Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы желіде Аналар мерекесіне орай анасына арнап жантебірентерлік жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтуынша, анасымен көп уақыт сырласып, әңгімелеспеген. Уайымға берілмесін деп, көп дүниені жасырғанын айтады.
«Ана, мама, менің Дишинкам. Осы жазбаны жазғым келіп жүргеніне 7-8 жылдай болды десем, күлетін шығарсыздар. Бүгін елімізде Аналар күні тойланып жатыр. Өзім мамаммен бертін ғана сырласа бастаған қызбын. Білмеймін, әлде әкеме жақын болдым ба… (әкем 21 жыл бұрын дүниеден өтті) Есейген шақта да «мамам уайымдамасын» деп көп нәрсені жасыратынмын. «Ұят болады» тағы бар. Тұрмысқа шыққанда, бала босанғанда, жұмыстағы түрлі проблемалар сияқты түрлі жағдайлар көп қой әйелдерде, бәрін айтуға қысылатынмын. Іштей тынып, қоя саламын сонда. Сөйтсем, бұл мінезім анама тартқан екен ғой. Мен Дишинкамның қиналған кездерін көп көрдім. Адуынды енесі (жер барып хабар айтпасын), сырқат жұбайы бар, перестройка, ала дорба арқалаған кез. Енді балалар есейді дегенде папам дүниеден өтті, енді немере сүйіп қуанамыз дегенде әжем кетті, енді немере қызды ұзатып, ұл үйленеді дегенге баласынан айырылды, қызым орнықты ғой дегенде күйеу баласы да келмеске кетті. Өмір дерсіз, мұны басына түскен адам ғана түсінеді. Бірақ қандай жағдай болмасын уайымдайтын, кешіретін, күресетін, жаныңыздан табылатын адам – АНА. Ана жүрегін өзім «ана» болғанда ғана түсіндім. Ана жүрегі бәрін-бәрін сезеді. Қазір осы текстті жазып отырып, Дишинкам дұғасына қосып намаз оқып отырғанын білемін, сеземін. Ішімдегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес… Әр баланың өз Дишинкасы бар, сол Дишинкалар аман болсын, ауырмасын! Қыздар, аналарыңызбен сырласыңыздар, іштей тынбаңыздар, көмек сұрау – уайымдату емес!», – деп жазды тележүргізуші.