Жуырда отандық мультфильм түрік тілінде, түрік жерінде көрсетілді.
Кинодағы қазақ-түрік бірлігі
795
оқылды

Түркі әлемінің құндылықтары мен мәдени байлықтарын жалғастыру симпозиумы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Памуккале университеті және Түркі тарихы мен мәдениеті қорының қол­­дауымен Түркияның Денизли қаласында қазақтың «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмі түрік тілінде көрерменге жол тартты. 

Кеште ортақ тарих пен дәстүрді дәріптеу үшін бірлесіп мультфильм түсіру қажеттігі де айтылыпты. Памуккале университетінің проректоры Дурмуш Акалын: «Бүгінгі жаһандану кезеңінде дәстүріміз бен құндылықтарымызды сақтап, ұлықтау маңызды. Әрбіріміз оны отбасынан, білім беру ордаларынан бастауымыз қажет. Жас­тарға терең білім беріп, маңыздылығын барынша жан-жақты түсіндіргеніміз жөн», – деп ағынан ақтарыла сөйледі. 

Сонымен қатар жуырда қазақ фильмі де түркі көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің, Ыстанбұл мен Анталия қалаларындағы бас консулдықтарының ұйым­дастыруымен және Qazaqfilm АҚ-ның қолдауымен Түркияда қазақ киносының апталығы өткен еді. Жошы Ұлысының 800 жылдығына және қазақ киносының біртуар азаматы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орайластырылған іс-шарада Түркияның Анталия, Алания, Денизли, Мерсин, Ыстанбұл, Сакария, Измир және Анкара секілді ірі қалаларында қазақ хандығы туралы «Алмас қылыш» тарихи фильмі көрсетілді. Алтын Орда ретінде әлемге әйгілі Жошы Ұлысының геосаяси мұрасы бірқатар еуразиялық мемлекеттің, соның ішінде Қазақ хандығының пайда болуына негіз болғанын көрсететін отандық фильм отандастарымыздың мақтанышы мен түрік көрермендерінің қазақ халқының тарихына деген үлкен қызығу­шылығын тудырып, қонақтардың оң ба­ғасын алды. Екі бауырлас елдің тарихы мен мә­дениетінің ұқсастығын ерекше атап өт­кен көрермендер мұндай іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.

Өткен айда Анкарада халықаралық Shymkent кинофестивалі өткен болатын. Түркия астанасының бәйтерегі – Атакүледе өткен шараға түбі бір түркі жұртының жас кинематографтары қатысты. Онда Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қыр­ғызстан елінің туындылары көрсетілді. Халықаралық шарада бірінші орын түркия­лық режиссер Сердар Алтунның «Бөбек» фильміне, екінші орын жерлесіміз Мейрамбек Сағыновтың «Айбат» туындысына бұйырды. Үшінші орынды «Ромео» фильмімен қырғызстандық жас режиссер Тыныстан Теміржан иемденді. 

 Сондай-ақ жақында Измирде өткен «Тұран» халықаралық кинофестивалінде Қазақ­стан екі бірдей марапатқа ие болды. Түркияның Мәдениет және туризм минис­трлігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен фестивальға 77 елден 1 055 өтініш келіп түскен екен. Бір ғана Қазақстанның өзінен 21 фильм бірнеше номинация бойынша бақ сынады. Түбі бір түркі жұртының кинематографиясын халықаралық деңгейге шығару арқылы мәдениетін паш етуді мақсат еткен халықаралық жарыста «Кинематографияға қосқан үлесі үшін» сыйлығы «Қазақ­­­фильмге» табыс етілсе, Диль­шат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туын­дысы бірінші орынға лайық деп танылды. Бұл да болса қазақ кино өнерінің түркі жұртында аса жоғары деңгейде бағалануы деп түсінеміз. 

Иә, қазақ-түрік мәдениетінің байланысы барлық салада көрініс табуда. Бұл үрдіс кино саласында айрықша білініп отыр. Тіпті, екі елдің актерлері бір кинода өнер көрсетіп жатқаны да қуантады. Мәселен, қазақстандық белгілі актер Берік Айтжанов «Османның құрылуы» атты тарихи түрік телесериалында моңғол қолбасшысы Найман рөлінде ойнағанын отандық БАҚ құралдары жарыса жазды. «Османның құ­ры­луы» сериалындағы басты рөлді (Ос­ман бей) түріктің танымал актері Бурак Өзживит сомдаса, телехикаясының 115-бө­­­­лі­мінде оған қалың әскерімен моң­ғол қолбасшысы  Найман келеді. Оның рөлін бел­гілі қазақ актері Берік Айтжанов сом­дайды. Отандасымыздың актерлік рөлін түркі көрермендері де аса жоғары бағалаған. Тіпті, аз күн­нің ішінде түрік ті­лін тез меңгеріп, еш қиын­дықсыз сценарий сөзін сөйлегеніне таңғалысты. Осылайша, түбі түркі халықтарының бірлігі өнерде де, мә­дениетте де жарасып келеді. 

Анарыс АҚЫЛМАН