Айға жалғасқан арпалыста мемлекет болып, ұлт болып ұйыса қимылдаған кез. Сол қайрат биік рух, шалт қимылмен ұштасып жұрттың су шайған көңіліне демеу болған кез.
Жайық жылап ақпасын
4,211
оқылды

«Ал жарынан аса алмай Жайық жатыр баяғы.

Толқындары көк тасқа тайып жатыр баяғы» 

 Жұмекен НӘЖІМЕДЕН 

КӨЗБЕН КӨРСЕҢ...

Қазақ: «Естігеніңді айтпа, көргеніңді айт. Естігеннің өтірігі болар. Көргеніңе көзің куә» дейді. Не болып жатқанын көзімізбен көрейік деп, Алматыдан Атырауға ұшқанбыз. 

Мынау қай кез? 

Елімізде өзен тасып, жерімізге су жайылып, ауқымды ауыл-аймақ, мал-жан селге кеткен кез. Қызыл­жарда, Оралда, Құлсарыда мың­даған үй суға батып, қапы күндер бастан өткен кез. 

Айға жалғасқан арпалыста мемлекет болып, ұлт болып ұйыса қимылдаған кез. Сол қайрат биік рух, шалт қимылмен ұштасып, жұрттың су шайған көңіліне демеу болған кез. 

Қазақтың жүз мыңдаған жа­нашыр азаматы жан ұшыра қай­рат қылып, қар суынан қи­раған ауыл, қиналған жұртқа қуат бер­ген кез. 

Біз әдейілеп Атырауға кел­­генде бұл уақыт Жайықтың кеме­­рінен асып төгілтілетін күндері болар дегенбіз. Атырау соған дайын­далған. Ор дария тасып, жағасын жайпап өтіп, Жайыққа Орын­бордың бір тұсын жапырып келіп құйғанда күллі қазақ абды­рап қал­ған. Сөйтіп, жалма-жан жан ұшыра қимыл­даған. 

Орынборда 12 метрге көте­рілген су мұнда қандай екпінмен қашан жетерін болжаған. Аты­рау – Жайықтың Каспийге құяр сағасында жазыққа жайылып түскен қала. Енді ол анау су жет­кенде қапы қалмасқа қарманған. Су мамандарының сәуегейлігіне сенген. Дегенмен Жайық жол-жөнекей жағасынан асып төгіліп, жайыла жылжып келеді. Межедегі 1 000 шақырымдай қашықтық өзен иірімдерімен екі есе ұзарып сала беретін көрінеді. Ағыс көлбеулігі де бір шақырымда 10 см-ден кем екен. Соның өзі Атырауға 20 тәуліктік мұрсат берген. 

Ал Атырау ше? Біз көргенде қала қандай суды болса да қарсы алуға тас-түйін дайындалып үл­геріпті. Келгеніміз жақсы бо­­лыпты. Ұлттың тұтастығын, ха­лықтың бірлігін, бірліктің күш-қуатын көзі­мізбен көрдік. Бір тұлғаның басқаруымен, жұды­­рықтай жұмыла қимылдаудың мықты мысалын көрдік. 

Ұшақтан түскен бетте Халел Досмұхаметов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Ыдырысов қарсы алды. Бізді қаладан қашық тұстағы арна бекітуді енді аяқтап жатқан об­лыстық Мәдениет департа­мен­тінің ұжымына бастап барды. Оларға Қазақстан Қарулы күштері Отар төңірегіндегі гарнизон­дарының бірінен келген әскерлер ротасы да қосылыпты. Мәдениет саласында еңбек ететін қыз-жігіттердің дом­быраны аялаған ала­қандары күрек сабын қыс­қанда да қайратты кө­рінді. Атқарған жұмыстарына қарап көңіліміз өсті.

Халел Досмұхаметов атындағы Атырау университетінің тын­дырған ісіне таңырқай қарап, көз­бен өл­шеп, көңілмен есептей бастадық. 5 мың метр қа­шық­тыққа 150 мың текше метр ша­масында топырақ үйіп тастапты. Универ­­ситет рек­торы Саламат Нұрмұ­ханұлының айтуынша, бөгеттің су шаяр бетіне по­ли­этилен жабылып, оның үстіне топырақ толтырған 120 мың қап төселіпті. Қапты да, орам-орам полиэтиленді де әлде­қайдан жол­да­ған. Әлдеқайдан емес-ау, байтақ Отанның барша түкпірінен еліне жанашыр аза­маттар жолдаған. «Қазақстан – әр қазақтың жал­ғызы». Осылай ой­лайтын отан­дас­тарымыз аз емес­тігін осының өзі-ақ көрсеткен. 

Жаңағы 5 мың метр бөгенді ай­там. Әрине, сонша топырақ үйіп, су арнасын 4-5 метр биік­тетуге кәсіпорындар жіберген және алыс­тан эшалондап келген техни­ка­лардың күші жұмыл­дырылғаны анық. Ал енді 120 мың (шамамен 6 000 тонна) қапшыққа топырақ толтырып, оны жанама бетке жатқызып жинағанын ай­тыңыз. Ол – әрине, адам қолымен істелген еңбек. Уни­веситеттің 500-дей ұс­тазы мен мыңдаған студент жас­тардың 20 күндік қол жұмысы екен. «Ұстаздар мен сту­­денттер ата-ана­сы мен бала­лары сияқты болып, жақын араласып кетті. Бірге еңбек етті. Киіз үй ті­гіп, бірге тамақ пі­сірді. Дала дастарқанында бірге отырды», – дейді жас ректор, ең­бекқор ұжы­мына риза көңілмен. 

Жұмысқа жұмылған халық жүз мыңдап саналатын шығар. Есеп­теп жатқан ешкім жоқ. Нәтиже сол – бүкіл қала мен қала маңын­­дағы, өзен бойындағы ауылдарды және кәсіпорындарды суға ал­­дырмас үшін Атырау қаласы бо­­йынша 250 шақырымға созылатын бөгет жасап, оны топырақ толған қаппен қымтап тастапты. Қала көшеле­рінде жолыққан жұрт жүзінен алғашқы күндердегідей алаң көңіл байқалмайды. 

Халықтың күшіне, мемле­кеттің қуатына деген сенім көзде­рінен көрінеді. Енді ойласам, бізге жет­пей тұрғаны сенім екен ғой. Ха­лықтың жүзінен бақыт самалын естіретін ең қасиетті құбылыс та сол сенім екен. 

СЫН САҒАТТА СЫРТ ҚАЛМАҒАН

Үшінші күні Алматыдан ұша­р­­­­дағы аптыққан көңіліміз ар­насына түскендей еді. Содан өзіміз құрмет тұтатын сұрапыл ақын Жұмекен Нәжімеденнің ескерт­кішіне бар­дық. Қайсар ақын қас­қайып тұр. Арқасында ерекше ди­­зайынмен салынған еңселі сарай. «Бақ­ты­қожа үш айда сал­дырды» дейтін Салтанат сарайы екен. 

Жұмекен ақынның Жайықты жырлап отырып, соған жанастыра толғайтын ауқымды саяси шығар­масы «Жаңғырық» дастаны сана­мызда жаңғырып, бұл күндері тол­­­қыны биіктеп қалған Жайыққа қарадық. Бұдан жарты ғасыр бұрын Жұмекен жазған тұста да айдын осылай толысып, толқып жатқан шы­ғар деп ойладық. Сөйтіп, көңіл шіркін дастанға – кітапқа ауды. «Кітап-АMANAT» не болды екен?» деп солай бұ­рылғанбыз. 

Күйіп-жанып жүріп жолға қой­ған жобамыз еді. Бұрылып көре кет­кіміз келді. «Онда не болып жа­­­­тыр екен?» дедік. Кітап үйі – ру­хани орталық ашық тұр. Қуанып қалдық. «Есігімізді жапқан жоқ­пыз», – дейді кітапханашы Асыл Оңайғалиқызы. Есігінен кірген жердегі көрнекті алаңнан «Кітап-АMANAT»-қа орын берген меке­меге де бас сұқтық. 

Атырау ауқымында «АMANAT» партиясы да қарымды қайрат көр­сетіпті. Тек қала ішінің өзінде жағалауға 22 мың метр бөгет тұрғы­зып, бекемдеп шығыпты. Ал облыс бойынша 40 шақырымдық бөгетті осы партия тұрғызған. Оған «АMANAT»-тың жастар қанатын­дағы 2 000-нан астам волентермен қоса, партия құра­мындағы кәсіп­кер азаматтар еліміздің әр шал­ғайынан техни­касымен келіп, кі­рісіпті. 

Ресми статистика «Жайықтың Атыраудан ағып өтетін тұсындағы жағалауды бекітуге 13 мың адам, 1200 техника жұмылдырылған», – дейді. 

Үйінен шай қайнатып, шәугі­мін көтеріп шыққан келіншектер мен ұршығын иіріп, ұшық алас­­­таған әжейдің, әкесінен қалмай қалың топқа араласып, қаптың аузын ұстаған бүлдіршіндердің, Алтайдың әлде Алатаудың бір қойнауында отырып, мың теңгесін жолдаған мың болғыр зейнет­кердің, бес мыңдап, он мыңдап, қор топтаған қарапайым қалам­­герлердің, тілеулес болып тиынын салған әр қазақтың ол санда тізімі жоқ. Ал шынында, соның бәрі жүз мыңдап саналар еді. Солардың әр­қай­сысы тау тұрғызар еңбекке тамшыдай болса да күшін қосқан. Қарап тұрып тебіренесің. Сын сағатта сырт қалмайтын халқың­­­нан айналасың.

Әуежайда кезіккен Рашида ха­ным Ерімқызы (Алматыдағы Орталық мұражайдың бастығы) «Сіз қаланы айтып отырсыз ғой. Ауыл-ауылдың айналасын биік бөгендермен түп-түгел бекітіп тас­­­тады. Төркіндеп келіп он шақты күн жүрдім. Тамақ істеп, шәй қай­натып, қолғабыс еттік. Халықтың берекесі мен құлшы­нысына шек­сіз тебірендім, қатты разы болдым. Ел болады екенбіз және мықты ел болады екенбіз», – деп толқыды. Көзінен өжеттік оты ұшқындайды. Сол сәтте біз осы әуежайға есімі берілген Хиуаз Доспанова апа­мызды ойлап отырдық.

КӨЛТАУСАР

Наурыздың соңынан басталған су тасқыны Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Қызылжар деп бастап, еліміздің ауқымды аймақтарын әбігерге салған. Біршама ауыл тұ­тас күйінде көлкіген «көлдің» орта­­­­сында қалды. Аталған аймақ­тар­дағы ауылдастарымыз көз алды­­­мызда мал-жанымен қоса мұз­­­­дай суда малтып жүрді. Шаты­рын тесіп шығып, үрпиісіп үй тө­бесінде отырды. Шырқырап суға кетіп бара жатқан сайгүлік­­­­терді көрдік.

Шығынның ауқымы да, оның психологиялық соққысы да өл­шеу­­сіз ауыр болды. Үш мың шаңы­рағын су шайған Құлсарыға бар­ғымыз келген. Сәті түспеді. Сорғы техникаларымен соншама көлемді көлді еңсеріп жатқанын айтты. 

Көңіл жүйрік қой. Ойымыз әр­мен кетті. Қазақ ауыз әде­бие­тін­дегі фантастикалық шығар­ма «Ертөс­тік» есімізге түсті. Кө­­л­тау­­­­сарды ай­там. Бүгінде сол фантазиялық шығарма кейіпкер­­­­лері арамызда жүргендей. Жаңағы көлде тұрған Құлсары, Оралдағы суға кеткен саяжайлар, Есілдің Қызылжардағы тасып төгілген суы – соның бәрін ығыстырып, сор­ғы техника­ла­ры­мен тартқан «көлтаусар» аза­­мат­тарымызға күш-қуат тіледік. 

