Семейде креативті ин­дустрия паркі ашылды. Атал­ған алаң өңірдегі шығарма­шылық саланың дамуына тың серпін бермек. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев креативті индус­трия­ны дамыту паркіне барып, шы­ғармашылық өнер адам­дарымен жүздесті.
Семей креативті жастардың орталығына айналады
821
оқылды

Семей қаласының «Қарағайлы» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан тегін берілген орынның жалпы аумағы – 570 шаршы метр. Бұл алаңда облыс тұр­ғындары мен шығарма­шылыққа жақын жастар өз жоба­ларын іске асыруына мұмкіндік бар.  Облыстық креативті индус­трия паркінің директоры Асхат Бейсембаев парктің әлі де тех­никалық тұрғыда толықтырылып жатқанын айтты. «Осы жылдың 6 мамыры күні жергілікті дизай­нерлердің Show room дизайнерлік – сән студиясының техни­ка­лық ашылуы өтті. 13 мамырдан бастап паркте сән салоны жұмы­сын бас­тады. Оны жүзеге асырып жатқан белгілі дизайнер, Brilliant шығар­машылық мектебінің не­гізін қалаушы Мәдина Еділ­бекова.  Бұл жоба әртүрлі стильде жұ­мыс істей­тін облысымыздың дизай­нер­лерінің басын қосатын бола­ды», – дейді ол. 

Бүгінде креативті индустрия пар­кінде жүзеге асып жатқан жобаның бірі – Talqylike жобасы. Жоба қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртып, ұлттың бай мұрасын болашақ ұрпаққа ұсынады. Мұн­да оқырман клубы, жазушылар клу­бы, қисса-дастандар клубы жұмыс істей­ді. Семей жастары Talqylike-тың алғашқы басқосуында Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабына талдау жасап, ұлт тарихына өлшеу­сіз үлес қосқан қайраткер Өзбекәлі Жәнібектің тұлғалық болмысымен танысыпты. 

«11 мамыр күні жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» рома­нына талдау жасалды. Осы­лайша, шығарма­шылық салаға қызығу­шылығы бар кез келген азаматқа мүм­кіндік туып отыр. Жас­тар өзі­нің креативті жоба­ларын осы жерде жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек, толыққанды дыбыс жазу студиясын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Түрлі медиконтент әзір­лейтін подкаст, стэндап жасайтын алаңдарымыз бар. Таяуда «Ойсалар talks» деп аталатын подкасттың түсірілімін өткіздік. Спикерлер мен креативті индустрия өкілдері осы ба­ғытты дамыту бойынша өз тәжірибелерін айтып, идеялары­мен бөлісті», – дейді Асхат Бей­сембаев.

Одан бөлек, креативті индус­трия паркінің басшылығы Семей­дегі Әлихан Бөкейхан универ­ситетімен бірлесіп, оқу орны ба­за­сында технологиялық кластер құруды көздеп отыр. «Бүгінге дейін бір­қатар жоба жүзеге асып та үлгерді. Кре­тивті, талантты жас­тарымыздың өзін өзі дамытуына, шығармашылық жұмыс­тарымен айналысуына, жоба әзірлеуіне мүмкіндік беретін ауқымды алаң жасай­мыз деген жоспарымыз бар. Бұл біздің парктің негізгі мақсаты», – деп атап өтті креативті индустрия паркінің дирек­торы.

Айта кетейік, Мемлекет басы­шысы­ның тапсырмасынан кейін елімізде креативті жобаларды жүзеге асыру бо­йынша арнайы жоба әзірленген болатын. Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған креа­тивті индустрияны дамыту тұ­жы­рымдамасын бекітті. Депу­таттық кор­пуспен бірлесіп креа­тивті индустрияны қолдау мәселе­лері бойынша бірқатар заңға өзгеріс пен түзету жобасы енгізіліп, са­лықтық жеңілдікте қарас­тырыл­ды. Мәселен, креативті индустрия саласын­дағы бизнес бұдан былай КТС, жеке та­быс салығы, ҚҚС төлеуден босатылып, бірыңғай са­лықты ғана төлемек. 

Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден ас­пауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Са­рап­шылар салықты жеңілдету кино және телебағдарламаларды өн­діруге, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығарма­шы­лы­ғына және кәде­сыйлар өн­дірі­сіне әсер етеді деп болжап отыр.

Абай облысында отандық ди­зайн өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жат­қан Мәдина Еділ­бекова креативті ин­дустрияның келешегі алда деген се­німде. «Осы­дан 8 жыл бұрын сіңілім екеуміз өз күшімізбен дизайнерлерге арнал­ған шағын мектеп ашқан бола­тынбыз. Ол кезде ақшамыз аз, әлі есімде 40 мың теңге көлемінде қар­жымыз болғанына қарамастан істі бастап кеттік. Дегенмен «тәуе­кел түбі – желқайық» дегендей еңбек етсең ұзамай жемісін де кө­реді екенсің», – дейді бүгінде Brilliant  шығармашылық мектебі­нің негізін қалап отырған кә­сіп­кер. 

Биыл халықаралық әйелдер күні­ мерекесі қарсаңында Мәдина Еділбекова «Ару-Ана» үздік әйел­дер жобасы байқауында «Креативті индустрия саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша жеңім­паз деп танылды. Ендігі мақ­­сат облыстағы жас дизайнер­лер­ді рес­публика деңгейінде таны­тып қана қоймай, отандық сән үлгілерін шетел­дерге де шы­ғарып, бренд қалыптастыру қажет. «Қазір коллециялық өнімдерімізді әзір­леп жатырмыз, маусым айы­ның соңына қарай үлкен көр­се­тілім ұйым­дастырып, дизайнер­лердің конкурсын өткіземіз. Же­ңімпаз­дарға жүлделі сыйлықтар беріледі. Түрлі номианация бойынша жүлде тағайындалады. Одан бөлек, жа­қын­да қалалық деңгейде ковор­кинг орталығын ашпақпыз. Биз­нес инкубатор жобасын жетілдіру үшін осындай жан-жақты қамадар жасап жат­ырмыз. Менің ойымша, жас­тарымыз бизнеспен айна­лы­сып, қаржылық жа­ғынан тәуелсіз бол­са, мүмкіндіктері ашыл­са біздің қаламыз да дамиды, көр­кейеді. Жастардың экономикалық тұр­ғыда белсенділігін тиімді пай­далана білуіміз керек», – деп ой бөлісті М.Еділ­бекова.

Шығармашылық саласындағы жас­тардың пікірін тыңдап, креа­тивті индус­трия паркін аралап көрген аймақ бас­шысы жергілікті атқарушы билік тара­пы­нан бар­лық қолдаудың болатындығын жеткізді. «Бұл жер облысымыздағы озық ойлы, жаңашыл, креативті азаматтардың басқосатын, ой-пікір алмасып, идея­ларын жүзеге асыратын орынға айналуы керек. Біз барлық бастамаға қолдау біл­діреміз», – деді облыс әкімі Н.Ұран­хаев.

Креативті индустрия паркі өң­ір­дің шы­­ғармашылық адамдарын ортақ мақ­сатқа жұмылдырып, креативті экономи­каны дамыту және өңірдегі инновация­ларды ынталандыруға, біріктіруге ар­налған платформаға айналады деп кү­тіліп отыр. 

Ұлағат БЕКБОЛАТ