Жақында Жамбыл облысында 130 адамды алдап, 246 миллион теңгеден ас­там қаржыны қолды қылған бес адам­нан құралған қылмыстық топқа қа­тысты сот үкімі шықты. Олардың ал­ды сегіз жыл алса, қалғандары алты жыл­ға сотталып отыр.
Алаяқтық азаймай тұр
713
оқылды

130 АЗАМАТТЫ САН СОҚТЫРҒАН

Жалпы, бұл іс бақандай екі жыл тер­гел­ген. 130 адамның оқиғасы жеке-жеке қа­ра­лып, әр жағдай бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің дәлелі мен дәйегі зер­де­ленген. Нәтижесінде, Тараз қалалық №2 со­ты алаяқтық бабы бойынша бес күдіктіге үкім шығарды.

«Сотталған Т. өзінің қылмыстық сы­байластары Д., И., К. және И.-мен бірге адам­дар тобы болып алдын ала сөз байласу ар­қылы жеке тұлғалардың сенімдерін теріс пай­даланып, олардың аттарына онлайн тауар­лық несие ресімдеп, тауарды қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы бөтен мү­лікке құқықты иемдену жолымен алаяқтық әре­кеттер жасаған. Сотталғандардың қыл­мыс­тық әрекеттерінің салдарынан 130 адам жәбір көріп, жалпы 246 миллион тең­­­­геден астам сомада материалдық залал кел­тірілген», – деді Тараз қаласы прокура­ту­­­расының аға прокуроры Индира Сәт­ті­баева.

Ал күдіктілер азаматтардың ақшасын ал­дап иемдену үшін екінші деңгейлі банк­тер­дегі таныстарын пайдаланған. Сондай-ақ істе жеке кәсіп иелерінің де аттары ата­­­ла­ды. Олар онлайн рәсімделген тауар­­­лардың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып беріп отырған. Осы қызметі үшін өздерінің пайыздық үлесін алған. 

Сот үкімі бойынша, алаяқтардың біріне қар­жы нарығы мен қаржы ұйымдарында жұ­мыс істеу құқығынан 5 жылға айыра оты­рып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалса, екеуі 6 жыл­ға, біреуі 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Қазір сот үкіміне қатысты жәбірлену­шілердің ойлары әртүрлі. Бірі сот шешіміне ра­зы екендерін айтса, екіншілері сотта қыл­мысқа қатысы барлардың ісі толықтай қа­ралмағанын алға тартады. 

– Бүгін сотталған қыз дүкенімізге келіп жүре­тін. Содан сенімімізге кіріп онлайн не­сие рәсімдеп кеткен. Басында аз пайыз­бен баспана алып беретіндігін айтқан бо­ла­тын. Кейіннен несиеге ұрынғаны­мыз­ды тү­сіндік, – дейді жәбірленуші Асылан Әбіков. 

Ал жәбірленуші Жансая Базарбаева сот үкі­м­іне толықтай қанағаттанбай отыр. Оның айтуынша, тергеушілер бір істі екі бө­­ліп тергеп, нәтижесінде бөлектенген іс­­тер бойынша әділ шешім шықпаған көрі­не­ді. 

– Негізі, 8 жылға сотталған А. есімді кү­діктіні әпкем арқылы білемін. Содан не­сиелік тарихың нашар болса да ақша шы­ғарып беретіндігін айтып, сенімімізге кір­ді. Соңы әпкемді де, кейін әкемді де ірі со­маға алдап соқты. Әпкем онлайн несие шы­ғып тұрған кезде бір нәрседен күдік­те­ніп бас тартса да, оның атынан несие рә­сімделіп кеткенін банктен қоңырау түс­кен­де білдік. Ал ұсталған күдікті ол несиенің рә­сім­делмегенін айтқан болатын. Содан от­басымызбен алаяққа алданып, сан соқ­тық. Қылмыстық топтың жетекшісі болып жүр­ген А. есімді күдікті несиенің 9 айы те­гін болатындығын, ал қалған төлемі бө­ліп төленетіндігін айтып талай таны­сым­ды қарызға бытырды. Негізі, бұл істе екін­ші деңгейлі банктерден бөлек, жеке кә­сіп­керлердің де көп екені тергеуде ай­тыл­ды. Алайда сотта қаралған жеке кәсіп­кер­лердің басым бөлігі шығынды өтеп, жә­бірлену­ші­лермен мәмілеге келді. Соның есе­сінен, олар­дың ісі сотта қысқартылды. Бір­ақ бұл сотта қылмыстық іске қатысы бар өзге кә­сіп­керлердің әрекетінде қыл­мыс­тық құрам­ның бар-жоғы толықтай қа­рал­ған жоқ. Оған себеп, ол іс бөлектеніп тер­геуде жатыр. Сотқа өткен жоқ. Осы бө­лектенген іс­тер сотқа жетіп, өзге жеке кә­сіпкерлерге қа­тысты да әділ сот шешімі шықса деген үмітіміз бар, – дейді Жансая Базарбаева. 

Жалпы, жәбірленушілер қолды болған ақ­ша қайтарылса екен дейді. Ол үшін бө­лектенген істегі онлайн несиені қолма-қол қар­жыға айналдырып беріп отырды деген күдікке ілінген жеке кәсіп иелерімен мә­міле­ге келуге де дайын. Тек тергеушілер іс­тің ақ-қарасын ажыратып, оларды кінә­сін толықтай дәлелдеп берсе болғаны. Сол кез­де екі жыл бойы жәбірленушілердің жа­­­­нақайына айналып, әбден әбігерге сал­ған істің нүктесі қойылар ма еді?!

ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ҒАНА АШЫЛҒАН

Жалпы, Жамбылдағы алаяқтық фак­тілері алаңдатып тұр. Бір ғана Тараз қала­сында тәртіп сақшылары былтыр осындай қылмыс бойынша 243 деректі тіркеуге алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 35 дерекке кемігенімен, жа­салған қылмыс түрінің небәрі 60 пайызы ға­на ашылған. 

Алаяқтық қылмыстардың бірқатарына тоқталсақ, қала тұрғыны желіде Қытайдан ар­зан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұр­мыстық керек-жарақтарды сататын ин­тернет-дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауар­ларды таңдап, мессенджер желісі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 141 800 теңге көлемінде ақша ау­дарған. Алайда көрсетілген уақытта әйел тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған.

Сол сияқты тараздық бір алаяқ Whats­App мессенджерінде арнайы чат құрып, спорт­тық сайыстарға ставка тігу арқылы тез байып кетуді армандаған тұрғындарға 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып, 14 адамды алдап соққан.

Байқасақ, алаяқтық деректері сан тар­маққа тамыр жайған. Барлық жағдайда бұ­қара жапа шегуде. Ал тіркелген қыл­мыс­тардың 60 пайызы ғана ашылуы ала­қай­лайтын көрсеткіш емес. Бұл – алаяқтық жол­мен ақша иемденгендердің жартысына жуы­ғы әлі бостандықта жүр деген сөз. Осы­ған құзырлы органдар жіті көңіл бөліп, алаяқтық фактілерін түп тамырына дейін зер­делеп, жауаптыларды жазаға тартады де­ген үміт мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы