Қай кезде де Сыр өңірі дәстүрлі жыр жауһарларының алтын көмбесі саналады. Өйткені дария бойын жағалай қоныстанған киелі мекенде ежелден жыраулық, шайырлық өнер кең қанат жайған.
Дәстүрлі өнердің көмбесі
1,228
оқылды

Тарих парақтарына үңіл­сек, Сырдың жыраулық өне­рі сонау Қорқыт бабамыздан бас­тау алып, кешегі Нысанбай, Бал­қы базар, Ешнияз, Тұрма­ған­бет Ізтілеуовтердің жырларымен жал­ғасын тапқан. Бертін келе, Нұр­туған, Жиенбай, Нартай, Сәр­­сенбайдың жыраулар мектебі қа­лыптасты. Сонымен қатар, бү­гінгі Мардан Байділдаев, Алмас Ал­матовтардың мол мұрасы ха­лық­тың баға жетпес басты құн­ды­лығына айналып отыр.

Негізінен, «Сыр елі – жыр елі» саналған өнер тұнған өңірде Жы­раулар үйін ашу ісі көптен кө­кейде жүрген мәселе болатын. Биыл ғана халықтың қалауы ес­ке­ріліп, бұл бастама «Руханият» жы­лы аясында жүзеге асты. 

Қызылорда облыстық филар­мо­ниясы жанынан құрылған өнер ордасы жырсүйер жамағатты зор қуанышқа бөлегені жасырын емес. Өз алдына бөлек отау бо­лып, дербес ғимаратта жұмысын бас­таған орталықтың алдағы жос­пары да ауқымды көрінеді. Өнер ордасына арнайы барып, ор­талық директоры Амандық Бүрлібаевтан осы жайында кө­п­теген мәліметке қанықтық.

Жыр күмбездеген Жыраулар үйіне кіре беріске салынған па­но­­рамалық Қорқыт ата компо­зи­ция­сы келушілерді өзінің ерекше маз­мұнымен баурап алады. Онда түр­кі әлемінің ортақ ойшылы, жы­рау, күй өнерінің көгінде қа­лық­таған Қорқыт бабамыздың бей­несі нақышына келтіре бей­не­ленген. Сонымен қатар бұл ком­позицияда Жанкент, Сауран, Ші­рік-Рабат сияқты көне қа­лалардың да көрініс тапқанын аң­ғаруға болады. Туынды авторы об­лыстық филармонияның бас су­ретшісі Қайырбек Өмірбеков еке­нін бірі білсе, бірі білмес, бәлкім.

Жыраулар үйінің елең еткізер тағы бір ерекшелігі – кіреберісіне орнатылған ақпараттандыру құ­рыл­ғысы. Инфокиоскіге жырау­лар орталығына қатысты барлық де­ректер енгізілген. Осы арқылы әрбір келуші дәстүрлі жыраулық өнер­дің өткені мен бүгіні жайын­да толыққанды мағлұмат ала ала­ды. 

«Жыраулар үйінің кіребері­сіне осындай инфокиоск орна­туы­мыз да бекер емес. Бұған дәс­­­­түрлі өнер жайында барлық мәліметтер са­лынады. Келешекте ақпарат­тар­дың барлығын төрт тілде жасауды жос­парлап отырмыз. Яғни, әрбір келу­ші Сыр өңірінің дәстүрлі өне­рі жайында ақпаратты осы ар­қылы қазақ, орыс, ағылшын жә­не түрік тілінде оқи алатын бо­лады. Әлі де жырауларымыз жайын­да мәліметтер жинақта­лып, толықтырылуда. Сондай-ақ, құрылғыға жырауларымыздың үнтаспасын да жасап, енгізуді көздеп отырмыз», – деп түсіндірді Жыраулар үйінің директоры Амандық Бүрлібаев.

Ақпараттық құрылғыдан өңір­­ден шыққан Көше­ней Рүс­тем­беков, Құрманбек Бек­пейісов сынды жыраулардың тұтынған жәдігерлері жайында да мәлімет­тер енгізілген. Сонымен қа­тар осы Жыраулар үйінің дәс­түр­лі орын­даушыларының, атап айт­қан­да, Шолпан Бейімбетова, Ақ­марал Ноғайбаева, Руслан Ах­метов, Әділхан Қуанбаев, Марат Сүгірбай сынды өнерпаздардың өмірбаянынан сыр шертеді. 

Жуырда ғана ашылған жыр жампоздарының кие­лі шаңырағында берекелі бастамалар қолға алынып, түрлі ба­ғытта жұмыстар жүргізіліп жа­тыр. Соның ішінде өңірге келген өзге ұлт өкілдерінің Сыр елі дәс­түр­лі өнері жайында төрт тілде қа­жетті мағлұмат алуға мүмкіндік арттыруды мақсат тұтады. Осы мақ­сатта ғылыми орталық құрып, екі ғылыми қызметкер алып, жұ­мыс көрігін қыздыруды көздеп отыр. 

