Сыр өңірінің медицинасы жыл санап серпінді дамып келеді. Соның ішін­де облыс орталығынан шалғай ор­наласқан Арал ауданында ден­сау­лық саласын оңтайландыру бағы­тында атқарылған жұмыстар көңіл қуантады.
Ауыл медицинасының әлеуеті артты
928
оқылды

Қызылорда қаласынан 450 шақырым қашықтықта қоныстанған өңір халқын сапалы дәрігерлік қызметпен қамтамасыз ету жоғары маңызға ие. Себебі жол ара­сы­ның алшақтығы сырқат жандардың облыс ор­талығына қатынап ем алуына қиындық ту­ғызары сөзсіз. Сондықтан жергілікті жер­­де барлық медициналық көмек түр­ле­рін қолжетімді ету – тұрғылықты халықтың бас­ты талабы. Әсіресе, елді мекендердің тұр­ғындарына медициналық бекет пен амбулаториялар салу ісі назардан тыс емес. Бұл тұрғыда өткен жылы атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Атап айтқанда, 2023 жы­лы аудан орталығынан алыс қо­ныс­танған Бөген және Қызылжар ауылдарына дәрі­герлік амбулатория салынса, Көктем елді мекеніне облыстық қазынадан жаңа типтік жобадағы медициналық бекет бой түзеді. Ал биылғы жыл еншісінде Тоқабай ауылынан жаңадан дәрігерлік амбулатория салу міндеті тұр. Емдеу мекемесі жыл соңын­да ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуле. 

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлт­тық жобасы аясындағы аудандық ауру­ха­на жанынан кардиология және ин­сульт­тік бөлімшесін ашу 2024-2025 жылдарға жос­­парланған болатын. Алайда меди­ци­на­лық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында аурухананың әкімшілік бөлімі, қаламыздағы «А.Байтұрсынов» ауылдық ем­ханасының бір бөлігіне көшті. Ал ауру­хананың әкімшілік бөлімі орнына кар­диология және нейроинсульттік бөлім­ше­лері жаңадан ашылды. Бүгінде осы екі бө­лімде бір айда тоқсаннан аса науқастың ем алуына мүмкіндік артты», – деп түсін­дір­ді бізге Арал ауданының бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев.

Бас дәрігердің айтуынша, аудан орта­лы­ғы­нан келешекте кардиология және ней­роинсульттік бөлімшелерін жаңадан салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сарап­тамаға жіберілген. Құрылыстың болжамды құны 1,1 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жо­баның нақты құны сараптама қоры­тын­дысынан соң айқындалып, республикалық бюд­жеттен қаржыландырылады деп күті­луде. 

Өңір медицинасын соңғы, заманауи құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс емес. Бұл тұрғыда ал­дағы уақытта аудан халқының мұқ­таж­дығын туғызып тұрған Антиограф және Маг­нитті резонансты томография құрыл­ғысын енгізу де жоспарланып отыр. Осы құ­рал-жабдықтар алынған жағдайда жү­ректің аз инвазивті коронаграфиясы се­кіл­ді манипуляциялар жергілікті аурухана көлемінде жасалады деген жоспар бар. 

Жалпы, аудан халқы ескі нысан апатты деп танылуына орай 2018 жылдан бері за­ма­науи үлгіде салынған жаңа аурухана ғи­маратының игілігін көріп келеді. Алайда сол кезде аудан орталығындағы апатты жағ­дайда тұрған Жұқпалы аурулар бөлім­ше­сі ғимараты құрылыс жобасына енгізіл­мей қалған.

Бүгінде 1989 жылы салынған ескі бө­лім­ше ғимаратының сапасы сын көтермесе де, оған емделушілер қатары жыл санап ар­­тып келеді. Соған орай, Арал қала­сын­да­ғы «Арал ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК-на қарасты Жұқпалы аурулар ауруханасын қайта салуға ұсыным бері­ліп­ті. Қазіргі уақытта орталық аурухана жа­ны­нан 1 гектар жер телімі беріліп, жоба-сме­та­лық құ­жаттамасы мемлекеттік са­рап­тамаға жол­данған. Бас дәрігер мамыр айының соңына дейін шешімі күтіліп отырғанын алға тартты. 

«Ауданда тұрғыдардың талабынан туын­даған мәселелер бар. Соның ішінде кә­сіпорынға қарасты «Абай» ауылдық ем­ханасының сапасына қатысты күрмеу ше­шімін күтіп тұр. Бұл емхана 1960 жылы ж­а­тақхана есебінде салынған. Бүгінде емдеу орны 19 мыңның үстінде емделу­ші­лерге алғашқы медициналық көмек көр­сетеді. Тіркелген халықтың 80 пайызы те­­­­міржолдың арғы бетінде тұрады. Соған орай, халықтың теміржолдан өту қауіп­сіз­дігі қаперге алынып, «Шанхай» мөлтек ау­данынан жаңа, заманауи емхана ғима­ра­тын салуға ұсыныс берілді. Құрылыс ны­са­нына арнайы жер телімі де бөлінді. Сол сияқты А.Байтұрсынов атындағы ауылдық емхана жанынан «Қамқорлық» қоры арқылы Арал және Қазалы аудандарында дис­пансерлік есепте тұратын 2-17 жас ара­лығындағы балалар мен жасөспірімдерді сырқатынан ерте оңалту мақсатында оңал­ту орталығын ашу жоспарланып отыр», – деп ақжолтай жаңалығымен бөлісті Бауыр­жан Мұратбекұлы.

Қазір Арал ауданының медицина сала­сы тың жаңалыққа толы. Ауданның ақха­лат­тылары бірегей жобалар мен күрделі ота­ларды жасауда жоғары нәтижеге қол жет­кізіп келеді. Атап айтқанда, аудандық ауру­хананың эндоскопия бөлмесіне «Олим­пус эвис Х1» эндовидео құрылғысы алы­нып, алғаш рет видеоколоноскопиялық зерт­теу жүргізіле бастаған. Бұл соңғы үлгі­дегі видеоқұрылғының NBI режимі жәй көзге білінбейтін ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді екен. Бүгінде асқа­зан-ішек жолдарынан осы видеоэн­дос­копиялық жолмен қан тоқтаруды қолға алған.

Сонымен қатар бас дәрігер, білікті м­а­ман Бауыржан Мұратбекұлының баста­ма­сы­мен түрлі күрделі оталар сәтті жүргізіле бас­таған. Соның ішінде механикалық сар­ғаюмен түскен науқастарға тері, бауыр ар­қылы холангиостомия, шап жарығымен түскен науқастарға лапароскопиялық ТАРР герниопластикасы, отадан кейінгі вент­ральді жарықтарға имплантты торлар­ды қолданып, кернеусіз және комбинир­лен­ген пластикалары, жатырдан тыс жүк­тілік және жатыр қосалқыларының ай­­­­налуы кезіндегі лапароскопиялық тубэк­­томия сынды көптеген оталар МӘМС шеңберінде тегін жасалуда екен. Алдағы уақытта көз көруі төмендеген сырқаттарға офтальмохирургия бейіні бойынша ота жа­сау қолға алынбақшы. Қазір офтальмо­ло­гиялық сырқаттар үшін микрохирур­гиялық отаға қажетті құрал-саймандарға тапсырыс беріліпті. 

Жалпы, білікті дәрігер мамандардың тап­шылығы – аудан медицинасындағы өзекті мәселенің бірі. Соның салдарынан, қазірдің өзінде аудандағы 20 дәрігер зейнет жасына шықса да, жұмыс жасауға мәжбүр. Бұған қоса, 19 дәрігер маман тапшы. Соған орай бас дәрігердің ықпалымен Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақстан медицина университетінің бі­тіру­ші түлектерімен келіссөздер жүр­гізіл­ген. Нәтижесінде, 6 жалпы тәжірибелі ма­­­­ман ауданға келіп, сырқат жандардың сауығуына сеп болмақ. Бұған қоса, анес­те­зиолог-реаниматолог, офтальмотолог, ото­риноларинголог, неонатолог сынды дә­рігер мамандар Резидентура бойынша бітіріп келеді деп күтілуде. 

Бүгінде сырттан келетін әрбір маманды тұрғын үймен қамту мақсатында аудан әкімдігімен бірлескен шаралар қолға алынған. Осындай жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде теңізді өңірдегі дәрігерлер тапшылығын түбегейлі жоюға үміт басым.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы