Биыл ұлтымыздың ардақты ұлдарының бірі, мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының туғанына 130 жыл.
Ұлтын сүйген ардақты ұл
2,295
оқылды

Қазақ елінің ғана емес, туысқан түркі тілдес халықтардың да мемлекеттілігі, мәдени-ағарту мәселесінде өшпестей із қалдырған тарихи тұлғаның мұрасын түгендеп отыру елдік істің белгісі болса керек. Осы орайда Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Досалы Салқынбекті әңгіме тартқан едік. 

– Досалы Исаханұлы, қайраткер аза­мат Сұлтанбек Қожанұлының еңбек жолы оқытушылықтан басталған екен. Ол кісі­нің ел мүддесі жолындағы саяси қызметі қай кезеңнен басталды?

– Сұлтанбектің алғаш рет ауылдан жыраққа білім қуып, сапарға шыққаны жөнінде Созақтық көнекөз қариялардан қалған мынадай бір әңгіме бар. Әкесі Сұлтанбекті атының артына мінгестіріп Түркістанға кетіп бара жатқанда, ауыл­дасы: «Әй, Қожан, қайда барасың?» деп сұраған екен. Сонда Қожан: «Мына ба­лам оқимын деп қоймайды, соны оқу­ға алып кетіп барам», – дегенде ауыл­дасы: «Ой, баланы оқытып не қыласың, одан да байдың қозысын, лағын бағып, мал тапсын. Оқығанда «жарты патша» бола­ды дейсің бе?» – депті. Кейіннен Сұлтан­бек Қожанұлы үлкен мемлекет қайрат­кері болғанда әлгі ауылдасы, сол сөзі үшін қатты ұялған екен дейді. Сұл­танбек Қожанұлы 1913-1917 жыл­дары аралы­ғында Түркістан қала­сын­дағы мұғалімдер семинариясында білім алды. Оны бітір­геннен кейін, мұғалім болып жұмыс іс­те­ді. Сол кезең­дегі ел ішінде болып жат­­қан аласапыран өзге­рістерге бай­ла­нысты қоғамдық-саяси істердің бел ор­тасынан бірақ шықты. Дегенмен де, қоғамдық-саяси істермен қатар жауапты қыз­меттерді атқара жүріп ұрпақ тәрбиесі мен жастарға ана тілінде сапалы білім беру ісін қаперден шығармады. Ұдайы баспасөз бетінде білім саласына қатысты мақалалар жазды. Арнайы оқулықтар жазып шығарды. Сұлтанбек Қожан­ұлының «Балалар білімді де, тәрбиені де өз ана тілінде алуы керек. Жат тіл-тәрбие ісінде қиын, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Ұлт мектептері жоқта оқыған­дардың көбі тілмаштар, арамқорлар болып шықты» – деуінің астарында қаншама шындық жатыр десеңізші.

 Сұлтанбек Қожанұлы Түркістан өлкесіндегі Сырдария облыстық орталық атқару комитетінің төрағасы және 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары, Түркістан Республикасының оқу-ағарту халық комиссары, Түркістан Республикасының жер-су халық комис­сары, Түркістан Республикасының Орта­лық атқару комитеті төрағасының орынбасары және «Ақ жол» газетінің редакторы сынды жауапты кеңестік, пар­тия­лық, қоғамдық қызметтерді атқа­рып шыңдалды. Сұлтанбек Қожанұлы­ның саяси қайраткерлік тұлғасының жарқырап көрінген кезі осы тұс. 

– Сұлтанбек Қожанұлының Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы қалай болды, сол жайында айтсаңыз...

– Сөз жоқ, 30-жылдардың басында Алаш қайраткерлерінің басына қиын-қыстау заман туғанда оларға қол ұшын беріп, көмектескен азаматтың бірі де Сұлтанбек Қожанұлы. Бұл оның Алаш орда құрамында болмаса да, ұлттық мүдде жолындағы күресте алаш­тық­тармен идеялас, мүдделес болғанын көр­­­сетеді. Осы ортақ мүдде оларды жа­қындастырды. Қазақ кеңестік авто­но­миясынан пана таппай қуғын­далған Алаш қайраткерлер: А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Х.Дос­­мұхамедов, Ж.Аймауытов, Х.Болғанбаев, М.Есполов сынды марқасқа қайрат­керлерді әртүрлі қызметке алды. Халқы­мыздың ақиық ақыны Мағжан Жұма­баевтың өлеңдер жинағына алғысөз жа­зып, жарыққа шығуына көмегін ти­гізді. Алашордашыларды жан-жақтан табалап, қуғындап, оларға тас лақтырып жатқанда: «Қазақтар арасындағы төңкеріс туралы мәселе қозғағанда, Абай Құнан­­байұлы мен Ахмет Байтұрсынұлын айна­лып өтуге болмайды. Олар қазақтар ара­сында төңкерістің дамуына, көп еңбек сіңір­геніне күмән келтіруге болар ма екен? Қазір төңкерісшілердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табыла­ды», – деп оларды ашық түрде қорғап шық­­ты. Кейінгі жылдары Сұлтанбек Қожанұлын «ұлтшыл», «топшыл» деп айып­тап, үстінен арыз жазушылар мен қуғындаушылар үнемі осы Алаш қайрат­керлеріне жасаған қамқорлығын алға тартып, кінәлаған болатын. 

– 1924-1925 жылдары Орталық Азия республикаларының аумағында ұлттық-ше­каралық тұрғыда межелеу жұмыстары жүр­гі­­зілді. Сол кезде бұрын Түркістан Рес­пуб­ликасына қарап келген, қазақ облыс­тарын Қазақ автономиясына қосу жұмысы­ның басында да Сұлтанбек Қожанұлы жүрді ғой 

– Иә, Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы күресінің айқын кө­рінісі, осы ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу барысында көрінді. Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Тәжік, Қарақалпақ халықтарының саяси және экономикалық өміріне тікелей қатысты бұл жауапты ша­раны өткізу оңайшылықпен іске асқан жоқ. Осы бір жауапты кезеңде Түркістан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орталық Азия бюросының мүшесі қызметтерін атқарған Сұлтанбек Қожанұлы бұған дейін Түр­кістан Республикасының құрамында бо­лып келген Сырдария мен Жетісу облыс­тарының аумағындағы біраз жерлерді «қарпып» қалғысы келген, өзге респуб­ли­калар басшыларына батыл тойтарыс берді. Сұлтанбек Қожанұлының алға қойған басты талабы Қазақ Республикасын ұлттық республика ету және Ресейдің құрамындағы автономиялы республика емес, КСРО-ға тікелей кіретін одақтас республика ету болды. Қазақ автономиясының құқықтық мәртебесін кеңейтіп, одақтас республикаға айналдыру Қожанов секілді тұлғалардың басты армандарының бірі болатын. Сон­дықтан осы мәселеге байланысты негізгі дәйектер мен пікірлерді ұсына отырып, қай­раткер тұлға Орталық комитеттің атына «Орталық Азиядағы ұлттық межелеуге байланысты, Қазақстан жөнінде» деген қазақстандық комиссияның атынан хат ұйымдастырады. 1924 жылы қыркүйек айы­ның 25-28 күндері аралығында болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің екінші пленумының күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі Қазақ АКСР-на Түркістанның қазақ аудан­дарының қосылу жағдайы болды. Пленумға Түркістан қазақтарының атынан қатысқан С.Қожанұлы, С.Есқараев, Ж.Барибаев және Түркістан ОАК-ті Қазақ АКСР-ның өкілі Т.Жүргеновтер ұлттық аумақтық межелеуге, астананы ауыстыру мәселесіне, ұлттық республика құру ісіне байланысты өткір пікірлерін айтып, осы мәселелерді іске асыру жұмыстарын жүргізуге табанды талаптар қойды. Әсіресе, Сұлтанбек Қожан­ұлының ұлт мәселесіне байланысты өткір де орынды пікірлері шовинистік өктем оймен уланған Қазақ обкомының мүшелері Равдель, Ежов, Бах сияқтылар тарапынан қарсылыққа ұшырады. Сұлтан­бек ұлттық мәселелерді шешуде халқы­мыздың мүддесін көздеп, «республикамыз ауылшаруашылықты ел, елдің халқы не­­­гізінен мал шаруашылығымен айна­лыса­ды, қазақтар мен орыстардың малы бірдей болғанымен де орыстардың иемденіп отырған жері қазақтарға қарағанда бес есе көп болып отыр» деп ұлттық теңсіздіктің жасалып отырғанына баса назар аударды.

1924 жылы 28 қыркүйекте межелеуге байланысты Сұлтанбек Қожанұлы қортын­ды сөз сөйлеп, мемлекет үшін саяси және ұлттық маңызы бар мәселелерді шешуде, қорғауда кәнігі қайраткер екенін тағы бір қырынан көрсетті. Сұлтанбек Қожанұлы қорытынды сөзінде ұлттық респуб­­лика құру мәселесіне тағы да тоқталып: «Мен ұлттық республика құру мәселесі жөнінде тағы да айтқым келді, бұл мәселе барлық өткірлігімен және кеңдігі­мен қойылуға тиіс. Біз аса қажырлы ғана болған жоқпыз, біз дөрекі де болдық, бірақ Ташкентті ұстап тұра алмадық. Ал енді біз сіздердің алда­рыңызда Орынбордан ауысасыздар ма деген сұрақты қоямыз», – деген болатын. Таш­кент қаласы жөнінде жасалып жатқан әділетсіздікке көнбей «Мен обкомның үшінші рет Ташкентті бізге қосу мәселесін сұрап отырғанын қолдаймын, бірақ мен бізге Ташкентті емес, Шымкентті де бер­мей қояма деп қорқамын. Бізге Әулиеата немесе Қазалыны ұсынбаса және бізге Шымкент үшін күресуге тура келер», – деп қортындылайды. РК(б)П Қазақ обкомы­ның II пленумында межелеуді жүргізу жөніндегі және Қазақ халқының болашағы үшін айтылған мәселелер мен қабылданған қаулылардың барлығы да аса маңызды еді. Бірақ межелеу барысында талас тудырған Ташкент қаласы мен Ташкент уезіндегі біршама жердің тағдыры біздің пайдамызға шешілмегені белгілі. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-рухани өмірінде үлкен маңызды орны бар бұл мәселелерді шешуде РК(б)П Қазақ обкомы жалтақтық, жайбасарлық пен табансыздық танытты. Дегенмен де, 1924 жылдың соңында Орталық Азия республикаларының аумағын межелеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, бүкіл қа­зақ жерлері бір мемлекетке біріктіріліп, Қа­зақ АКСР-ның қалыптасуы аяқталды. Республикамыздың аумағы 700 мың шар­шы километрге жуық ұлғайды, халқы­мыз­дың саны 1 миллион 468 мың адамға кө­бейді. Қазақтар республиканың барлық халқының 61.3% пайызы болып көпшілікке айналды. Осы орайда Сұлтанбек Қожанұлы бастаған халқы­мыздың ұлтжанды қайрат­керлерінің ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу жұмысы барысындағы халқымыз үшін қызметін, жер-ана үшін күресіп ас­тын сызып тұрып, үлкен мақтаныш се­зіммен айтамыз. 

