Ақмола облысында ветеринар тапшылығы мәселесін шешуге ниетті атқамінер байқалмайды.
Маман тапшылығы қолды байлап тұр
1,220
оқылды

Ветеринар мамандардың жетіспей жатқаны биыл қыста қатты сезілді. Бірнеше ауылда қалт-құлт еткен малдың жай-күйін қарауға жалғыз өзі қалған ветеринар мамандардың шамасы жетпегендіктен, аман алып қалуға болатын малдың өзі де пышаққа ілініп не арам өлген.

– Осы маңдағы үш-төрт ауылды бір ветеринар маман қарайды. Малы ауырған жұртқа шауып жөнеледі. Күн-түн демейді. Жұттан кейін ветеринарлардың жетіспеуінен біраз мал өліп қалғанын көзімізбен көрдік. Бірақ қолдан келер қайран жоқ, – дейді Васильков ауылының тұрғыны Темірбек Ғалымов. 

Деректерге сенсек, Ақмола облысында жалпы саны 89 мал дәрігері жетіспейді. Мұндағы Макинск қаласында елдегі ең ірі құс фабрикасының ашылуынан кейін кадр тапшылығы 50 пайыз деңгейден асып жығылыпты. Сондай-ақ Степногорск қаласы мен Жақсы ауданында – 65 пайыз, Жарқайың мен Астрахан аудандары – 67 пайыз және Целиноград ауданы 68 па­йыз ғана мал дәрігерімен қамтылған. 

Облыста ветеринар жетіспеушілігі аса өткір тұрғанын ветеринария басқармасы да мойындады. Ведомствоның мәліметінше, бүгінге дейін ауылды жерлерде жұмыс істейтін ветеринар мамандарды әлеуметтік қолдау мәселесі де шешімін таппаған. 

«25 пайыз үстемеақы ретінде әлеуметтік қолдау азаматтық қызметкерлерге ғана көрсетіліп келеді. Ал ветеринарлық стансалар мен ветеринарлық пункттерде қызмет атқаратын мамандарға мұндай көмек қарастырылмаған. Ветеринарлық стансалардың формасы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ғана», – дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ағыбай Сыздықов. 

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ведомство орталық органдарға Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу туралы бірнеше мәрте жүгінген. Алайда ешқандай шара қабылданбаған. 

– Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жыл сайын жақын маңдағы оқу орындарына жас мамандарды тарту үшін арнайы барамыз. Облыста соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 86 ветеринар жұмысқа қабылданды. Бюджеттік несие арқылы 36 маман жалпы сомасы 101,4 миллион теңге алды. 50 маман 11,6 миллион теңге сомасында бірреттік жәрдемақы алды. Биыл 13 жас ветеринар маман жұмысқа қабылданды, – дейді Ағыбай Сыздықов. 

Дегенмен жас мамандар ауылда тұ­рақтамайды екен. Коммуналдық мекемеде жұмыс істегендіктен көпшілігі жеке компанияларға ауысып, бірқатары өз қыз­метін мүлдем ауыстырып саладан кетіп қалған.

– Мәселен, 2022 жылы Астана қаласындағы аграрлық университетте ветеринария мамандығын бітірген 110 түлектің 39-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Былтыр бітіріп шыққан мамандардың 51 пайызы ғана мал дәрігері болып жұмысқа кіріпті. Бұл саланың күрделі жағдайда екенін айғақтап тұр», – деп толықтырды Ағыбай Қоқышұлы. 

Жас мамандар тұрақтамауы салдарынан сала мамандарының қартайып бара жатқаны да байқалған. Облыста ветеринарлардың орташа жасы 55 жасқа жетіп жығылған. Ал оны алмастырар жас мамандар мүлдем жоқ. 

Ведомство мәліметінше, былтыр облыс­тық бюджеттен мамандарды тарту үшін жоғары оқу орындарына «Ветеринарлық медицина» мамандығына бес бюджеттік білім беру гранты бөлінген. Бірақ оның қорытындысы бойынша, басқарма басшылығы үш талапкерді әзер тапқан. Ақыры Қостанай қаласындағы жоғары оқу орнында екі маман ғана оқуға барған. Ветеринар мамандығы жалақысының төмендігіне байланыс­ты жастар жоламай қойған. 

– Жастарды тарту үшін жоғары оқу орындары мен техникалық оқу орындарын жақсы жалақы, тұрғын үй мен көтермеақы­мен қызықтыру керек. Мәселен, ауылдық жердегі мұғалімдердің жалақысы 700 мың, дәрігерлерде 640 мың, ал ветеринарларда бар-жоғы 230 мың теңге ғана. Мұндай тө­мен жалақы үшін жоғары оқу орнын бітірсе де олар күзетші немесе дүкенші болып кетіп жатыр, – дейді Ағыбай Қоқышұлы. 

Ведомство мәліметінше, ветеринарлық стансалардың материалдық базасы да әбден тозған. Мамандар жұмысына қажет жаңа техника, көлік, арнайы құрал-жабдықтар мен компьютер жоқ. Ал оған қажетті қаражат облыс бойынша 3,6 мил­лиард теңгеге жеткен. 

– Біз қауіпті аурулар мен індет болса қолдағы бар мал басын егу және диагнос­тикадан өткізуге аурудың алдын алуға толықтай қамтамасыз ете алмаймыз. Кадр тапшылығы біздің қолымызды байлап отыр. Егер бұлай жалғаса берсе, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай ушыға түспек. Кадрлар тапшылығының тікелей және жанама әсері өте көп. Мәселен, былтыр Жарқайың ауданында Сібір жарасының жаппай таралып кетуі – осының айғағы, – дейді Ағыбай Сыздықов. 

Облыста қазір жалпы штаттық кесте бойынша 716 ветеринар болса, өңірде іс жүзінде тек 616 маман істеп жатқан болып шықты. Түйткіл саланы біржола тығырыққа тірейтіні ақиқатқа айналып барады. Бұл құзырлы министрлік пен Үкіметтен дереу арада шешім қабылдап, тиісті реформалар жүргізуді қажет ететіні көрсетеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы