1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні деп бекітілген болатын.
15 мамыр – Отбасы күні!
www.istockphoto.com
1,383
оқылды

Ал Отбасы күні 1994 жылы алғаш рет аталып өтілді. Бұл күнді белгілеудің себебі, түрлі мемлекетте қоғамның назарын отбасы құндылығына аудару қажеттігінен туындаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Отбасы – махаббат пен мейірімнің, құрмет пен сыйластықтың ошағы. Отбасы – біздің қоғамда әрқашан да рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Мемлекеттің дамуында, қоғамның қалыптасуында отбасының, ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Сондықтан бұл күннің де ерекшелігі осында. Отбасылық құндылықтар мен Отбасы институтының маңызын Мемлекет басшысы да жіті түсініп, оны нығайтудағы саясатты қолдайды.

Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды "Адал азаматқа" тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда отбасы институтын қолдау және дамыту бойынша заң актілері мен мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Отбасын, ана мен баланы қорғау – мемлекеттің бақылауында. Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасының басым моделін ілгерілету, бала тууды көбейту, барлық қоғамдық салаларда гендерлік теңдікті дамыту – республикадағы отбасы саясатының негізгі құрамдас бөлігі.

2011 жылы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс қабылданды. Кодекс отбасылық қатынастарды реттейді, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелерін белгілейді, отбасылық қатынастарға қатысты негізгі ұғымдарды нақтылайды. Кодексте тек мемлекеттік органдарда тіркелген неке заңды болып саналады. Ал қалған түрі – некесіз бірге тұру және діни жоралар бойынша қиылған некенің елімізде заңды күші жоқ және жоққа шығарылады. Бұдан шығатын қорытынды, мұндай отбасында туған балалар және ажырасқаннан кейін мүлікке заңды құқығына қатысты мәселелер ең осал. Сонымен қатар Қазақстандағы ресми статистика тіркелмеген некеде дүниеге келген балалардың есебін жүргізбейді. 

Қазақстандық отбасылар туралы Ұлттық баяндама осыдан бірер жыл бұрын Қазақстандық қоғамдық даму институты арқылы жүргізілген. Көлемді зерттеуге сәйкес, көпбалалы отбасындағы ауызбіршіліктің басты себебі жұбайлар арасындағы махаббат, өзара түсіністік пен келісім екені анық болған. Ал материалдық игілік пен бала туу көрсеткіші аз пайызды құраған. 

Сонымен қатар бізде Отбасы институтын зерттеу орталығы да бар. Ал оның жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген.

Орталық бірнеше әдістемелік құралдарды әзірледі: тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының үздік практикалары бойынша; жастарды отбасылық өмірге дайындау бойынша; агрессорлармен жұмыс бойынша; тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі ақпараттық анықтамалық-нұсқаулық. Біздің орталықтың қызметі қоғамдық отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды, отбасы мен некенің маңыздылығын қолдауға және дамытуға бағытталған. Өйткені отбасын құрып қана қоймай, сенім, шыдамдылық, түсіністік пен өзара қолдауға негізделген бүкіл әлемді қалыптастыру маңызды, – дейді Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Рақышева.

Отбасы жайлы сөз болғанда, отбасылық денсаулық туралы да айта кеткен жөн. Себебі дамыған елдерде отбасылық денсаулық жай ең бірінші кезекте. Еуропа елдерінде жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ДДҰ «Еуропада 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібін орындауды қолдау үшін жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары – ешкімді назардан тыс қалдырмау» жоспары әзірленіп, іске асырылып отыр. 

Іс-қимыл жоспары шеңберінде ЕО-ға мүше 33 мемлекет (85%) сауалнамаға қатысқандардың 39-ы гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық стратегияларды әзірлеп, іске асыруда. Сондай-ақ 33 мүше мемлекетте ұлттық нормативтік құжаттар бар, ал 35 мүше мемлекетте (90%) гендерлік зорлық-зомбылық проблемасына қарсы күрестің әртүрлі аспектілерін көрсететін ұлттық хаттамалар немесе басшылықтар бар. 24 ел (62%) зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қызмет көрсететін медицина мамандары арасында іскерлікті, дағдыларды дамыту және көзқарастарды қалыптастыру бойынша оқу бағдарламасын әзірледі. 

Ал сарапшы А. Рақышеваның пікірінше, бізде балалы болу мәселесі отбасы құндылықтары тақырыбындағы ең өзекті дүние саналады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасылық саясат мемлекеттің басты басымдығы және отбасын нығайту мен қазақстандықтардың әл-ауқаты бойынша жүйелі және кешенді жұмыс жолға қойылған. Көпбалалы отбасылардың жағдайы мен дамуын зерттеу бойынша әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, көпбалалы қазақстандық ата-аналардың көпшілігі отбасын өмірдің мәні деп санайды. Респонденттердің 75,1% осындай жауап берді, – дейді ол.