Қазір ипотекасыз өмір сүретін қазақ аз десек, артық айтқанымыз емес шығар.
Ипотеканы қалай жапқан дұрыс: пайдалы кеңес
www.istockphoto.com
4,781
оқылды

Бірақ сол ипотеканы мерзімінен бұрын төлеп, жабар кезде де қарапайым қағидаларды білгеніміз жөн.  Aikyn.kz редакциясы  бұл жолы  берешек болып қалып, артық комиссия төлемеу үшін және кепілден шығарып, мүліктің толыққанды иесі атану үшін не істеу керегін түсіндіреді.

1-қадам. Нақты қанша ақша қалғанын біліп алыңыз.

Банктен қалған қарыз сомасын сұраңыз.

Оны банк қосымшасынан қарауға да болады, бірақ менеджерге барған дұрыс. Өйткені маман соңғы төлем жасалатын күні қандай сома қалатынын дәл есептеп береді.

Қарызды бір теңге де қалдырмай түгел өтеу керек — бұл өте маңызды. Тиын-тебен қалса да, банк оның үстіне пайыз қосып, сізді борышкерлер қатарынан шығармайды.

Егер ипотеканы ерте жапсаңыз, міндетті түрде банкке хабар беріңіз. Тиісті өтінімді жазбаша не мобильді қосымша арқылы жолдауға болады.

Өтінім жазбай-ақ шотқа аударсаңыз, банк кредитті қолданғаныңыз үшін пайыз үстей береді, ал шоттағы ақшаны ай сайын белгіленген уақытта алып отырады.

Несиені ерте жапқанда қаржы ұйымы комиссия сұрауы мүмкін.

Айыппұл және комиссия

Ипотеканы мерзімінен бұрын жабу шарттары келісімшартта жазылады. Мұнда ерте жабуға шектеу қоятын мораторий мерзімі және ол күшін жоймай тұрып жапқанда қанша комиссия алатыны жазылады. Не болмаса құжаттан ерте төлегенде айыппұл салмайтыны туралы шартты іздеңіз.

Заңға сәйкес банктер мынадай жағдайда ғана комиссия алуға тиіс:

  • Бір жылға жетпейтін мерзімге берілген ипотеканы алғашқы 6 ай ішінде жапқанда.
  • Бір жылдан көп мерзімге берілген ипотеканы алғашқы 12 ай ішінде жапқанда.

Бұл норма 2016 жылы 1 шілдеде күшіне енген.

Банктің рәсімделгеніне бір жылдан асып кеткен ипотеканы ішінара не толық жапқанда комиссия алуы заңсыз әрекет.

2-қадам. Еш қарыз қалмағанына көз жеткізіңіз.

Бүкіл соманы төлеген соң төлем түбіртегін сақтап қойыңыз және банк бөлімшесінен не мобильді қосымша көмегімен еш қарызыңыз жоқ екенін растайтын анықтама (мұндай қызмет болса) алыңыз.

Аталған құжатта қарыз алушы туралы мәлімет, ипотека келісімшартының нөмірі, төлем жасаған күн мен қарыз жоқ деген жазба болады.

Сонымен қатар несие шотында қалдық қалмағанын растайтын құжатқа тапсырыс беріңіз.

3-қадам. Құжат сұраңыз.

Енді сатып алған үйіңіздің бүкіл құжатын қайтаратын уақыт келді. Құжаттарды (сатып алу-сату шарты, техпаспорт, мемлекеттік акт және т.б.) беру туралы өтінішті банк менеджері рәсімдейді.

Әдетте өтінімді банк 3-14 жұмыс күні аралығында қарастырып, кездесу уақытын белгілейді. Келіскен күні бұрынғы борышкерге жылжымайтын мүліктің бүкіл құжатын тапсырады.

4-қадам. Кепілхат (закладная) алыңыз.

Қаржы ұйымдарының көбі жылжымайтын мүліктің құжатымен бірге ипотекамен байланысты барлық міндеттеме орындалды деген белгісі бар кепілхат береді.

Кепілхатта қарыз алушы ипотеканың барлық шартын орындады деп жазылады.

Кепілхат аса маңызды құжат. Ол жылжымайтын мүлікті ауыртпалықтан (обременение) арылту үшін қажет.

5-қадам. Ауыртпалықты алып тастаңыз.

Жылжымайтын мүліктің құжаттары қолға түскен соң анықтама мен кепілхатты алып, ХҚКО-ға барасыз. Мұндағы мамандар сіз сатып алған мүлікті ауыртпалықтан босатады.

Бұл функция кей банктің мобильді қосымшасында бар.

Соңғы қадам: жылжымайтын мүлік ауыртпалықтан арылғанына және барлық дерек базаға енгеніне көз жеткізіңіз. Ол үшін тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама немесе № 2 форма алу керек.

Анықтамада ауыртпалықтан босады деген жазу болуға тиіс.

Енді сіз жылжымайтын мүліктің толыққанды иесі атандыңыз және банктің оған ешқандай құқығы жоқ.

Сараптамазерттеу мақалакүнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.