ДЕҢГЕЙ ЖӘНЕ СӨЗ

Қар суы ауылға кірген күні-ақ ашық ақпарға да, шу-шұрқанға да толып кететін әлеуметтік желі алаңы аттан айқайға басты. Сөз жоқ ақпарат алаңында алғашқы дабылды қарапайым тілшілер қақты. 

Осы тұста мемлекет қабыл­даған шұғыл шаралар мен құрыл­ған штабтың кәсіпқойлығы тас­қынмен таласа өршеленген ай­­­­­­­қай-шудың арынын басқан. Мемлекет басшысы су басқан барлық аймақ ауылдарды аралап, жерден де, көктен де қарап өтіп, халықтың халін көзбен көріп өтіп, сонан соң мығым сеніммен айтқан сөзі былай еді: «Ешкім ескерусіз қалмайды. Барлық шығын толы­ғымен өтеледі», – деді. 

Жақындап келіп, халқына солай сөз берді. Сабырға шақыр­ды. Жұрт та айтылған сөз бен оның деңгейіне сенді. Сабыр­сыз алаң көңілдер сабасына түсті. Жұрт жұмыла аттанып, көмек қолын созып жатқанда Мемлекет басшысының емеу­рінімен-ақ орнынан қозғалған олигархтар әр аумақты бөлісіп ала бастады. 

Әр сөздің ауқымын және орындалуын оның айтылар дең­­­гейі белгілейді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан сөз түгел сөздің түп тияна­ғы еді. Содан да айтыған сөз айға жетпей атқарылып жатқанын халық көрді. 

Президенттің салмақ түсіре айтқан тағы бір сөзі: «Апаттың салдарын жоюға көңіл білдірген олигархтар әр өңірдегі нысандарға бағытталған көмек миллиардтарын өздері қадағалайды. Бұл – қар­жының қолды болуынан сақта­натын тосқауыл», – дегені. 

Ақпарат кеңістігі ашық. Айта­мын дегеннің аузына қақпақ қой­ған жоқ. Әр адамның айтқан сөзі – өзіне айна. Сөзінен өзі көрінеді. Айтқан ойынан өзінің бойы көрінеді. Ашық алаңда дегенінен деңгейі көрінеді. 

Өзіне ұқыпты кісі сөзіне де ұқыпты болмақ. 

ЖАЗЫП БОЛҒАНДА...

Біз Атырауда бастаған мақа­ламызды ұшақта тәмамдап жерге қонғанымызда еліміздегі аса ауқымды телемарафон басталып кет­кен екен. Он телеарнаның қарым-қабілетін біріктіріп, жиыр­ма шақты сөзуар шешен тілді қыз-жігіт тізіліп тұрып, таратқан ау­қым­­­­­ды хабар жүріп жатты. Тап­­­­­­­­­­­­­жыл­­­май отырып қарап шық­тық. Ай бойы болған арпалысты бейнелі, мазмұнды және лирикалы леппен қамтып өтті. Теледидардың мүмкіндігі мен режиссерлердің жасампаздығын жақсы ұштасты­­рыпты. Арада ай өтпестен құлаған үйінің орнына үй алып, су алған қорасына мал кіргізіп, ғажайып мұғжизаға кенеліп, тілегі орын­­­далған жандарды көрдік. Қарап отырып, біз де әсерлендік.

Ақын көзбен көріп көңілге түйгенін айтады. Ақын апатты да, апатқа қарсы біріккен біртұтас алып күшті де көреді. Ақын жан дүниесі тиянақ тапқан қазақтың өзіне деген, еліне деген сенімін көреді. Мемлекетіне деген, бірлі­гіне деген сенімін көреді. 

 Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, 

ақын

Алматы – Атырау – Алматы