Қайраткер 1924 жылы қараша айында жаңадан құрылған РК(б)П Қазақ обко­мының жауапты хатшысы, 1925 жылы ақ­пан айында Қазақ өлкелік партия коми­тетінің екінші хатшысы болып Қазақстанда 11 айдай ғана қызмет атқарды. Ол өзара тартыстың салдарынан болып отырған аса ауыр саяси келеңсіздіктермен күресті. «Же­гі құрттай» іштен жеген топшылдық пен жершілдік, рушылдық алауыздықтар жө­нінде 1925 жылы мамыр айында өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде былай деп мәлімдеген бола­тын: «Қазір біз Қазақстанның ішкі құ­ры­лы­сының қызу практикалық жұмыстарына көштік, соған сай осыған дейінгі тоқырау жағдайында төзуге болған жағдайларға енді төзуге болмайды. Бізге өзіміздің орта­лығымызды құру, біртұтас қазақ респуб­ликасын құру, бұл республиканың ішкі жабдықталуы, Қазақстан шаруаларына қызмет ету жөнінде кезек күттірмейтін шараларды атқаруымыз керек. Осы алды­мызда тұрған орасан зор міндеттердің ал­дында, топшылдыққа төзу, бір-бірінің ізін аңдумен айналысуға жол беру, бастық­тарға жағыну, жаулық ниеттегі қандай да бір топ­тардың қолында тұрған істерді атқаруға жол беру, біздің тарапымыздан қылмыс болып саналады». 

Бірақ ішкі алауыздық одан сайын өрши түсті. Біздің «салпаң құлақ желауыздар» жанып тұрған отты, одан әрі үрлей түсіп, Сұлтанбек Қожанұлы секілді қайраткер­лердің өзіне «топшыл­дықтың» жетекшісі деген айдар тағып, орталыққа оның үстінен жалған арыздарды жөнелтіп жатты. Жеке бастың қамын күйт­теген қорқаулардың арамза ниетіне орай «жа­­­­рылқаушы» Мәс­кеу Қазақ елінің бас­шы­лығына Ф.Го­лощекин секілді қол­шоқпа­­­рын жіберді. Халқымыз үшін қасі­ретті қаралы кезең осыдан басталған болатын.

– Сұлтанбек Қожанұлының астананы ауыстыру және Қазақ атауын қайтару мәселесіне де атсалысқан деседі...

– 1925 жылы 15-19 сәуір күндері Ақ­мешіт қаласында Қазақстан кеңес­терінің V құрылтайы өтті. Бұл бүкіл Қазақ жерлері біріктірілгеннен кейінгі өткізілген тұңғыш Бүкілқазақтық құрылтай еді. Жалпы, сәуір құрылтайы туралы сөз қозғағанда қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының еңбегін ерекше атап өтеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жо­лындағы бұған дейінгі күресінің бүкіл болмысы ұлттық республика құру, бөл­шектенген Қазақ жерінің біртұтастығын қалпына келтіру, ұлт мектебін құру, Қа­зақстанда мемлекет тілін Қазақ тілі ету жолындағы күресінен көрініс тапса, бүкіл Қазақ жерін біріктіру ісі аяқталғаннан кейінгі жауапты қызметінде Қазақ Рес­публикасының аста­насын Қазақ халқы көбірек шоғырланған қалаға ауыстыру ісінде айқын көрінді. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей Орталық Азия республи­­ка­ларының аумағын меже­леуді жүргізу ба­рысында Сұлтанбек Қо­жан­ұлы Ташкент қаласын Қазақ респуб­ли­касының астанасы ету жолында аянбай күресті. Өз ойларын Сталиннің алдында дәлелдеп, дәйектеді де. Бірақ Орталық Азия республикаларына қатысты терең ойластырылған зымиян әрекеттерді қолға алған Мәскеу, Сұлтанбек Қожанұлы бас­таған қазақ оқығандарының арман-мақса­тына кедергі жасап, Ташкент қаласын Өзбекстанға беріп жіберген еді. Ендігі кезекте, Қазақ халқының әлеумет­тік-саяси, рухани-мәдени және эконо­микалық өмірінің локомотиві болатын астана мәсе­лесін Сталиннің атына жазған хатта­­­рында батыл көтерді және «Ақ жол» газетінің бетінде бірнеше мақала жазды. «Іс жүзінде орындалу керек» деген мақала­сында астана жөніндегі ойын: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, Қазақ ұлт жұртшылығына жуық бо­л­уы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамсыз емес. Қазақ қаласы болмағандықтан, Қа­зақ ұлттық мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жара­майды. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көш­пей, Қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңда­лып, Қазақ еңбекшілерінің көпші­лігінің қалпы қамына керекте шаралар іс жүзінде істелуі қиын», – деп дәйектеген болатын. Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хат­шысы болып істеген кезінде, астана мәсе­лесін ба­тыл түрде күн тәртібіне қойып, оны Қазақ халқы тығыз қоныстанған Ақмешіт қаласына ауыстыруға қол жеткізді. Сұлтан­бек Қожанұлының тұлғалық қасиетін, саяси қызметін сөз еткенде халқымыздың тарихи атауын қайтару жолындағы еңбегін айналып өту мүмкін емес. Отаршылар бұр­маланған халқымыздың төл атауын қайтару ісінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы және та­ғыда басқа Алаш қайраткерлері аз еңбек сіңірген жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы қоғам қайраткері Міржақып Дулат­­ұлы тізе біріктіре отырып шығарған газеттің атауын «Қазақ» деп айқайлатып қоюының астарында терең мән бар еді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, сол кеңес­­тік билік саласында лауазымды қызметкер атқарған С.Сейфуллин, С.Сә­дуа­­­­­­қасов сынды қайраткер тұлғалар да бұл мәселені көтерді. Кеңестік кезеңнің ал­ғашқы жылдарында Алаш қайраткерлері, Кеңестік билік тарапынан қуғындалып, мұндай саяси аса мәні бар мәселені көте­руге мүмкіндігі болмаса, сол кеңестік билік жағында үлкен лауазым атқарып жүрген қайраткерлер тарапынан батылдық жет­педі. Бұлар тарапынан баспасөз бетінде ұсыныс-пікірлер айтылды, мақалалар да жазылды. Бірақ негізгі мәселе сол ұсыныс-пікірлерден әріге аса алмады. Ұлтымыз үшін мұндай саяси-әлеуметтік аса маңызы бар мәселеде, қайтпас қайсарлық, ұлтжан­дылық және алған бетінен қайтпайтын табандылық керек еді. Сұлтанбек Қожан­ұлының бүкіл болмысында мұндай қа­сиеттер бар болатын. Ол Қазақстан кеңес­терінің V құрылтайында сөз алып, батыл түрде халқымыздың дұрыс тарихи атауын қайтаруды, яғни қырғыз атауымен бұрма­ланып келген халқымыздың Қазақ атауын қайтаруды күн тәртібіне қойып, Қазақ ата­уын қайтартқызды. Осы құрылтайда Ақ­мешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау жөніндегі ұсынысты жасаған да Сұл­танбек Қожанұлы болатын. 

– Сұлтанбек Қожанұлының тілімізді ұлттық мәдени мұраларымызды қорғау жо­лын­дағы қызметі жайында не айтар едіңіз?

