Еліміздің орталығы мен солтүс­тігі және шығыс өңірлері 15 қыр­күйекке дейін жылу маусымына сақадай сай бо­луы тиіс. Ал қалған облыстарға берілген соңғы мерзім – 15 қазан. 10 мамырда өткен Үкі­мет отырысында Премьер-Ми­нистр Олжас Бектенов осылай деп ше­гелеп тапсырды.
Жылу маусымы: дайындық жақсы, нәтиже қандай?
629
оқылды

«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді хал­қымыз. Ел Үкіметі қысқа әзірлікті жазға жет­кізбей бастап кетті. Өйткені респуб­лика­дағы жылыту жүйелерінің жағдайы мәз емес. Жыл өткен сайын ескіре түскен жылу көздерінде технологиялық ақау жиі­леп, қыс ішінде тұрғындарды әбігерге са­латын болған. Осыған байланысты Үкі­мет бас­шысы министрлер кабинетінің ал­дына бірқатар міндет қойды.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы алдымен апатты жағ­дайда тұр­ған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыс­тарын аяқтауды тапсырды. Энерге­тика ми­нистрлігі әр объект бойынша ма­ған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бе­кітілген мерзімдерді өзгертуге болмай­ды. Қыс бойы жөндеу жұмыс­тарын жүр­гізуге мәжбүр болған Кентау мен Степно­горскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», – деп ескертті О.Бектенов.

Премьер мысалға келтірген төрт ны­сан­дағы жұмыс расымен де созбаққа салынған. Мысалға, Ақтаудағы МАЭК-ның №2 энергетикалық бло­гын­дағы жөндеу жұмысы қаңтарда аяқталуы тиіс болған, мерзімі мамырға ысырылды. 

«Топар» ГРЭС-індегі қазандыққа да күрделі жөндеу 2023 жылдың 31 желтоқсан­да бітуі тиіс еді, маусымға қалып отыр. Кен­таудағы №8,11 қазан­дықтар да был­тырғы қарашада аяқталуы керек болған. Степногорскі қаласының қазан­дық агре­гатының ағымдық жөндеу жұмысы да ке­лесі айға қалған. 

Осы кемшіліктерді қатаң түрде ескерт­кен Үкі­мет басшысы отырыста Өнеркәсіп, Энер­гетика министрліктері мен өңір әкім­діктеріне барлық жылу көздерін отын­мен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Қазірден бастап коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жи­нақтап алу керек.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айы­ның басындағы қатты аязда  Екібастұз, Балқаш, Степ­ногорск, Ақтау, Теміртау, Көк­шетау, Рид­дер қала­ларында ком­мунал­дық шаруа­шылық қызмет­терінен ақау шығып, жылу, су құбырлары кезегімен жа­рылған-ды. Қақаған аязда тұрғын­дарды жылу­сыз қалдырған оқи­ғадан кейін сол кездегі Үкімет Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағам­бетовті қызметінен босатқан. Алайда орынбасар орнынан кет­кенімен, жылу жүйесіндегі проблема өз күшінде қалды. Бүгінгі күні Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істеп тұрғаны­мен, оның 19-ы апатты жағдайда.  

Дегенмен жылу көздерін сапалы әрі уа­қытылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Премьер-Министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қау­лыға қол қойды. Сондай-ақ Көкшетау­дағы жылу қазандықтарын жөн­деуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталмақ. Ендігі міндет – жергілікті жерлердегі жұмысқа кү­шей­тілген бақылау жасау. «Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұ­мыстарына атүсті қарауды доға­рыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақы­лауға алу керек. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін бо­ламын», – деген Ол­жас Бектенов бұл жұ­мысқа бақылау жүргізуді тікелей өзі қада­ғалайтынын байқатты.

Шынында да, биылғы қыс Бектенов бас­қаратын министрлер кабинеті үшін кезекті сы­наққа айналғалы тұр. Жылу маусымына да­йын­дықты арнайы Үкімет отырысында пысық­тап алған Олжас Абай­ұлы, тексерісті бастап кетті. 15 мамырда Ақмола облысына жұмыс сапары бары­сын­да Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығына арнайы барып жай-күйімен танысты.

Бүгінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Биылғы жоспарланған жөн­деу жұмыстары жыл соңына дейін көрсет­кішті  41%-ға дейін тө­мендетуі тиіс. Облыс орталығын жылу­мен қамтамасыз етіп отырған  4 қазандық­тың екеуін (№1,№2) жөн­деуге ре­зерв­тен 816 млн теңге бөлінді. Одан бөлек, қаланың жылу және электр энергиясына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құ­райтын болады.  

Үкімет отырысында Энергетика ми­нистрі Алмасадам Сәтқалиевтің, Өнер­кәсіп және құрылыс министрі Қанат Шар­лапаевтың, сон­дай-ақ инфрақұры­лым­ның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамалары тың­далды. Ресми дерекке сәйкес, еліміз­дегі жалпы ұзындығы 13 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерінің орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың шақы­рымын ауыстыру қажет. Әсіресе, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Маң­ғыстау және Қарағанды облыстарында жылу желілерінің тозу көрсеткіші жоғары. Үкіметтің алдында 2030 жылға қарай тоз­ған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылумен жабдықтау желі­лерінің 221 шақырымын жөндеу жос­парланып отыр.  

Осы мәселелерді ескере келе, Үкімет энер­гетикалық сектордың инвестициялық тартым­дылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізген «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансалар­ды жөндеу мен жаңғыр­туға шамамен 327 млрд теңге тарту жос­парланып отыр. «Қар­жы бірінші кезекте әбден тозығы жет­кен объектілер мен желілерді жөн­деуге жұм­салуға тиіс. Энергетика, Өнер­кәсіп ми­нис­трліктері мен әкімдіктерге қуат көз­деріндегі, жылу және электр желі­лерін­дегі жағ­дайға мұқият талдау жүргізіп, қосымша жөндеу жұмыстарының көлемін айқын­дауды тап­сырамын. Бұл ретте республика­лық, жер­гілікті бюджеттерден және инвес­тициялық бағдар­ламалар аясында қаржы­ландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет», – деп тапсырма берді О.Бектенов.

Жалпы, биыл бекітілген кестеге сәй­кес, электр стансаларында 10 энергоблок­ты, 55 қа­зандықты және 45 турбинаны жөндеу жос­парланған. Қазіргі сәтте 2 энер­гоблокта, 12 қа­зан­дықта және 2 тур­бинада жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр.  

Бауыржан БАЗАР