Ұлан ауданы тұрғындарының сыртынан әлдекімдер несиелер рәсімдеген.
«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облысының алаяққа алданған тұрғындарына  көмектесті
1,069
оқылды

Ұлан ауданы тұрғындарының сыртынан әлдекімдер несиелер рәсімдеген. Түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырған Тарғын елді мекенінің 12 тұрғыны еш жерден жәрдем болмаған соң «AMANAT» партиясының Ұлан аудандық филиалынан көмек сұраған.

2016 жылы алаяқтар ауылдықтардың «жеке деректерін цифрлық базаға енгіземіз» деген сылтаумен құжаттарын алған. Алайда күдіктілердің көздегені басқа еді. Зардап шеккендердің айтуынша, олар ешбір құжатқа қол қоймаған және ешқандай ақша алмаған.

«Алаяқтар әрқайсымыздың атымызға 3 миллионнан астам теңгеге қаржылай несие рәсімдеген. Біз бұл туралы 2018 жылдары есеп шоттарымыз бұғатталған кезде білдік. Бірден құзырлы мекемеге жүгіндік, бірақ ешбірі көмектеспеді. Барар жер, басар тауымыз қалмағандықтан «AMANAT» партиясының Ұлан аудандық филиалынан көмек сұрадық. Арада көп өтпей мәселемізді толықтай шешіп берді», – дейді ауыл тұрғыны Табыс Абдулхақов.

12 азаматтың атына жалпы жиыны 36 миллион теңге сомасындағы несие рәсімделген. Салдарынан зардап шегушілердің шоттары бұғатталып, тіпті банк карталарынан еңбекақыларын да ала алмаған. Партиялықтар бұл істі мұқият зерттеп, ауылдықтарды тақырға отырғызған алаяқтар тобымен байланысқа шықты.

«Біз оларға қарапайым адамдарды алдау арқылы байып, табыс таппайтындарын түсіндірдік. Олардан осы қарыздардың барлығын жабуды сұрадық. Қиын жағдайға тап болған 12 тұрғынның барлық мүлкінен бүгінде бұғат алынып тасталды. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бар. Соның аясында тұрғындардың қаржылық сауатын арттырудамыз. Олар арнайы курстардан өтеді», – деді «AMANAT» партиясының Ұлан аудандық филиалының төрағасы Марғұлан Әменов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.