– Сұлтанбек Қожанұлының батыл түрде күн тәртібіне қойған келесі бір өзекті мәселелердің бірі, ол мемлекеттік тіл мә­селесі еді. Бүкіл қазақ жерінің бірігуі аяқ­талып, қазақтар өз жерінде көпшілікке ай­налып, ұлттық мемлекет құруға қадам басқан кезеңінде «Ақ жол» газетінде «Мемлекет тілі Қазақстанда қазақ тілі бол­мақ. Осы күнге дейін бұған кесір болып келген – Қазақстан халқының көбі орыс болғандығы һәм Үкімет басындағы, кеңсе қызметіндегі қазақ азаматтары орыстыққа жаттығып, орыс болып кеткен адамдар болғандығы. Көбісі қазақша білмейді. Қазақшаны осы күні орыстармен бірге үйреніп жүргендері екінің бірінде көре­сің» – деп қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына тұсау салып жүргендердің бет-пердесін ашқан болатын. Бір ғасыр бұрын айтылған қайраткер тұлғаның пікірінің бүгінгі күнді де алдымызда тұрғанын қара­ңызшы! Және Тәуелсіз Қазақстан жағда­­йында мемлекеттік тілдің өркендеуіндегі тосқауылды жағдайының ертеден бері жазылмай келе жатқан сырқатты жара секілді ауру екенін ашып көрсетеді. Ал жараны емдемесе, оның арты үлкен қатерге ұрындыратыны белгілі жағдай. Сонымен қатар ертеден Түркілер дәуірінен бері ұлттық мейрамымыз, жаңа жылымыз деп тойланып келе жатқан наурыз мерекесін жойып жіберуге тырысқандарға қарсы: «22-інші март – Наурыз мейрамы. Күн­шығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса құртып жіберу керек деп сопышылсынып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ ком­мунист жолдастардан бар екен... Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңе­ліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам», – деумен Нау­рыз мейрамын тәрк еткісі келген «шолақ бел­сенділерден» қорғап қалады. Бірақ Сұл­танбек Қожанұлы және тағы да басқа ұлт­­жанды қайраткер қызметтерінен алы­нып, қуғындалғаннан кейін әлгі «шолақ белсенділер» жарылқаушы Мәскеудің көмегінің арқасында өз дегендеріне жетіп тынды. 1926 жылдан 1988 жылға дейін Наурыз мейрамын атап өте алмай келдік.

– Сұлтанбек Қожанұлы қызметінен алынып, қудалауға түскен кезде Қазақ­стан­дағы саяси жағдай қалай өрбіп жатыр еді?

– Жоғарыда атап өткеніміздей Қазақ­станнан осындай толассыз жазылған хат­тар өкінішке қарай, қараусыз қалдырылған жоқ. 1925 жылы тамыз айында бас хатшы И.Сталин Қазақстан өлкелік партия коми­тетінің басшылығына Ф.Голощекинді жі­берді. Ол өз кезегінде хатта көрсеткен «кем­­­­­ші­­­ліктерді», «қателіктерді» түзетуге білек сабына кірісті. Оның ең бірінші қуда­лаған адамы Сұлтанбек Қожанұлы болды. Сұлтанбек Қожанұлын Мәскеуге шақыр­тып алдыртқаннан кейін, өзге ұлтжанды қайраткерлерді қудалауға көшті. Сұлтанбек Қожанұлының іс-әрекетіндегі батыл қа­дам­­дарды сол кезеңде оның қар­сылас­тары ұлтшылдыққа теңеп, бұрмаласа да, мойын­дауға мәжбір болды. Ал онымен қызметтес болған және қызмет барысында қарсылас та болған кейбір қайраткерлер оның қадірін кеш түсінді. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуа­қасов кеңестік биліктің шовинистік сая­сатына қарсы күрес тәсілін сөз ете отырып: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бей­бастықтық орнап отыр, бел шешіп күресу керек, Қо­жа­­­нов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғыс ханның тәсілі керек... Бұл жө­нінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым», – десе екінші бір мемлекет және қоғам қай­раткері Ораз Жандосов 1925 жылы қазан айында қайраткер Садықбек Сапар­бековке, Сұл­тан­бек Қожанұлының Қазақ­­­­­­станнан Мәскеуге шақыртыл­ғаннан кейінгі Қазақ­­­­­станда болған саяси жағдайға бай­ланысты жазылған хатында Қазақ авто­номиясының ұлттық-мемле­кеттік да­муының болашағы, ұлттық мә­селенің қойылуы, Қазақстандық пар­тия ұйым­дарындағы ішкі партиялық мәсе­лелердің үлкен маңызға ие болып отыр­ғанын сөз ете отырып: «Осы мәселелердің барлы­ғын­­да Сұлтанбектің өзіндік көз­қарасы болды. Бұл мәселелердің барлы­ғына ол так­­тик ретінде келді және оның так­тикасының кейбір жағдай­ларында асыра сілтеушіліктер болды. Бірақ шын мәні­сінде, (бұл менің жеке ойым) оныкі дұ­рыс. Ұлттық межелеу жүргізіліп, Қазақ­­­­стан­­­­­ның ұлттық кеңестік респуб­лика бо­лып қалыптасқан кезеңінде басқаша іс әрекет ету мүмкін емес еді. Сонымен қа­­­­тар ұлтаралық қарым-қа­­­тыныстың шие­ленісуі, Қазақ халқы­ның өзінің артта қалғанын, Сұлтанбектің түгелдей жал­ғыздықта қалған жағдай­ларын ұмыт­пауымыз керек», – дейді. Мұны Сұлтан­бек Қожанұлының ұлт мүд­десі жо­­лын­­­да­­ғы қызметіне, ол Қазақ­станнан ша­қыр­­тып алдырылғаннан кейінгі (дұрысы кетірілгеннен кейінгі) қайрат­кер тұлға­лар тарапынан ізін суытпай берген баға­лары, өзіндік көз­қарастары тұрғысынан деп пайымдасақ та Сұлтан­бек Қожан­ұлы­­ның саяси қызметінен мол хабар береді. Сұлтанбек Қожанұлы 1937 жылы 16 шілдеде Өзбек­стандық НКВД-ның шешімімен қамауға алы­на­ды. Ұзақ уақытқа созылған тергеу ісі­нен кейін 1938 жылы 8 ақпанда КСРО жоғар­ғы соты әскери коллегиясы қолдан ұйым­­­дастырылған жалған айып тағып, ату жазасына кесілген болатын.

– Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүд­десі жолындағы қызметі бүгінгі күні қан­шалықты лайықты бағаланып жатыр?

– «... Мен Сталинмен сөз сайысына түскенде ұлтымның, халқымның ар-намысын қорғаймын деп тайталасқам. Қазақты ешкімге ешбір адам баласына мазақ етпесем дегем...» – деген Сұлтан­бек Қожанұлы халқына қызмет етудің айқын үлгісін көрсетті. Батыл да болды, ештеңеден қаймықпады да. Осындай ер тұлғалы азамат көп болғанда халқымызды ешкімнің де қорлығына да, зорлығына да бермес едік. Өкініштісі сол, сол кезең­де билік басында отырған өз қандас­тарымыздың көпшілігі мансап қуып, соның жетегінде таптық ұранды алға тар­тып, өз халқына қарсы әрекеттерге барғанын қалай жасырамыз. Қайраткер тұлға Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүд­десі жолындағы қызметін халық ара­сында, әсіресе жастар арасында насихат­тау жұмыстарын кең көлемде жүргізу біздің міндетіміз. Жақында Түркістан облысы Арыс қаласына барғанымда сондағы Сұлтанбек Қожанұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепке ар­найы соғып, алаш ардақтысы, Сұлтан­бек Қожанұлының саяси қызметі жайында мектеп оқушыларына дәріс оқып, біраз мағлұматтармен таныстырдым. Яғни, Сұлтанбек Қожанұлының қоғамдық саяси қызметі, ғылыми мұралары жа­йында Республикалық деңгейде тәлім­дік-тағылымдық шараларды осы биылғы жылғы тұлғаның 130 жылдық мерей тойы аясында кешенді жүргізу, атқарған қызметіне тағзым жасау біздің азаматтық парызымыз! Ойымызды халқымыздың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың «Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз», – деген пікірімен қортын­дыласақ. Иә, Сұлтанбек Қожанұлы өмі­рінің соңына дейін ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған қайраткер ретінде, өз ұлтына қалтықсыз қызмет етіп, тұлғалық қасиеттерінен айнымай өтті. Сұлтанбек Қожанұлы сынды арыстарымыздың ең­селі де биік тұғыры әрдайым тәуелсіз елімідің биік төрінен көрінсе дейміз! Міне, сондықтан да қайраткер тұлғаның есімі ардақталып, төл тарихымыздың төрінен қашанда өзінің лайықты бағасын алады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ұлағат БЕКБОЛАТ