Кеше Астанада «Шеврон» компаниясының қолдауымен EcoForming экология және білім қоры ұйымдастырған география пәнінен ұлт­­тық олимпиада қорытындыланды.
Ұлттық олимпиада қорытындыланды
504
оқылды

Оған елі­міздің 18 өңірінен 46 оқушы қатысты. Ұлттық олим­пиада «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анық­­тау және қолдау орталығының әдістемелік сүйемелдеуімен өтті. 

Ұлттық олимпиаданы қорытындылау рәсімінде сөз алған National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақыпов олимпиаданың маңызына тоқталды.

«География – ғылымдардың атасы. Олимпиадаға қатысушылар осы ғылымды жүйелі меңгеріп, терең тү­сінді деп ойлаймын. Өйткені географияның бі­рін­ші миссиясы – жер планетасын аман алып қалу болса, екінші миссиясы – басқа планеталарды қат­парына дейін зерттеу. Ол да география ғылымының шеңберіне кіреді. Ұлттық олимпиада деген – бір-біріңізбен жарысу емес, өз мақсаттарыңызға бір қадам жақындау», – деді Е. Жақыпов.

Қатысушыларға берілген тапсырмалар ішіне National Geographic Qazaqstan журналында кездесетін материалдар да енгізілген. Сұрақтар оқушылардың жа­сына қарай құрастырылыпты. Бұл туралы олимпиадаға методикалық көмек көрсеткен Абай Дүйсен айтты. 

«Олимпиада жүйесінде жүргеніме 15 жылдан астам уақыт болды. Биыл National Geographic Qazaqs­tan журналының ұйымдастыруымен өткен ұлттық олимпиада сұрақтарын құрастыруға, методикалық көмек көрсетуге шақырылдым. Халықаралық санатқа сай үш кезеңнен тұратын тапсырмалар құрастырдық. Олар: мультимедиалық, далалық және жазбаша. Олимпиаданың ерекшелігі далалық тапсырмаларды орындау кезінде байқалады. Ол масштаб, азимут, басқа да деректерге байланысты географиялық құралдарды пайдаланып, зерттеу жұмысын жүргізуге негізделген. Сұрақтар 7-8 сынып оқушыларына лайықтап, тілге жеңіл тапсырмалар бойынша құрастырылды», – деді олимпиада сұрақтарын құрастырушы. 

Жүлделі орын иеленген оқушыларға марапаттар мен арнайы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ қаты­сушыларға олимпиададан тыс қосымша білім беру мақсатында арнайы спикерлер лекция оқыды.

– Жарысқа Көкшетау «Білім-инновация» ли­цейінен келдім. Олимпиада қызық өтті, ұйым­дас­­тырылуы да керемет. Соңғы үш күн ішінде қоры­тынды кезең бойынша түрлі географиялық тың де­рек­термен таныстық. Мамандар келіп қосымша са­бақтар өткізді. Ұлттық олимпиадаға 1 жылға жуық уақыт дайындалдым. Интернет ресурстардан, жоғары сыныптың оқулықтарынан жаңа мәліметтермен танысып, соның нәтижесінде бүгін бас жүлдені жұлып алып, алтын медальға ие болып отырмын, – дейді жүлдегер Руслан Төлегенов.

География пәнінен өткізілген ұлттық олимпиада­ның басты мақсаты – оқушылардың географияға деген қызығушылығын арттыру және географияның мектеп пәні ретіндегі мәртебесін көтеру. Айта кете­йік, «Шеврон» компаниясы осымен екінші жыл қа­тарынан мектеп оқушылары арасындағы география олимпиадасының серіктесі болып отыр. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