Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Экономикалық құқықбұзушылық туралы заң жобасы қаралады
431
оқылды

Депутаттар бірінші оқы­лымда эконо­мика­лық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заң­сыз жолмен алынған кі­ріс­терді заң­дас­тыруға (жылы­статуға) және терро­ризмді қаржыландыруға қарсы іс-қи­мыл мәселелері туралы заң жобасын қарайды. Заң жобаларын Парламент де­пу­таттары Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақ­стан­ның экономикалық бағ­дары» атты Қазақстан хал­қы­на жолдауын орын­дау үшін әзірледі. Он­да эко­номикалық құқық­бұзу­шылықтарды одан әрі де­к­риминализациялау және кәсіпкерлерді са­лық қылмыстары бойын­ша қылмыстық жауап­кершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ тетігін енгізу тапсырылды.

Екінші оқылымда депутаттар өздері бастамашы болған электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мақсатымен әзірлеген экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері жө­ніндегі заң жобасын қарайды.

Сондай-ақ жалпы оты­рыстың күн тәртібі жо­басына спорттық бағыт­тағы жылқылардың қазақ тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі депутаттар әзір­­леген заң жоба ен­гі­­зіл­ді. Бұл құжат асылтұ­­­қымды жылқылардың са­пасын жақсарту және қостанайлық жылқы тұқы­мының басын ұлғайту үшін селекциялық және асыл тұқымдандыру жұ­мыс­тарын жүргізуге ба­ғыт­­талған. 

Депутаттар алдағы отырыста Түр­кі мемлекеттері ұйымына мүше мемле­кет­тердің үкіметтері арасын­дағы оңай­латылған кеден дәлізін құру туралы ке­лі­сім­ді ратификациялау туралы заң жобасын тал­қылайды. Келісім ая­сын­да ақпарат алмасу тараптардың сауда операторларымен оңай­латылған кедендік дәлізді пайдалана отырып және ерікті негізде тасымалданатын жүктер бойынша жү­зеге асырылады.