Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
Сахнаға ішімдік ішіп шығып, былапыт сөйлейтін әртістерге 2,2 миллион теңге айыппұл салынады
Фото: imghub.ru
1,897
оқылды

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі әртістерді сахнадағы бейәдеп қылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Министрлік әртістердің жағымсыз мінез-құлқына, сондай-ақ ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібін бұзғаны үшін ұйымдастырушыларға қатысты заңнамалық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.

Дәлірек айтқанда, сахнада өнер көрсету кезінде былапыт сөздер айтқан, ішімдік ішкен немесе сахнаға мас не есірткі шеккен күйде шыққан әртістер әкімшілік жазаға тартылады.  Жеке тұлғаларға – 150 АЕК немесе 2024 жылы – 553 800 теңге, заңды тұлғаларға – 300 АЕК немесе 1 107 600 теңге айыппұл салу ұсынылып отыр.

Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін дәл осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғалар үшін 200 АЕК не 738 400 теңге, заңды тұлғаларға – 600 АЕК не 2 215 200 теңге айыппұл қарастырылған.

Мәдениет министрлігі негіздемеде әкімшілік жауапкершілік «сахнада әртістердің орынсыз мінез-құлқына жол берілген резонанстық жағдайларды болдырмау мақсатында» енгізілгелі отырғанын жазған.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда танымал әнші Қайрат Нұртас концерт кезінде бейәдеп сөз айтқаны үшін әкімшілік жазаға тартылды. Әртіс 73 мың теңге айыппұл арқалады.

Өзін «Ұлы дала баласы» деп атап жүрген Төреғали Төреәлінің де басы дауға жиі қалады. Былтыр әнші есірткі шеккен күйде көлік айдағаны үшін ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.

Ал 2017 жылдың соңында Төреғали Төреәлі Павлодардағы концертінде дөрекі сөйлеп, халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болған еді. Ол концертке келген көрерменнің біріне "Ұнамай ма? Шығып кетіңіз!" деп айғайлаған. Өнер жұлдызы оғаш қылығы үшін желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.