Бұл фактіні мектеп әкімшілігі растады. Оқиға жексенбі, 12 мамыр күні болған.
Ақтауда мектеп күзетшісі оқушыға тиісті деген күдікпен ұсталды
Фото: lada.kz
913
оқылды

Ақтаудағы мектептердің бірінде күзетші кәмелетке толмаған балаға тиісті деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz  жергілікті LADA  басылымына сілтеме жасап. 

Редакцияға №10 орта мектеп оқушыларының ата-аналары WhatsApp арқылы жіберген аудиожазбалары келіп түскен. Жазбадағы әйел демалыс күні кәмелетке толмаған қыздар мектеп ауласында ойнап жүргенін айтады. Ал күзетші олардың бірін подъезге шақырып, тиісе бастаған. Қыз одан қашып үлгерген. 

"Біздің мектепте болған оқиға. Сұмдық! Қабылдау бөлмесінде отырған 52-53 жастағы кісі, қыздың қалай қашып кеткенін білмеймін... Ол жерде камера бар. Ол не ойлаған? Көшеге шықты, сыртта жүрген қыздардан бірдеңе сұраған, балаларды алдау оңай ғой... Оны мектепке, ресепшенге апарып зорламақ болды", – дейді әйел аудиожазбада. 

Басылымның мәліметінше, қыздың анасы полицияға арызданған. Бұл фактіні мектеп әкімшілігі растап, оқиға жексенбі, 12 мамырда болғанын нақтылады. 

Күзетші дереу ұсталды. Оның әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сондай-ақ қауіпсіздік агенттігінің үстінен сот қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Маңғыстау облысы полицейлері күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын жеткізді. 

"Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, басқа ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды", – деді Полиция департаментінен. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.