлік бірнеше миллион адам жоғалып кетеді. Ерте ме, кеш пе, жоғалған адамдардың 80%-ы туралы деректер анықталып жата­ды, яғни олардың өлі немесе тірі екені белгілі болады. Ал жоғал­ған­дардың  20%-ы хабарсыз кетеді екен. 

Осындай ерекше тағдыр ие­сі­нің бірі атыраулық Әнел (өтініші­мен есімі өзгертілді – авт). 16 жа­­сын­да ата-анасы көз жазып қал­­ған Әнел араға 19 жыл салып, ту­­ған елге 35 жасында оралған бо­­латын. 

19 жыл бойына жат жерде құ­жат­­сыз күн көрген қазақ қызы ба­­с­ынан өткен қилы тағдыры ту­ра­лы айтып берді. 

«2000 жылдар отбасымыз үшін қиын­дау кезең болды. Әлеуметтік жағдайымыз аса бір керемет емес еді. Қазір ойланып отырсам, ол кез­де көп отбасы қиналған сияқ­ты. Мен сол кезде пойызда тамақ са­тып жүрдім. Бір стансадан оты­рып, екінші стансаға дейін су, тәт­ті сусындар, тәтті бөлкелер сияқ­ты тамақтарды сататынмын. Сөй­тіп, нәпақа тауып жүргенімде Ду­шанбеге дейін апаратын пойыз­­­да бір тәжік жігітімен та­ныс­­­тым. Жап-жаспын ғой. Әлгі жі­­гіт­тің мені «ұнатып қалдым» де­г­еніне сеніп, онымен бірге қол ұс­тасып, Душанбеден бір-ақ шық­тым. Екеуміз бірге тұрдық. Ол маған үйленгісі келетінін айт­ты. Бірақ ата-анасы рұқсат бер­ме­ді. Тәжіктерде ол жағынан ата дәс­­т­үрлері қатал екен. Жігіттеріне бас­­қа ұлттың қызын алғызбады», – деді ол.

Жат жерде жүріп тағдырдың та­лай теперішін көрген Әнел Қа­зақстаннан кетерде жеке басын куә­ландыратын құжатын да алып үл­гермеген болатын. Қазақстанға ке­рі қайтқысы келгенімен, оралу­дың амалын таба алмаған. 

«Түрлі жағдайды бастан өткер­дім. Дәмханаларда даяшы болып жұ­мыс істедім. Бара-бара қазақ ті­лін де ұмыта бастадым. Тіпті, ел­ге ораламын деген үмітім бір­жо­ла сөнді», – деді ол. Әселдің елге ора­луы кездейсоқ жағдайдың то­сын­сыйы десек те болады.

Әдеттегідей даяшы болып жүр­генінде қазақстандық азамат Әнел жұмыс істейтін дәмханаға та­мақтануға келеді. Ол атыраулық кә­сіпкер Нұрқасым Хамзаұлы еді. Әнел сөйлесе келе оның қазақ­стан­дық екенін және елге қайт­қы­сы келетінін естігеннен кейін кә­сіпкер отандасымызға көмек қо­лын созған.

Кәсіпкер Нұрқасым Хам­заұлы­ның өтінішімен іске сол кез­дегі се­натор Сәрсенбай Ең­се­ге­нов ара­ласып, Сыртқы істер ми­нистр­лігі, Тәжікстандағы Қа­зақстан елші­лігіне шығып, кейіп­кері­міздің елге оралуына ықпал ет­кен.

«Туған еліме оралғаныма қуа­ныш­тымын. Әлі күнге дейін шү­кір­­­шілігімді айтып отырамын. Өкі­нішке қарай, әкем Табылған ме­­нің із-түзсіз жоғалғаныма құса бо­лып, өмірден өтіп кетіпті. Әкем­­­ді көре алмадым. Қазір анам­­­ның қа­сындамын. Анамның ас-суын дайындап, қызмет қылып жүр­ге­німе бақыттымын», – деді Әнел.

Елге оралып, еңбекке аралас­қан Әнел өзінің басынан өткен қи­лы тағдыры басқаларға сабақ бол­ғанын қалайды.

Баян ЖАНҰЗАҚ