Қазақстандағы газдың көтерме бағасы - бүкіл әлемдегі ең төмен бағалардың бірі.
Энергетика министрлігі 1 шілдеден бастап газдың бағасын көтермек
415
оқылды

Энергетика министрлігі 1 шілдеден бастап ішкі нарықта тұтынылатын газдың көтерме саудадағы бағасын арттырады, деп жазады Aikyn.kz.

Қазіргі бағаға орташа есеппен 3 теңге қосылады. Ведомство ақпаратына қарағанда, қазір газдың текше метрі орта есеппен 20,64 теңге болса, өзгерістерден кейін 23,64 теңге болады.

“Ұсынылып отырған тауарлық газ бағасының өсуі тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейді. Орта есеппен, жеке үйлердің ай сайынғы төлемі 1 080 теңгеге, ал пәтерлердікі 130 теңгеге артады”, деп түсіндіреді министрлік.

Министрлік бағаны көтеруге бірнеше фактор ықпал еткенін айтады. Айтуларынша, Қазақстанда газ бағасы төмен болғандықтан, инвесторлар кеніштерді игеруге мүдделі емес.  Ведомство “бұл жағдай газ тапшылығы қауіпін төндіреді, жетіспеушілікті толтыру үшін шетелден газды қымбатқа сатып алуға тура келеді” дегенді айтады.

“Кейбір облыстарда сатылымдағы газ бағасы отынның өзіндік құнынан 150-200% төмен. Мұндай жағдай әсіресе Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарында байқалады. Мұның салдары өндіріс әлеуетінің жыл сайын төмендеуіне әкелді. Төмен баға газ саласының инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушылар газ саласының шығыны көп деп, газ кен орындарын игеруге мүдделі емес. Осыған байланысты тауарлық газ өндіру ісі төмендеу үрдісінде”, деп мәлімдеді энергетика министрлігі.

Министрлік бағаны осылай көтеру үшін “Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы” деп аталатын бұйрыққа өзгерістер енгізбек.