Келесі кезекте орталық ди­рек­торымен кіреберіс дәлізге өт­тік. Онда дәстүрлі өнердің не­гі­зін қалаған 15 жыраудың сурет­тері ілініпті. Атап айтқанда, ұлы ой­шыл, қобызшы Қорқыттан бас­тап, Асан қайғы, Қазақ хан­дығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ақылшы­сы болған Бұқар жырау, сондай-ақ Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Берді­баев, Мардан Байділдаев сынды тұлғалардың бейнелері көрініс табады. Осы арқылы дәстүрлі жы­раулық өнерін зерттеген ұлы тұл­ғалардың өмір тарихымен та­нысуға мүмкіндік жасалған. 

Жыраулар үйінде арнайы экс­позициялық музей жұмысы да жол­ға қойылған. Негізінен, Сыр өңі­рінің дәстүрлі жыраулық өнері Қор­қыт мұрасымен тікелей бай­ла­ныс­ты. Сондықтан музейдегі Қор­қыт бабамыздың асыл мұра­сы саналатын Қобыз экспо­зи­циясынан бастап, оның ізбазар­лары жайында құнды жәдігерлер көмбесін табуға жасалған. Алдағы уақытта орталық басшысы дәс­түр­лі орындаушылар тұтынған дүниелер қатары толықтыра­ты­нына сенім білдіріп отыр.

Орталықта көрермен және кон­ференция залы да жұмыс іс­теп тұр. Оның ішінде ұлттық нақышта көмкерілген көрермен залы көркемдігімен көз тартады. Зал­­дың жартылай киіз үй пі­ші­нін­де тұрғызылған сахнасының тө­бесі шаңырақ бейнесінде жа­салған. Орталық басшысы алдағы уа­қытта облыс орталығында дәс­түрлі өнерге қатысты ұйым­дас­ты­ры­латын әрбір іс-шара осы сах­нада өткізілетінін мәлімдеді. Күні бүгінге дейін бұл сахнада Сыр өңі­­ріндегі жыраулық үш мектеп­те­гі жас дәстүрлі орындау­шы­лар­дың қатысуымен төрт концерт өт­кізілген.

Жыраулар үйіндегі кон­фе­рен­ция залының да дәстүрлі өнерді дәріп­теуде маңызы зор. Орталық ал­ғаш ашылғанда осы залда ғы­лыми конференция ұйымдас­ты­рылған. Алдағы уақытта бұл жерде түрлі облыстық, респуб­ли­калық ғы­лыми конференциялар ұйым­дас­тыру жоспарда бар. 

Ал дыбыс жазу студиясында жы­раулардың дауыстары тас­па­ла­натын болады. Бұл дәстүрлі жы­раулық өнердің қүндылығын арт­тырып, келешек ұрпаққа дәріп­теуге зор ықпал етері сөзсіз. 

«Осы орайда дәстүрлі орын­дау­шылардың қара шаңырағы саналатын Жыраулар үйін ашуға қолдау танытқан облыс әкімі Нұр­­­лыбек Нәлібаевтың еңбегін ерекше айтып өтуге болады. Ор­талық жұмысын ұйымдастырула Қызылорла облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекованың да ықпалы зор. Келешекте бұл орталық түрлі келелі мәселелерді талқылайтын орынға айналық қана қоймай, жас өнерпаздарды тәрбиелейтін шеберлік мектебіне айналатыны сөзсіз. Осы арқылы Сыр өнеріне баулып, шыңдалған дүлдүлдеріміз әлі талай дүбірлі додаларда топ жа­ратынына сенеміз», – деп сө­зін қорытындылады орталық ди­­­­ректоры.

Жалпы, бүгінде облыс ау­ма­­ғын­дағы үш ауданда Жыраулар үйі ашылып, жұмыс жүр­гізіп жатыр екен. Оның ішін­де Арал қаласында Нұртуған жы­раудың ізімен ашылған орталықта 10 үйірме жұмыс істейді. Сол сияқ­ты Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі жанынан ашылған ор­талықта 9 үйірме дәстүрлі өнер­­­­ді жаңғыртуға күш салып жүр. Сол сияқты Шиелі ауда­нын­да да мәдениет және тілдерді да­мыту бөліміне қарасты Нартай өнер үйі ашылған. Қазір бұл ор­талықта 5 үйірме жұмыс жасап жа­тыр екен. Алдағы уақытта оның қатарын арттырып, Сыр­да­рия, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында да осындай орта­лықтар ашуға ұсыныс жасалып жатқанын жеткізді. 

Дәстүрлі өнердің қара шаңы­ра­ғында өткен бір күніміз ерекше әсер­ге толы болды. Сырдың бас қа­ласы Қызылордада «Руханият» жылы аясында Жыраулар үйінің ашылуы дәстүрлі өнер жана­шыр­ларының қазақтың баға жетпес асыл қазынасына деген шынайы құрметі деп қабылдадық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы