Шымкентте балалар теміржолы бар. Ол 1979 жылы сол кездегі өңір басшысы Асанбай Асқаровтың тікелей басқаруымен салынып, 1980 жылы халықаралық балалар жылы қарсаңында пайдалануға берілген. Балалар теміржолына Ғани Мұратбаев есімі беріліп, қаншама жыл қаланың мақтанышы ретінде жұмыс істеді.
Теміржол аумағы саябаққа айналады
1,563
оқылды

Теміржол ұзындығы 6 шақырымға жуық. Бір нүктеден екінші нүктеге жету, шынайы теміржол нысандарына ұқсас­тығы жағынан оған тең келер нысан елі­мізде жоқ. Балалар теміржолы бірнеше рет қайта жаңғыртылып, іске қосылған. Локомотив пен вагондар сәбилер тасы­малына қабілетті болғанымен, семафор­ларды жаңғырту, жолдың екі жағындағы қорған зонасын тазарту, рельстер мен шпалдарды түгелімен тексеруден өткізіп, жарамсыздарын ауыстыру, жетпей тұр­ған нысандарды салу сияқты үлкен жұ­мыс­тар бар. Өкінішке қарай, үшін­ші мегаполиске келген әрбір басшы ба­ла­лар теміржолы­ның жаңғыртылуы бо­йынша мәселе көтеріп, соңы сиырқұйым­шақтанып кететін. 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков  нысанның қайта қалпына келтірілмейтіні жөнінде айтып, бұл мәселеге нүкте қойды. Есесіне енді балалар теміржолының аймағы демеу­шілер есебінен жаңа серуен аймағына айналмақ. Бүгінде үшінші мегаполистегі жаңғыртылып, жаңарып жатқан жоба­лар­дың басым бөлігі демеушілердің кө­ме­гімен жүзеге асырылып отыр. Шым­кенттегі балалар теміржолының бойынан да дәл солай демеушілер көмегімен рельстер алынып, оның орнына заманауи талаптағы веложол, жаяу жүгіру жол­дары, бірнеше воркаут алаңы салынып, жан-жағы көгалдандырылатын болады. Қала әкімі Ғ. Сыздықбеков А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар теміржолын аралап көрді. Ұзын­дығы 6 шақырымды құрайтын балалар теміржолы дендросаябақ маңындағы «Тұлпар» және Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы «Спорт» станса­ларын байланыстырған. Бұған дейін теміржолдың жұмысы бірнеше рет тоқ­татылған. 2010 жылы қайырымдылыққа қаралған қаржы есебінен қайта іске қос­қан. Дегенмен локомотив көп ұзамай толық істен шығып, депоға қойылған. Ал 2013 жылы қалалық прокуратура балалар теміржолының қауіптілігін ескере оты­рып, пайдалануға тыйым салған-ды. Сонымен қатар мамандар ондай локо­мотивтер өндірісте жоқ екенін, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа шыға­тынын мәлімдеп отыр. Ғабит Әбдіжамит­ұлы мемлекет қаржысы, қала бюджеті қаладағы жоспарлы және кезек күттір­мейтін мәселелерді шешуге ба­ғыт­тала­тынын, ал балалар темір­жо­лының бойын жаңғыртуға арналған жоба демеу­ші­лердің қаржысына жүр­гізілетінін атап өтті. 

«Шымкентте бұған дейін де бірнеше жоба демеушілер есебінен жаңарып, халық игілігіне берілген болатын. Біз қала бюджетін халықтың әлеуметтік жағ­дайына септігі тиетін маңызды жоба­ларға бағыттап, тиімді игеруді көздеп отыр­мыз. Атап айтар болсақ, жаз мезгілінде тоқтап қалатын ыстық су мәселесі, ауызсу, ирригация және кәріз жүйесі жүргізілмеген аудандар бар, осындай халыққа бірінші қажет жоба­ларға жұмсаймыз. Ал балалар темір­жолын қайта жаңғыртып, локомотивке тапсырыс беру мәселесі де мамандармен талқыланды. Алайда ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені, ондай локо­мотив­тің өндірісте болмауына байла­нысты арнайы тапсырысты орындау қомақты қаржы қажет ететіні бұған дейін де айтылды, – дейді Ғабит Сыздықбеков.

Теміржолдың жағдайымен таныстыра келе қала әкімі жан-жақты зерделенгенін, серуендеушілерге қауіп­сіз аймақ бола­ты­нын айтты. Арғын­беков-Бәйдібек би жолай­рығын салу кезінде теміржолдың бір бөлігі бұзыл­ғанын ескерген қала бас­шысы жауапты­ларға жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы етіп салуды тапсырды. Сондай-ақ екі стан­са орнын жаяу жүргін­шілерге қа­жетті заттарды сатуға шағын кәсіп ие­леріне бергелі отыр.

Айта кетейік, бұған дейін қала тұр­ғындары арасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолтаң­басы қалған балалар теміржолының өзгеруі кереғар пікір тудырған болатын. Алайда қала әкімі Ғ. Сыздықбеков локо­мотивтердің ескерткіш ретінде пайда­ланылып, теміржол бойының заман талабына сай өзгертіліп, ел игілігіне берілетінін алға тартты. Әсіресе, 1980 жылдан бері қаланың орналасуында да көптеген өзгеріс болып, балалар темір­жолы­ның бойында қаладағы көлік қоз­ға­лысын жеңілдетуге арналған жолай­рықтар салынғанын да ескерген жөн. Қала жұртшылығының белсенді дем­алуына, саламатты өмір салтын ұстануы­на арналған жоба жақын арада пайда­лануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар мегаполис басшысы осы күні Тәуке хан даңғылындағы жаяу жүргіншілер тротуарларының жағдайы­мен танысты. Қала тұрғындары қыс мезгілінде тротуар плиталарының қозға­лысқа қауіптілігіне бірнеше рет шағым­данған. Тұрғындардың шағымын ескере отырып, сауалнама жүргізілген. Сауалн­амаға қатысқандардың 90 пайызы тро­туар плиталарын асфальт төсемімен ауыс­тыруды қолдаған. Осыған байла­нысты қала әкімі жаяу жүргіншілерге ар­налған тротуарларды асфальттау бойынша шешім қабылдады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы