Кеше Мәжілістің Жалпы отырысында депутаттар «Мем­ле­кет­тік сатып алу ту­ра­лы» және оған ілеспе заң жобаларын, сон­дай-ақ «Жол жү­­рісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы ко­­декске көлік құралдарының жекелеген түр­лерінің жүруін ұйым­­дастыру мен жол қауіпсіздігін цифрлан­дыру мәселелері бойын­ша заңнамалық түзетулерді екінші оқы­лымда қабыл­дады.
Мемлекеттік сатып алу оңтайлы тетікке айналмақ
792
оқылды

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жаңа редакциясы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев баян­дама жасады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақ­са­тымен депутаттар заңда атқарушы органмен бірлесіп, отандық жеткізу­ш­і­лерді қолдау және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру шарт­тарын белгіледі. Өзгерістердің бірі – нысанды салу және пайдалануға беру бойынша кешенді жұмыстарды қамтитын – EPC келісімшарттарын енгізу. Сондай-ақ бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізі ретінде отандық тауар өндірушілермен жасалған офтейк-келісімшарттарын анықтау ұсынылады.

«Екінші оқылымға дайындық барысында мемлекеттік сатып алу бойынша шағымдану рәсімдері, өнім берушілердің жауапкершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты қағидалар нақтыланды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен шағымды ұйымдастырушы қарайды. Оның шешіміне әкімшілік іс жүргізу аясында шағым түсіру мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тоқтатпайды», – деді Руслан Қожасбаев.

Депутат жеткізушілердің мерзімін өт­кізіп алғаны және сапасыз жұмыс істегені үшін жауапкершілікті күшейту мақса­тымен оларды жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу, айыппұл өндіру, сондай-ақ тұтыну­шыларға осындай жеткізу­­ші­лермен шарт­ты мерзімінен бұрын бұзу мүмкіндігін беру ұсынылып отырғанын айтты. Сонымен қатар бір көзден алу тәсілімен са­тып алу ту­­­­ра­­лы шарт жасасу жөнінде шешім қабыл­­­даған мемлекеттік орган басшы­­­­сының (тапсырыс берушінің) дербес жауап­кершілігі белгіленеді. Мұнда «баға – сатып алынатын тауардың, жұ­­­мыс­тың, қызметтің сапасы» қағидасы жұмыс істейтін болады. Ал ауыл әкімдік­­терінің тиімділігі мен дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен біртекті тауарларды (жұмыстарды, қыз­меттерді) сатып алудың шекті мөлшері 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа да өзге­­­рістер қамтылған. Талқылау қоры­­­тындысы бойынша депутаттар «Мем­­­­­лекеттік сатып алу туралы» заңды ілеспе түзетулерімен қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов қабыл­­данған құжатта Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндет ескерілгенін, бірақ мұнымен тоқ­тап қалмау қажеттігін атап өтті.

«Жақында Президенттің «Эконо­миканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданғанын біле­­сіздер. Енді тиісті комитет мемлекеттік ор­­­гандармен бірлесіп, заңнамалардың Жарлық нормаларына сәйкестігін тексеруі қажет. Бұл мемлекеттік сатып алу саласына да қатысты. Ең алдымен, мемлекеттік са­ты­п алуды өткізу кезіндегі «сары беттер» (же­ке меншікті қолдау) қағидаттарын сақ­тауға және басқа да салалық заң­­­­на­малық актілерге қатысы бар. Болашақта бизнес қатыса алатын және қатысуға тиіс салаларға мемлекеттің араласуын азай­туымыз керек. Жалпы жұмысты Прези­­­­дент Жарлығы аясында жалғастырып, қажет болған жағдайда депутаттар тиісті заң жобаларын қабылдауға бастамашылық етуі қажет», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс отырысы барысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құ­­қық бұзушылық туралы кодекске көлік құ­­ралдарының жекелеген түрлерінің жү­руін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заң­намалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева түзетулерге заң қабылданған күннен бастап алты ай өткен соң мопедтерді мемлекеттік тіркеу, сон­­дай-ақ «А», «В», «С» санаты бар жүргізу­­ші­­лерге «А1» санатындағы куәліктерді (мопедтерді басқару үшін) автоматты түр­де беру енгізілгенін айтты. Көлік құрал­дарын техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Олардың жұмысын реттеу лицен­­­­­зиялау рәсімі арқылы жүргізіледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы да нақтыланып, жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарларда жүруге тыйым салынады. Ең жоғары жылдамдықпен қатар рес­­публикалық маңызы бар автомобиль жол­дарында орташа жылдамдық ұғымы да енгізіледі.

«Көлік құралының габариттері мен салмағына қатысты жолдардағы бұзу­­шылықтарды цифрлық жүйелер арқылы автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгереді. Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі мен көлік жүргізушілерін оқытуға бірқатар қосымша талап енгізіледі. Заңды жетіл­­­діріп, мазмұнын толықтыру үшін осы және басқа да ұсыныстар қамтылды», – деді Екатерина Смышляева.

Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында ин­дустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкімета­­­ралық келісімді ратификациялады. Бұл туралы Сауда және интеграция ми­­­­нистрі­­нің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев баяндады. Жұмыс тобының жетекшісі Мақсат Толықбаев кешен Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінің шекаралас аумақтарындағы «Қарасу – автожол» (Қазақстан) және «Ақ-тілек – автожол» (Қырғызстан) өткізу пункттерінің жанын­­­дағы Қазақстан және Қырғызстан бөлік­терінен тұратынын атап өтті.

«Келісім екі мемлекет арасындағы сау­да-логистика саласында бизнес жүргізу шарттарын жақсартады және екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Келісім 25 жыл мерзімге жасалады және автоматты түрде бес жылға ұзар­­тылады», – деді М.Толықбаев.

Сонымен қатар палата комитеттері Жоғарғы аудиторлық палата мен Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқа­­рылуы туралы есептерінің жобаларын, сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында зияткерлік меншік, тауарлардың шыға­­­рылған елін анықтау мәселелері бойынша және ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы норма­­­лардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін жою мәселелері туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай мен Еуропа арасындағы контей­­­нерлік пойыздарды дамыту жөніндегі Қазақстан-Қытай үкіметаралық келісім­­дерін ратификациялау және Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркә­­­сіптік ко­операция орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау ту­­ралы заң жобалары да Мәжіліске енгізілді.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 16 де­­­­путаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фракциясының жетек­­шісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсе­­­новаға жолдаған депутаттық сауа­лында балалардың құқықтарының қорғалу жа­ын, соның ішінде балалардың жазғы демалы­­сын ұйымдастырудағы олқылық­тарды көтерді. Мысалы, былтыр Алматы облы­сының Ұзынағаш ауылында балалар лаге­рін саунада ұйымдастырған оқиға қоғамда үлкен шу туғызып, соңы сотқа ұласып, жуырда кінәлілер бас бостан­дығынан айы­рылған болатын. Сол сияқты Бас прокура­­тура 2023 жылы тамызда Алматы облы­сында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған. Оларда санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары қауіпсіздік талап­тарына сай емес. Елімізде мұндай мысал­дар жетерлік. Сондықтан да ондай орын­дарды ескертусіз тексеріп, талапты сақта­маған­дарға нақты шара қол­дану керек. Бала­лардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн. 

«Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы елімізде 848 лагерь жұмыс істеген. Оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жеке, 630 – палаткадағы лагерлер. Ендеше балалардың жазғы демалысына қатысты келеңсіздердің алдын алу үшін тез арада келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, су баспаған өңір­­лердің әкімдіктері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балаларына жазғы сауықтыру орталықтарынан орын бөлуді қарастырғаны жөн. Екінші, еліміздегі бү­кіл жазғы балалар лагерлері, сауықтыру орталықтары мен демалыс орындары қауіп­сіздігі, тазалығы, өрт және санита­­риялық-гигиеналық жағдайы, демалатын орындары, туристік маршрут­­­тарының қауіпсіздігі, құтқару құралдары мен жаб­дық­­­тарының болуы бойынша толық­тай тексеруден өткізілуі қажет. Үшінші, жазғы балалар сауықтыру орталық­тары психолог мамандармен, суға шомылушылардың қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаушылармен қамтамасыз етілуі керек. Төртіншіден, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде әлеуметтік, эмоционалдық, ментальдық, тілдік, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орын­дау көзделге тиіс», – деді ол.

Фракция депутаттары көтерген келесі мәселелер бизнеске көрсетіліп жатқан қысым туралы болды. 8 мамыр күні Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «Эко­номи­­каны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» маңызды Жарлыққа қол қойған еді. Қазақстандық кәсіпкерлер көптен күткен бұл құжатты «AMANAT» партиясы толықтай қолдайды. Қадаға­лаудан тыс монополия, ресурстарға қол жеткізудегі алалаушылық, бәсекелестіктің әділетсіз әдістері – өткен күннің еншісінде қалуға тиіс! Бизнеске кез келген негізсіз қысымды тоқтатып, әлі де болса кездесетін көптеген әкімшілік кедергілерді жою қажет. «Мем­лекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жо­басы соған бағытталған.

«Өкінішке қарай, мемлекеттік орган­дардың тар аядағы ведомстволық мүд­делерін күйттеуге арнап құрылған ква­зимемлекеттік кәсіпорындар бизнестің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Ал олардың «үрілген» кадрлық штатын ұстап тұруға қомақты бюджет қаражаты жұмсалуда. Сондықтан да квазимем­лекеттік сектор үшін жасалған жасанды ар­тықшылықтарды алып тастау керек. Жыл сайын мемлекеттік сатып алуларда олардың үлесі артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 6 триллион 600 миллиард теңге қара­жатты құраған мемлекеттік сатып алулардың ішінде бір көзден алу тәсілімен сатып алу үлесі 1,6 триллион теңгені не­месе жалпы көлемнің 25 пайызын құрады. Бұл дегеніміз – нарықтық экономика жағдайында біз әлі де болса бәсекелестік ортадан жырып, адал бизнесті шеттетіп ат төбеліндей басшылар тобының шешімімен триллиондаған теңге мемлекет қаржысын үлестіріп отырмыз деген сөз. «AMANAT» фракциясы бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Енді бұған тоқтау салынбақ. Жыл соңына дейін Мәжіліс депутаттарының қатысуымен мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру жағдай­лары қысқартылатын болады», – деді депутат Болатбек Нәжіметдинұлы.

Сондай-ақ ол қазақстандық бизнестің мүддесі үшін квазимемлекеттік сектордың қорғаныс саласындағы тапсырыстарды сатып алу тәсілдерін қайта қарауды ұсын­ды. Өйткені құрамына ұлттық компания­лардың 60 пайызы кіретін «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары тиі­сінше ашық емес және отандық өн­ді­рушілерді қолдауға бағытталмаған. Қазақ­станға «Бәйтерек», «Даму» және т.б. даму инсти­туттарынан ірі бизнеске несие бөлу бо­йынша ашық және болжамды саясат қа­жет. Ең бастысы, БЖЗҚ мен Ұлттық қор қаражатын басқару тиімді болуы керек және қаржылық шығынсыз абсолютті тиімді инвестицияларға ғана салынуы керек.

«Экономиканы ырықтандырусыз Мем­­­лекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мүмкін емес. Өкі­нішке қарай, біз мұны қазірдің өзінде экономикамыздың көптеген саласында байқап отырмыз. Осыған орай, біз басым көпшілікке ие фракция ретінде Үкіметтен Президент Жарлығының белгіленген мер­зімде сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді сұрай­мыз. Өйткені Мемлекет басшы­­сының экономиканы ырықтандыру тура­лы дер кезінде қабылдаған шешімі бізден экономиканың сапалы әлеуетін арттыруға әділ де түсінікті көзқарасты талап етеді», – деді ол.

Сол сияқты келесі депутат Ерлан Саи­ров та Бас прокурор Берік Асыловқа, Қар­­­жылық мониторинг агенттігінің төраға­­сы Дмитрий Малаховқа жолдаған сауалында бизнес өкілдерінің қылмыс орбитасына тартылу жайын қозғады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкін­­­дігі пайдаланылмайынша, бизнеске қарсы қылмыстық іс қозғауға тыйым салын­сын», – деген болатын. Әйтсе де, Қаржы­­­лық мониторинг агенттігі Мемлекет бас­шысының тікелей тапсыр­масы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашы­лығына қарсы шабуыл жасап жатыр», – деген ол осыған қатысты бірне­ше мысал келтірді. Мәселен, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түр­кістан, Атырау облыстарында балық өнім­дерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негіз­сіз қылмыстық істер қозғалған. Ал ол зауыт­­­тың барлығы өнімді экспортқа шы­ғарып отырған кәсіпорындар. Яғни, бух­гал­­­­териясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отыр.

«Осынау еліміздің жалпы ішкі өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отыр­­­ған кәсіпорындарға Қаржылық монито­­ринг агенттігі салық төлеуден жалтырды де­ген екіұдай айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыт­тар жұмысын тоқтатқан. Агенттіктің бұл әрекетінің кесірінен олар мүлдем жабылуы да ықтимал. Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі мен еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысы төленбей, ал зауыттардың өздеріне шетелден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялар салыну қаупі төніп тұр. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен не­гізсіз тексерулерден балықшыларды ара­шалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал!», – дейді депутат.

Осы ретте «AMANAT» фракциясы Бас прокуратурадан Қаржы мониторингі агенттігінің балық зауыттарын тексерудегі заңдылығын анықтауды және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуді сұрай­­­ды. Ал ҚМА ашқан қылмыстық істерге тез арада қажетті құқықтық баға беріліп, заң аясында тоқтатылуға тиіс. Құқық қорғау органдары экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруден тыйылуы керек. Бас прокура­тураның Пре­зи­­­­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарына берген отандық биз­неске күш көрсетуді тоқтату жөніндегі тап­сырмасын толық орындалуын қамта­масыз етуі маңызды. Қазақстанның экспор­тын қалып­тас­ты­ратын экономика саласын тұ­қыртпай, керісінше дамыту қажет.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